Қонаев қаласындағы «Алтын бала» қоғамдық қоры қарқынды жұмыс атқаруда

0

Бала мен бақыт — егіз ұғым. Ата-ананың қамқорлығына бөленіп, шат-шадыман қуанған ұл-қыздың күлкісі әлемді нұрландырады. Біздің қоғамда жеткіншектердің тең дәрежеде өмір сүріп, ойнап-күлуіне барлық жағдай жасалған. Балабақша, мектеп, мамандық таңдау бойынша білім алуына шектеу жоқ.

Қонаев қаласындағы «Алтын бала» қоғамдық қоры жаратылысы ерекше балаларды қоғамға бейімдейді. Әлеуметтік көмек көрсетеді. Сөйлеу, ойын жеткізу, қағаз-қаламды пайдалану, ойнау, билеуді үйретеді. «Даун синдромы» бар балалар мұнда жүріп-тұру, сурет салу, қимыл-қозғалысты реттеу, басқалармен қарым-қатынас жасауға дағдыланады. Ашылғанына 4 жыл болған орталықтың көмегімен көптеген бала толыққанды өмір сүруге қол жеткізді.

Орталық жетекшісі Бибігүл Ахметова ерекше балалар мұнда алғаш келгенде жан-жағына жатырқап қарап, ортаны бөтенсіп, үйіне кеткісі келіп, бағынғысы келмей, қиғылық салатынын, ренжитіндігін айтады.

«Біздің тәжірибелі мамандар келген балаларды көпшілік ортада өзін ұстауға, сұрақ қоя білуге, сұраққа жауап қайтаруға бейімдейді. Біраз күнде олар ашыла бастайды. Әр балаға мүмкіншілігіне қарай  жұмыс істеу бағдарламасы әзірленеді. Ата-аналар да балалардың жүзінде күлкі үйірілгенін көріп, қуанып алғыстарын жаудырып жатады. Кешке үйіне қайтқысы келмейтін кездер де болады», – дейді орталық жетекшісі.

Мекемеде логопед, дефектолог, психолог, музыка кабинеті, 5 мұғалім, 2 тәрбиеші, 2 күтуші бар. Барлығы өз істерін жақсы біледі. Келген балалардың оқуға бейімделуі, денсаулығын түзеуі үшін барын салып еңбектенеді.

Бибігүл Нұрғалиқызы балалардың ерекшелігі, жетістігін айтып қуанып  отырады. Мысалы, Нұрлан Жұмағали деген бала келгенде ас ішуге қиналатын. Ойын жеткізе алмайтын. Қазір өзіне керектіні сұрап, қолы-басын жуып, басқалармен тең тұрып, жүреді. Ата-аналар да бізбен бірлесіп жұмыс істеуге ынталы.

«Орталықта үйреткенді үйге барғанда да жалғастыру керек. Бала білгенін ұмытып қалмауы тиіс. Жан-жақты дамыта берген дұрыс. Біздің балалар өз деңгейіне қарай буындап оқу, санауды үйренеді. Бастауыш сыныпты аяқтап, орта мектепті бітіргендері де бар. Диагнозы бір болғанымен балалар мінез-құлқы, болмысы, ерекшелігіне қарай әртүрлі деңгейде дамиды. Ата-ана мен ортаның көмегі көбірек болса, дамуы да жақсы болады», – деген Бибігүл Нұрғалиқызы ерекше балалар үшін инклюзивті мектеп болса деген ойын да айтып қалды.

Бұл көп ата-ананың арманы. Тіпті, болмаса Даун синдромы бар балаларға арналған арнайы сынып ашылса да көмек болары анық. Себебі, Даун синдромымен сырқаттанатын балалар денсаулығы жақсы балалармен тең оқып кете алмайды, қиналады. Сондықтан олардың шамасын ескеріп арнайы оқытатын жүйе құрылғаны жөн.

Бибігүл жары Ерлан екеуі сырқат балаларға білім беретін, тәрбиелейтін жаңа орталық ашу қамында. Жаңа ғимарат тұрғызып жатыр. Онда «даун синдромы» ғана емес, аутист балаларға да әлеуметтік көмек көрсетілмек. Орталықтың ішіне керек-жарақты алып беруге көмек көрсетілсе деген өтінішін де жасырған жоқ. Әр бала бақытты болуға лайық. Жаны жомарт адамдар ерекше балалардың ойнап-күліп, көппен бірдей өмір сүруіне қолқабыс етеді деген сенімдеміз.