Мақсат Толықбай: Халықтың қолдайтынын сездім. Қаншалықты әділетсіз өткенін бәрі көріп отыр

0
133
Сурет: Желідегі парақшасынан

Қазақстанда 10 қаңтар күні өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауына «Адал» партиясынан түскен журналист Мақсат Толықбай – саяси науқанды «әділетсіз өтті» деп есетейтіндердің бірі. ORDA тілшісі Толықбаймен сөйлесіп, сайлауға және «Адал» партиясына қатысты сұрап көрді.

«ӨЗІМІЗДЕН ДЕ КӨПТЕГЕН ШИКІЛІК БОЛДЫ»

ORDA: Мақсат мырза, сіз сайлау аяқталып, экзитпол нәтижесі шыққан соң-ақ саяси процестің әділетсіз өткенін мәлімдедіңіз. Бұлай деуіңізге бақылаушылар хаттамасы негіз болды ма, дәлеліңіз қандай?

Мақсат Толықбай: Бұлай деуіме бақылаушылар есебінен бөлек, халық ықыласы себеп болып тұр. Сайлау біткен соң ықыласын білдіріп жатқандар өте көп. Бір сөзбен айтқанда қоғамның бізді қолдағаны сезілді.

Екіншіден, «Адал» партиясы 6,9 пайыз дауыс жинады десе, ішімнен «бәлкім расымен де 10 мың адамның дауысы жетпей қалған шығар» деген күдік болар еді. Ал бізді 3,7 пайыз жинады деген соң сайлау нәтижесінің бұрмаланғаны бірден белгілі болды.

Үшіншіден, сайлау алдында «Ауыл» партиясына да сенгендер болды, бірақ ол да өтпей қалды. Айналып кеп сол үш партия қайтадан өтіп отыр. Осы фактілер сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын аңғартады.

«Ауылдан» да, бізден де біраз кандитат сайлауға түсті. Алайда сайлаудың қалай өткенін, тәуелсіз бақылаушылар не деп баға бергенін ашық айтып, ашық жазған екі кандидат болса, соның бірі менмін. Мен ешкімді құттықтаған да жоқпын. Қалай бар солай айттым.

«Адалды» Тимур Құлыбаев қаржыландырмайды». Мақсат Толықбаймен сұхбат
Сайлау жәшігіне бюллетень салып жатқан адам. Алматы, 2021 жылы 10 қаңтар

ORDA: Қолыңызда бақылаушылар хаттамасы бар ма? Жалпы «Адал» партиясының атынан сайлауды бақылағандар болды ма?

Мақсат Толықбай: Шынымды айтсам біздің бақылаушылардың саны мыңға да жеткен жоқ. Еліміз бойынша он мыңнан астам сайлау учаскесі болды. Ал бізде бақылаушы саны мыңға да жеткен жоқ. Дүкеннің есігі ашық тұрса, сатушысы болмаса, кез келген адам қандай зат алып кететінін өзі біледі ғой. Бізде сондай жағдай болды.

ORDA: Неге? «Бір айда 300 мыңнан астам адам мүшелікке өтті» деп мәлімдеген партия 10 мың бақылаушы таба алмады ма? Партияға бақылаушы тарту қиын болды ма сонда?

Мақсат Толықбай:  Біз Орталық сайлау комиссиясы тіркеген соң 4-5 күн ішінде бақылаушылар тізімін өткізуіміз керек екен. Уақыт тығыз болғандықтан, көп бақылаушы тарта да алмадық. Менің партияға мүше болғаныма бір айдан енді асты. Партияның бұрын немен айналысқанын білмеймін. Партиядан ұсыныс түсті, бағдарламаны өзіміздің жасауымызға мүмкіндік берді. Сөйтіп жастар тез арада жиналдық. Декларациямен миымыз ашып жүрді. Бақылаушылар тіркетуге де уақыт болған жоқ. Өзімізден де көптеген шикілік болды. Оны мойындаймын.

«ЖУРНАЛИСТИКАҒА ҚАЙТЫП БАРУҒА ТУРА КЕЛІП ТҰР»

ORDA: Сайлау әділетсіз өткеніне сенімді сияқтысыз. Әділетсіздікке қарсы күресесіздер ме енді?

Мақсат Толықбай: Күрескенде… Барлығын ашық айттым. Кеше де әлеуметтік желіде мәлімдеме жасадым. Бұл жерде былай қарау керек. Әрбір азамат «Адал» партиясының сайлауға қатысқанына қуануы керек. Өйткені сайлау қалай өтті, қаншалықты әділетті өтті, мен соның көрінісі болдым. Дәлелдеп бердім. Егер біз түспесек, қай партия қанша дауысты бөліп алатыны ешкімге қызықты болмас еді.

ORDA: Бұл жерде жағдай керісінше емес пе? «Адал» партиясы сізді және басқа да танымал адамдарды пайдаланып, халықаралық ұйымдар жиі сынайтын Қазақстан сайлауын легитимді етіп берді деп ойламайсыз ба?

Мақсат Толықбай: Ол да мүмкін.

ORDA: Бұл жайлы партия атынан сайлауға түсерде ойланбадыңыз ба?

Мақсат Толықбай: Иә, ондай күдігім болған. Дегенмен үмітім басым болды. Халықтың қолдайтынын сездім. Ең болмаса жеті пайыз дауыс аламыз деген үміт болды. Сайлауды өткізген мен емес. Қаншалықты әділетсіз өткенін бәрі көріп отыр.

ORDA: Әділетсіз өткеніне сенімді болсаңыздар неге сотқа жүгінбейсіздер?

Мақсат Толықбай: Шынын айту керек, әділетсіз болғанын ашық айтып жатқан мен ғана. Өкінішке қарай, мені қолдайтын адам көп болмай тұр. Мен үшін партияның өзі тұрып бере ала ма? Оның өзі үлкен мәселе.

ORDA: Бастамаңызды қолдамайтын, сайлаушыларының дауысы үшін күреспейтін партия құрамында қала бересіз бе?

Мақсат Толықбай: Қайтадан кетіп қалсам, партияға жасаған сатқындығым болады. Бастаған соң жұмысымызды көрсетуіміз керек. Бар-жоғы бір айдай ғана жұмыс істедік. Келесі сайлауға дейін өзге партияларды сынауға, түрлі мәлімдеме жасауға көптеген мүмкіндік пайда болады. Сондықтан партияда қала беремін әзірге.

ORDA: Журналистикамен айналыспайсыз ба?

Мақсат Толықбай:  Журналистика – менің отаным. Ұлттық арнадағы жұмысымнан уақытша арыз жазып кеттім. Заң бойынша, олар мені жұмысқа қайта қабылдауға міндетті.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету