Маңғыстау облысында Өзен кен орнын оңалту мәселелері қаралды

0

2022 жылдың 9 қыркүйегінде Маңғыстау облысында Өзен кен орнын оңалту мәселелеріне арналған жиын өтті. Шараға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры Бақытжан Хасанов, мұнай-газ саласының ардагерлері, геологтар, қоғам қайраткерлері және Жаңаөзен қаласының депутаттары қатысты.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыркүйегінде өткен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына мұнай кен орындарының бірте-бірте тозуына, 2030 жылға қарай өндірілетін мұнайдың азаюына байланысты өңірде геологиялық-барлау жұмыстарының жеке жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жоспарының тұжырымдамасы әзірленді.

Кен орындарды оңалту шаралары мұнай өндіру деңгейін кезең-кезеңімен бірнеше жылда 6-6,5 млн тоннаға жеткізіп, осы көрсеткішті алдағы 10 жыл бойы сақтап тұруға мүмкіндік береді деп күтіледі.

«Әзірленіп жатқан жоспар Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге де елеулі үлес қосады деп есептеймін», — деді М.Мырзағалиев. «Бүгінгі күні «Өзенмұнайгаз» мұнай өндіру көрсеткіштерін толық орындай алмай отыр. Техникалық және геологиялық мәселелерге байланысты мұнай өндіру көлемін бірқалыпты деңгейде ұстап тұру қиынға соғуда».

ҚМГ басшысының айтуынша, жыл сайынғы күрделі салымдардың деңгейіне қарамастан, ӨМГ кен орындарында мұнай өндіру көлемі азайып барады. Бұның салдарынан компанияның кірісі де төмендеп, қазіргі қызметкерлер санын сақтап қалуға және оларға еңбекақы төлеу бойынша әлеуметтік міндеттемелерді орындау да қиын болады. М.Мырзағалиев «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай өндіру рентабельділігінің шегіне 2024 жылы келетінін атап айтты.

Ақтау қаласына жұмыс сапары барысында М.Мырзағалиев Маңғыстау облысының кәсіподақ басшыларымен кездесті. Кездесуде еңбек ұжымдарын көп толғандыратын мәселелер, соның ішінде еңбекақы және электр энергиясының кеніштерде жиі өшірілуі талқыланды. ҚМГ Басқарма төрағасы Жаңаөзен қаласын дамытуға бағытталған ҚМГ жобаларына бөлек тоқталды: «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту, Кендірліде су тұщыту зауытын және Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу.

Жаңаөзен қаласына әлеуметтік қолдау көрсету аясында компания екі спорт кешенінің құрылысын аяқтап қалды, Оқушылар сарайы жобасы бойынша жұмыстар басталды және қалада 16 спорт алаңын салу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек, ұлттық компания «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша еліміздің үздік колледждер мен мектеп-интернаттарына оқуға қабылданған Жаңаөзеннің дарынды балаларына оқу мен тұру ақысын төлейді.