Депутат Қазақстандағы білім туралы: Ғылыми дәреже мен диссертацияны интернеттен сатып алады

0
114
Сурет: nikolayhg

ҚР сенатының депутаты Сәуле Айтпаева елімізде түрлі деңгейдегі ғылыми диссертацияны интернет кеңістігінен оңай сатып алуға болатын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Google кеңістігінде докторлық және кандитаттық диссертация сатып алу деген сауалға 46 секундтың ішінде 303 мың жауап шықты. Бұл Қазақстан бойынша. Zakaz.kz сайтында кандидаттық диссертацияға қатысты былай жазылған. Уақытыңызды үнемдейсіз, диссертацияны ғылыми дәрежесі бар ғалымдар жазған, сонымен қатар оның бағасы да көрсетілген. Сондай-ақ, кандидаттық диссертацияны ғылыми басылымдарда жариялау мүмкін екендігі айтылады. Диссертацияны сатып алмас бұрын алдымен келісімшартқа отыратыны да айтылған», – деді Айтпаева. 

Депутаттың айтуынша, елімізде ғылым саласындағы плагиатпен күрес жұмысы күмән тудырады.

«Интернет кеңістікте Қазақстан ғылымының жетістігі, біздің ғалымдар мен олардың ғылыми жаңалықтары туралы ақпараттар мен материалдар жоқтың қасы. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне сұрағым бар. Аталған проблемадан хабарларыңыз бар ма? Плагиатпен күресу жолында қандай шаралар қолға алынып жатыр? Министр А. Аймағамбетов плагиатпен күресудің жаңа әдіс-тәсілі туралы айтып еді, сол не болып жатыр», – деді ол. 

Сенатордың сауалына ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді.

«Сіз көтерген мәселеден министрліктің хабары бар. Ол бойынша біз мониторинг жүргізіп, күресіп жатырмыз. Министрлік плагиатты жою жолында жыл сайын нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды. Оның ішінде ғылыми диссертацияны қорғауға, ғылыми атақ-дәрежені алуға және оны беретін мекемелерге де талапты күшейтіп жатырмыз. Бүгінде плагиатқа қатыст талаптар қатайтылды және бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады», – деді министр орынбасары Каринова. 

Айта кетсек, бүгін Парламент сенатының депутаттары ғылым туралы заң жобасын талқыға салып, оны бірінші оқылымда мақұлдады.