Абай облысы Үржар ауданындағы алапат өртті сөндіруге әйелдер де көмектесуде (фото)

0
500

Абай облысы Үржар ауданындағы алапат өрт ауыздықталатын емес. Төрт күннің ішінде қызыл жалын 6000-ға жуық гектарды күлге айналдырды. Қазіргі таңда өртті сөндіруге жұмылдырылған азаматтарға органда қызмет атқаратын әйелдер де қолғабыс қылуда, деп хабарлайды Kznews.kz.

Абай облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Үржар ауданы Қарабұлақ ауылынан 18 шақырымдағы «Шаған-тоғай» учаскесіндегі өртті сөндіруге 321 адам мен 39 техника жұмылдырылған. Облыстық ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлерінен құралған топ тілсіз жаумен күндіз-түні арпалысуда.

Жалынның ортасында жүрген өрт сөндірушілерге әйелдер тіршілік нәрін жеткізіп отыруды қолға алыпты. «Үржар аудандық полиция бөлімінде қызмет атқаратын әйелдер өрт сөндірушілерге ішетін су жеткізіп беруді ұйымдастырып жатыр. Олар дүкендерден 5 литрлік суды да өз қалталарынан алуда», – дейді Абай облысының ПД баспасөз қызметі.