Мақтаралда тағы бір ауылды су баcып, аудан орталығынан 12 мың адам көшірілді – Қазақстан жаңалықтары

0
132

Су басу қауіпіне байланысты төтенше жағдай қалыптасқан Мақтаарал ауданының орталығынан бір түнде 12 мыңдай адам көшірілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Аудан орталығы Мырзакент тұрғындары түнімен Атакент кентіне тасымалданды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, халықтың көшуін қамтамасыз ету мақсатында 68 автобус бөлінген. Ал адамдарды оқшаулауға арналған Атакент кентіндегі орындар бойынша қажетті көмек көрсетіліп жатыр.

Оқшаулау орындарына барған тұрғындар ең алдымен есік алдындағы медицина мамандарының арнайы блокпостына тіркеліп, коронавирусқа тексерістен өткеннен кейін ғана оқшаулау орындарына жіберілген.

Төтенше жағдайға байланысты ауданда 18 эвакуациялық орындар нақтыланды. Олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елдімекендерінде әзірленді. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар, қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылып жатыр. Аталған шараларға Келес, Жетісай, Шардара, Сарыағаш аудандарының әкімдіктері көмектесіп жатыр.

Дегенмен, қауіп әлі сейілген жоқ. Су басқан орындардың қатарына Өргебас ауылы да қосылды.

«Бүгін таңғы 05.00-тен бастап 250 үйі суға батқан Фердоуси ауылы бағытынан Жаңажол ауылдық округінің Өргебас елдімекеніне қарай су келе бастады. Екі ауылдың ара қашықтығы – 3 шақырым. Таңғы 8.00-де су Өргебас елді мекенінің 194 үйін басып қалды. Ауылдың 1451 тұрғыны эвакуацияланды. Көшіру барысында зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады облыс әкімдігі.

stan.kz