Маңғыстау прокуратурасы Ақбердиеваны ақтау үкімін кері қайтаруды сұрайды

0

Маңғыстау облыстық прокуратурасы 6 ақпанда Ақтау қалалық сотының Қазақстан билігі тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін «билікті құлатпақ болды» деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваны ақтау туралы үкіміне наразылық білдірді.

Айгүл Ақберді желіде бөліскен прокуратура наразылығында: «Сот өзінің жеке тұжырымымен Айгүл Ақбердиеваны әрекетінде қылмыстық кодекстің 179-бабының 2 тармағымен қаралған қылмыс құрамы жоқ деген теріс үкім шығарған. Ақтау үкімі негізсіз дәлелдерге және қылмыс құрамы жоқ деген соттың жеке теріс тұжырымына негізделген. Сот іс материалының 6-96 беттеріне назар аударып, дәлел ретінде келтірілген бүкіл қылмыстық істі негізсіз деп шығарды» деп жазылған.

Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Тілектес Төретаева апелляциялық шағым бойынша ресми жауап Азаттықтың ресми сұраныс хатынан соң берілетінін айтты.

Маңғыстау облыстық прокуратурасы сот негізсіз деп тапқан көшірмелердің рапорт екенін, ал рапорттың процессуалдық құжат болып табылатынына сілтеме жасаған.

Дәл осындай наразылықты Маңғыстау облыстық прокуратурасы Ақтау қалалық сотының істі тергеген полиция құрамына қатысты процессуалдық заңнамаларды бұзғаны туралы жеке қаулысына да келтіріп, оны да негізсіз деп тануды сұраған.

Айгүл Ақбердиеваның адвокаты Жанар Сүндетқалиева «прокуратура наразылығына қарсы шағым дайындап жатқандарын» мәлімдеді.

– Бізде Қазақстанда сот үкімнің аналогиясына жол берілмейді. Мемлекеттік айыптаушы «сот жеке қате тұжырымдамасы негізінде үкім шығарды» деп жазады, бұл сотты құрметтемеу емес пе? Ақбердиева ісіндегі келтірген дәлелдер сот алды тергеуінен өтпеген. Бұл сотта анықталып, қандай процессуалдық заң бұзушылық туралы анық көрсетілді. Біз наразылық шағымын жазамыз, бірақ соңғы кездегі соттағы жағдайлардан соң Маңғыстау обылыстық сотына сене аламыз ба жоқ па, міне, маңыздысы – осы, – дейді Жанар Сүндетқалиева.

6 ақпанда Ақтау қалалық соты Қазақстан билігі тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін «билікті құлатпақ болды» деп айыпталған Айгүл Ақбердиеваны ақтау туралы үкім шығарған.

Оқи отырыңыз: ​ҚДТ үшін айыпталған Ақбердиеваның ісінде «қылмыстық құрам жоқ»

Айгүл Ақбердиева соттағы соңғы сөзінде кінәсіз екендігін, айыбын мойындамайтынын мәлімдеген еді. Прокурор судьядан Ақбердиеваны айыпты деп танып, бас бостандығын бес жыл мерзімге шектеу жазасын тағайындауды сұраған.

39 жастағы Айгүл Ақбердиеваның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот 2018 жылы 24 қыркүйекте басталған. Соның алдында Ақбердиеваның күйеуі 45 жастағы Абловас Жұмаев та ҚДТ чатындағы жазбалары үшін «әлеуметтік алауыздық тудырды», «билікті күштеп құлатпақ болды» деп айыпталып, сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған. 2018 жылы 5 желтоқсанда Маңғыстау облыстық апелляциялық соты үкімді күшінде қалдырды.

Ерлі-зайыпты Жұмаев пен Ақбердиева өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды.

2018 жылы 13 наурызда Астана соты бас прокуратураның арызын қанағаттандырып, қуғындағы бұрынғы банкир әрі биліктің сыншысы Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп таныған және Қазақстан аумағында тыйым салған. Содан бері елде осы қозғалыстың жақтастарына қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді.

Азаттық

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз