Маңғыстауда өткен тарихи турнир өз мәресіне жетті

0

Турнир қорытындысы бойынша, командалық есепте бірінші орынды 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медальмен Түркістан облысы, екінші орынды бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен Маңғыстау облысы, ал үшінші орынды Жамбыл облысы 1 алтын, 2 күміс және үш қола медальмен қорытындылады.

Айтулы шараға еліміздің 14 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаладан барлығы 206 спортшы қатысты. Қатысушылардың қатарында әлемдік ареналарда топ жарып жүрген Қайрат Ералиев, Василий Левит, Әбілхан Аманқұл, Асланбек Шымбергенов, Бекдәулет Ибрагимов, Абылайхан Жүсіпов, Теміртас Жүсіпов, Ильяс Сүлейменов, Ерік Әлжанов, ағайынды Төлтаевтар бар. Жүзден жүйрік шыққандар келер жылы өтетін Азия және Әлем чемпионаттарында бақ сынайтын болады.

Қазақстан Бокс Федерациясы және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өткен жарысқа Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев, Болат Жұмаділов, Бауыржан Оспанов, Мырзағали Айтжанов, Марат Мәзімбаев, Мерей Ақшалов, Біржан Жақып, Нұржан Кәрімжанов құрметті қонақ ретінде қатысты.

Сонымен қатар, салтанатты шарада екі бірдей Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Әділбек Ниязымбетов үлкен спорттағы карьерасын аяқтағанын мәлімдеді.

Көпшілік алдында боксшымызға құрмет көрсетіліп, халық зор қошеметпен шығарып салды. Сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері, бірнеше дүркін ел чемпионы, Берік Абдрахманов та былғары қолғабын шегеге іліп, шаршы алаңдағы орнын кейінгі жастарға аманаттады. Алдағы жоспары шәкірт тәрбиелеп, Маңғыстау бокс мектебінің дамуына өз үлесімді қоссам дейді ол.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы