Мас отағасы өзінің әйелі мен қызын көлікпен басып кетті

0
Мас отағасы өзінің әйелі мен қызын көлікпен басып кетті


Қарағанды облысында Тоғызқұдық ауылына жақын жерде түнде «Нива» көлігінің жүргізушісі трассада әйел адам мен жеті жасар қызды қағып кетті.

Қарағанды облысы полиция департаменті қызметкерлерінің мәліметінше, жол апаты түн ортасында болды. Тоғызқұдық ауылының 42 жастағы тұрғыны үйіне қайтып келе жатқан. Жол шетінде әйелі мен қызы бара жатыпты. Олардың түн ішінде жолда не істеп жүргенін полицейлер хабарламады.

Ресми емес дерек бойынша, отбасы қонақтан қайтып келе жатады. Әуелде рөлде отағасының бауыры отырыпты. Бір уақытта мас ер адам ашуланып, үшеуін де көліктен қуып шығып, өзі рөлге отырса керек. Әйел мен қыз бірнеше метр алға жүріп кеткенде, көлік жүргізуші абайсызда екеуін қағып кетеді. Қандай жылдамдықпен қаққаны белгісіз. Әйел адам жедел жәрдем келгенше көз жұмса, қыз бала ауыр хәлде ауруханаға түскен.

«Бала комаға түскен, — дейді денсаулық сақтау басқарамасының баспасөз хатшысы Айжан Иса. – Өз бетімен дем алмайды, өкпені жасанды тыныстандыру аппаратына қосылған. Бас миына қатты зақым келіпті. Дәрігерлер әлі нақты ештеңе айтқан жоқ».

Іс тергеліп жатыр, ер адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Дереккөз: Sputnik Kazakhstan