Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып 1 млн теңге ұтып алыңыз

0

Биыл ақиық ақын, поэзияның мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл. Айтулы датаға орай республика көлемінде түрлі байқаулар ұйымдастырылып, ақын шығармашылығы кеңінен дәріптеліп жатыр. Соның бірі- Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқудан республикалық деңгейде ұйымдастырылған «Есіңе мені алғайсың» онлайн сайысы. Өлеңсүйер қауым үшін үлкен мүмкіндік болатын байқау туралы Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас айтады.

«Есіңе мені алғайсың!». Ақын өлеңімен өрілген бұл байқауға қалалық мәдениет басқармасы мен «Алматы» телеарнасы үлкен қолдау танытқан. Елдегі ахуалға байланысты онлайн форматта өтетін шараға республиканың әр түкпірінен 100-ден аса үміткер өтінім білдіріп үлгеріпті. Шарт бойынша қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңін оқып, туындының мазмұнына сай 1-3 минут көлемінде видео түсіруі керек. Байқауға ұсынылған материал қатысушының әлеуметтік желідегі #Мақатаев90 хештегімен жүктеген видеосы бойынша іріктеледі.

«Басты мақсатымыз – қазақтың өзінің төл, өзінің сөз құдіреті болатын болса, сол сөз құдіретін жаңа кезеңге шығару, жаңа биікке көтеру. «Мен 21 ғасырдың құрдасымын. Бәлкім, одан кейінгі ұрпақтың да туысы болуым мүмкін», деп Мұқағали Мақатаев өзі айтқан. Сондықтан айдан анық, Мұқағали Мақатаевтың оқырманы өте көп. Құдай қаласа, бұл байқау бұдан кейінгі өлеңсүйер, өнерсүйер, поэзиясүйер қауымды жаңа деңгейге көтеріп, поэзияға деген көзқарасын өзгертеді деген сенімдеміз», – деді ақын Ринат Зайытов.

Әлеуметтік желіде өнер адамдары да ақын өлеңін оқып, көпшілікті байқауға қатысуға шақырды. Поэзия бәріне ортақ, ал Мұқағали поэзиясы көптің көңіл көгінде екені даусыз дейді.

«Ол кісінің шығармашылығымен қазақтың әрбір жасы, кәрісі, үлкені мен баласы таныс. Себебі ол кісінің шығармашылығымен сонау мектеп қабырғасында «Үш бақытым» өлеңі арқылы таныспыз. Бозбала шағымызда оның махаббат лирикасымен қыздарға хат жаза бастаймыз. Байқау ұйымдастырушыларына көп рақмет! Байқауға қатысушыларға үлкен сәттілік!» – деді байқауға қатысушы Бақыт Омар.

Республикалық байқау 1-7 ақпан аралығында өтеді. Айта кетейік, жеңімпазға тағайындалған жүлде қоры 1 миллион теңге.