Мақпал Жүнісованың өте бағалы әшекейлерін ұрлап кетті
Халық әртісі осы жағдайдан кейін қонаққа кішкене сырғамен баруға мәжбүр болғанын жазды
АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы бағалы әшекейлерінің қолды болғанын жазды. Ол бұл туралы Астана қаласынан Алматыға келгенде бірақ білген.
«Барлық жамандық осы сырға мен сақинаны ұрлаған адаммен бірге кетсін. Астанада өткен «Ән мен әнші» концертінен кейін көзден ғайып болды. Жалпы ұрлық түбі қорлық екенін ұмытпаған абзал», — деді әнші.
Аталған концерт 20 желтоқсан күні бейбітшілік және келісім сарайында өткен болатын. Сондай-ақ, әнші әшекейлерін кімнің ұрлаған болуы мүмкін екенін болжады.
«Әнші қыздардың бірі немесе сол қыздардың жанында жүрген бояндырып, киіндіріп жүргендер деп жорамалдадым. Өйткені киінетін жерге бәрі кіріп алып еді», — деді ол.
Халық әртісі концерттен кейін Қарақат Әбілдинаның үйіне қонаққа барып, сол жерде кішкене сырғамен отыруға мәжбүр болғанын, алдағы уақытта мүмкіндігінше сақ болуға тырысатынын айтады.
«Өте ыңғайсыз екен. Бұдан кедей болып қалмаспын. Дегенмен өте сақ болатын болдық», — деді ол.
Мақпал Жүнісова мұндай жағдай басында бесінші рет болып отырғанын жасырмайды. Бұл жолы таза бриллианттары қолды болған.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/