Маңғыстаулық жұмыссыздар Ресейге жіберіледі
Күні кеше маңғыстаулықтар мұнай саласына жұмысқа тұруды талап етіп, жолды жауып тастады. Ал бүгін Маңғыстау облысының әкімі жұмыссыздық мәселесін қалай шешіп жатқанын баяндады.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, жыл басынан бері облыста 11 557 жұмыс орны ашылды, оның 6 741-і тұрақты. Қалған жұмыс орындары шағын және орта бизнес есебінен ашылды. Ұлт жоспары аясында тағы 5 мың адам жұмыспен қамтылды. «Жұмыс жасаймын» өңірлік жобасын жүзеге асыруға биыл тағы 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 646 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты.
Ноғаев жұмыспен қамту орталықтары ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын да айтты. Маусым айының алғашқы күндерінде Ақтау және Жаңаөзен қалаларында облыстың 531 тұрғыны сауалнама жүргізіп, оның 190-ы сәтті өтті.
«Оларды кезең-кезеңімен жұмысқа орналастыру бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Жалпы компания Ресей Федерациясының Татарстан Республикасына жұмыс істеу үшін 600-ден астам адамды тартуды жоспарлап отыр» деді Ноғаев.
Сонымен қатар, 29 жасқа дейінгі жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған қайтарымсыз гранттардың көлемі 200 айлық есептік көрсеткіштен 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, деді әкім.
Күннен күнге жұмыссыздар саны артып жатыр
Дегенмен, Маңғыстау облысында, дәлірек айтсақ, Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесі ерекше өткір.
23 маусым Нұр-Сұлтан полициясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ғимаратында екі аптаға жуық отырған Жаңаөзен қаласының 19 тұрғынын ұстап, айыппұл салды.
Бір апта бұрын жаңаөзендіктер қала әкімдігіне өз талаптарымен шықты. Олар жергілікті билік биылғы жылдың қаңтар айынан бері ештеңе істемегенін мәлімдеді. Шарасыздықтан олар отбасыларымен ереуілге шықты.
9 маусым Жаңаөзеннің екі тұрғыны «Өзенмұнайгаз» жұмыс беруден бас тартқандықтан, тіпті өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
29 маусым Жетібай және Мұнайшы ауылдарынан 30-ға жуық адам «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кен орнына баратын жолға да жұмысқа орналасуды талап етіп шықты.
Жаңаөзендегі ереуілшілердің барлығы тек мұнай секторынан жұмыс сұрап отыр.
Жаңаөзен қаласының әкімдігі облыстық жұмыспен қамту орталығында орташа жалақысы 100 мың теңгеден асатын бос жұмыс орындары бар екенін, алайда жұмыссыздардың басым бөлігі жалпы кезекті айналып өтіп, мұнай саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп, олардан бас тартқанын хабарлады.