«Манчестер Юнайтед» бас бапкер Жозе Моуриньоны қызметтен қуды. Неге бұған Клопп кінәлі?

0

«Манчестер Юнайтед» футбол клубының бас бапкері Жозе Моуриньо қызметінен босатылды. Клубтың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, жақын арада бас бапкердің міндетін атқарушы тағайындалмақ. Ол команданы маусым соңына дейін баптайды.

Еске салсақ, португалиялық маман МЮ тізгінін 2016 жылы жазда ұстаған еді. Команда оның басшылығымен 2016 жылы Англия Суперкубогын, Англия лигасының кубогын жеңіп алды және 2016/17 маусымдағы Еуропа лигасының жеңімпазы атанды.

Команда қазіргі таңда АПЛ-да алтыншы орында келе жатыр. Еншісінде 17 матчтан кейін 26 ұпай бар. Осылайша, көш басындағы «Ливерпульден» 19 баллға қалып келеді.

Қызметтен кеткені үшін клуб португалиялық маманға 24 миллион фунт көлеміндегі өтемақы төлейді.

МЮ қазіргі таңда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Ал ел чемпионатындағы соңғы үш турда бір мәрте ғана жеңіске жетті. Соңғы матчты «Энфилдте» өткізіп, «Ливерпульден» 1:3 есебімен жеңілді.

Бір қызығы, Моуриньоның үнемі қызметтен қуылуына Клопп командасынан жеңіліс табуы әсер етеді екен. Еске салатын болсақ, «Реал» Юрген Клопп баптайтын дортмундтық «Боруссиядан» ойсырай жеңілген соң бір айдан кейін Жозе қызметтен кеткен. Ал үш жылдан соң 17 желтоқсан күні бас бапкерлік қызметтен шеттетілді. Ол кезде Моуриньо «Челсиді» баптайтын. Ал отставкаға Клопп баптайтын «Ливерпульден» жеңілуі себеп болған. Осы жолы да МЮ «Ливерпульден» ірі есеппен жеңілгеннен кейін «қызыл сойқандар» басшылығы Моуриньоны қызметтен аластатқан дұрыс деп тауыпты.

Абай Аймағамбет

Дереккөз: Айқын