Мақпал Жүнісова экс-айтыскер Мұхамеджан Тазабекке сәлем салды
Желіде әнші Мақпал Жүнісованың айтыскер Мұхамеджан Тазабекке сәлем салғаны қызу талқыға түсті, деп хабарлайды kznews.kz сайты orda.kz порталына сілтеме жасап.
Суретке Тазабектің өзі түсініктеме берді.
«Бүгін Мақпал жеңгемізбен бірге түскен суретіміз хит боп, талқыланып жатыр екен. Жауап жазуға енді мүмкіндік тауып жатырмын.
«Мұхамеджан пір боп кеткен бе, неге үлкен кісі иіліп тұр» немесе «ыңғайсыз сәтті тосыннан түсірген шығар» дегендей әртүрлі жорамалдар айтылып жатыр екен. Бірден айтайын, «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демей ме, Заманбек ағам мен Мақпал жеңгем үйленгенде бетін өзім ашқам, арнаумен дастарханды дүрілдетіп, Қазақтың Мақпалының тойын маздаған оттай лаулатқанбыз.
Алматының игі жақсылары куә боп, Фариза апаларымыз бата беріп, керемет кеш өткізгенбіз. Ол күнгідей Заманбек ағамның ерекше қуанған, жүрегі жарыла шаттанғанын одан кейін көрген емеспін» деп жазды Мұхамеджан Тазабек.
Оның айтуынша, әнші Мақпал екеуінің арасында сол күннен бері ізет білдіру әдет болған.