“Мақатаев, Жабаев”: Танымал бағдарлама қатысушылары “Абай жолының” авторын білмей, ұятқа қалды (видео)

0

Отандық арналардың бірінен көрсетілетін танымал “Кел, келінім” бағдарламасының қатысушылары “Абай жолы” романының авторын білмей ұятқа қалды, деп жазады Stan.kz.

Төрт бірдей жігіт эпопеяны кім жазғанын білмей, сұраққа жауап бере алмады. Бағдарлама видеосы Facebook желісінде жарияланды.

Олардың нұсқаларында Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев сынды әдебиетте өзіндік орны бар ақындар бар. Алайда тепсе темір үзетін еңгезердей жігіттердің бірде бірі “Абай жолын” жазған Мұхтар Әуезов екенін айта алмады.

Бағдарлама жүргізушісі мұны білмеген ұят екенін айтуға тырысқанымен, қатысушылар сол күйі дұрыс жауапты таппады.

Желі қолданушылары Әуезовтей біртуар жазушыны танымайтын жігіттерді сынға алды.

“Аналары бірдеңе біледі деп ойламаймын. Қазіргі жас аналардың өздері түк білмейді”, “Бұлар мектепке де бармаған сияқты”, “Бұл балаға өкпелеп отырмыз, жаңа программамен оқып жатқандар өздерінің қазақ екенін де білмей шығады”, “Бұл үлкен сабақ болды, үйде отырған ұл қызға ұлы адамдар жайлы түсіндіріп отыру керек”, – деп жазды олар.


Тегтер:Абай жолы