Марат Абдуллаев: Қазақстанда жанары жасқа толған жандар болмауы тиіс

0

Жұмыр басты пенденің бәрі қоғамнан өз орнын тауып, елге азғантай болса да пайдасын тигізуі тиіс. Өмірдің ауыр сынағын арқалап жүрген мүгедек жандардың өзі отбасына, ағайын-туысына салмағын салмай, қабілет-қарымын, ерік-жігерін шыңдауы керек. Сол үшін темір төсекке таңылған тағдыры талайлы жандардың он екі мүшесінің қалпына келіп, еркін қозғалысқа түсуі, айналасындағылармен тең дәрежеде тірлік кешуі үшін күресіп, барынша қолдау көрсетіп келемін.

Осылай деген «Қапшағай Самға» мүгедектер бірлестігінің басшысы Марат Абдуллаев жанарында нұр ойнап, жақсылық жайлы жылы термеледі. Әуелі өзінің ғайыптан тайып арбаға таңылғаны туралы толғанды. Жастық жігер бойда бұлықсыған 25 жасар жігіт көпір құрылысы компаниясындағы қара жұмысты қақыратып істейтін. Бір күні Қызылордаға іссапармен барып, тағдыр тезіне алынған. Сыр еліндегі үлкен көпірді жөндеу барысында құрылыс алаңының шетінен аяғы тайып, су түбіне құлайды. Осылайша мойнын сындырып, өмір бойы І топ мүгедектігін алған Марат Бекенұлы:

– Жанары жасқа толы жандар жер бетінде, біздің қоғамда, Жаңа Қазақстанда болмауы тиіс. Тұла бойы икемге келмейтін, тірек-қимылы бұзылған  немесе мүгедектігі бар адамдарға қашанда қолдау білдіруге тиіспіз. Өйткені, жан мейірімге шөлдейді. Сол мақсатта құрылған «Қапшағай Самға» мүгедектер бірлестігі өзінің мақсат-мұраты жолында жарқын істерге бастамашы болып келеді, – дейді.

Шындығында 2013 жылы құрылған аталмыш бірлестік бүгінге дейін көптеген жарымжан азаматқа қол ұшын созған. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша конкурстарға қатысып, өз жоспарларын қорғап,  жемісті еңбек етуде. «Мен бақытты отбасы» сынды дәстүрлі байқау, спорттық шаралар ұйымдастырады.

Аталған бірлестік құрамында 10 маман жұмыс істесе, тіркелген 350 мүшесі бар. Мұндағы жандар түрлі әлеуметтік көмекке қол жеткізіп, кейбірі заң аясында бірлестікке келіп өтінішін білдіріп, түрлі кеңес алады. Сонымен қатар, «Қапшағай Самға» мүгедектер бірлестігі 2018 жылдан бастап мемлекеттік заң шеңберінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.

Бірлестік қабырғасында құрылған «Самға» сауықтыру орталығында бүгінгі таңда Қонаев қаласындағы 12 жас жеткіншек ем алуда. Мұнда тірек-қимыл аппаратының функционалдық мүмкіндіктерін қалпына келтіретін жаттығу құралдары, массаж сынды сауықтыру орындары қарастырылған. Аталған орталықтың жұмысын баяндаған Марат Бекенұлы:

 – Облыс орталығында тірек-қимылы бұзылған 200-ден астам бала бар. Оның бәріне бірдей көмек көрсете алмаймыз. Өйткені, біздің бірлестік орналасқан ғимарат өте тар болғандықтан мүмкіншілігіміз шектеулі болып тұр. Бұл тұрғыда мемлекеттік қолдауға зәруміз. Дегенмен біздің орталықта 12 бала ем алуда. 20 бала кезекте тұр. Бастында тұла бойы икемге келмейтін балалар 1-2 жыл көлемінде еркін қимылдайтын деңгейге жетіп жатады. Тіпті, бір жеткіншек велосипед теуіп кетті. Біз сол нәтижеге қарап, ата-аналардың алғысын арқалап қуанамыз, марқаямыз, – дейді.

«Самға» сауықтыру орталығында психолог, логопед, ЛФК және массаж, заңгер сынды мамандар жұмыс жасайды. 18 жасқа дейінгі балаларды емдейтін аталмыш орталықтан бүгінде 4 бала түлеген. Олардың жағдайы басында қиын болса, есейе келе жүйелі жұмыс нәтижесінде айтарлықтай жақсарыпты.

Бірлестік басшысының айтуынша, мұндай орталық әрбір қала, елдімекендерде болуы тиіс. Өйткені, тірек-қимылы бұзылған балаларды емдеу ұзақ әрі жүйелі жұмыс барысында ғана нәтиже береді. Шетелдерге балаларын алып барған ата-аналар тек 1-2 ай көлемінде ем алып, қыруар ақшасын құмға құйғандай қылып қайтып келетін көрінеді. Елге келген соң сіңір тартылуы, буындардың тырысуы сынды қалыпты жағдайға қайта түсіп, бала қиналады екен. Шетел орталықтарындағыдай мүмкіншілік қарастырылған «Самға» сауықтыру орталығында ресейлік аппараттар, құрал-жабдықтар орналасқан. Білікті мамандар қызмет етуде.

Бұл жайлы айтқан Марат Бекенұлы отбасында мейірімді жар, ардақты әке болса, жұмысында іскер де әділ азамат. Зайыбы Оразгүл Қожағұловамен өмірдің бар ауыртпалығын бірге арқалап, қызығын тең көріп келеді. Сүйікті перзенттері Наргиз Бекен журналист мамандығын меңгеріп, бүгінде Түркия мемлекетінде білімін жетілдіруде.