Ортақ валюта «елесі»: Қазақстан, Беларусь, Ресей текетіресі

0

Жақында Ресей ұлттық төлем кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ электронды валюта жүйесін енгізуді ұсынды. Ұлттық төлем кеңесінің ресми емес, ауызша ұысынысын Ресей Қаржы министрлігі бірден қолдады. Бірақ Ресей ресми органдары өздері ұсынған ұсыныстарын өздері қолдағанымен ЕАЭО-ға мүше өзге мемлекеттер қолдамады. Бірінші кезекте аталмыш бастамаға байланысты Қазақстан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пікір білдірді.

«Біз бұны қолдамаймыз. Бұл менің жеке адам ретіндегі және саяси тұлға ретіндегі ұстанымым. Менің ойымша, Ұлттық валюта бұл әнұран, елтаңба, мемлекеттік байрақ сияқты тәуелсіздіктің бір белгісі. Сол себепті оны қорғау, сақтау және дамыту біздің міндетіміз. Қандай да бір квази-прокси валюталардың енуіне жол берілмейді. Бұл бастама Ресейдің ресми органдарының ұсынысы емес» – деп мәлімдеді Сүлейменов.

Бірақ «Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ электронды валюта енгізу Ресейдің ресми бастамасы болмаса да», бүгін біз осыған дейін «ортақ валюта» жөнінде кімдердің қандай мәлімдеме жасағанына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.

2018 жыл. ЕАЭО интеграция және макроэкономика министрі Татьяна Валова:

 «Біз өзара сауда-саттықта ұлттық валюталарымыздың үлесін арттыруды айтып отырмыз. Бұл өте маңызды. Себебі мәселе долларсыздану жөнінде болып отыр. 2025 жылға дейін ортақ валюта нарығын қалыптастыру қажет».

2015 жыл. Беларусь президенті Александр Лукашенко:

«Сіздер айтып жүрген ортақ валюта менің президенттік кезеңімде болады деп ойламаймын.Ортақ валюта күн тәртібінде тұрған мәселе емес. Оған келмес бұрын 2025 жылға қалдырылған өзекті мәселелерді шешу қажет».

2016 жыл. Ресей президенті Владимир Путин:

«ЕАЭО аумағында ортақ валюта енгізіле ме?Бұл үлкен сұрақ. Десе де, болашақта ұйымға мүше елдердің экономикалары теңескен уақытта болуы әбден мүмкін. Бізге Еуроодақтың қателігін қайталауға болмайды.Олар экономикалардың әр түрлілігіне қарамастан ортақ валюта енгізді. Салдарынан Греция үлкен қиындықтарға тап болды. Сол себепті біз барлығын егжей-тегжейлі зерттеп, кезең-кезеңімен жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ерікті түрде жүретін процесс. Аталмыш мәселеде біздің көзқарастарымыз бір жерден шығуы керек».

2015 жыл.ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов:

«Қазақстан ЕАЭО аясында ортақ ұлттық валюта енгізуге байланысты нақты және дәйекті ұстанымда. Бұл сұрақтар қаралмайды. Ортақ валюта енгізу жөнінде ұсынысы ЕАЭО келісімінде жоқ. Сол себепті аталмыш мәселеге қатысты келіссөздер жүргізілмейді».

«The Qazaq Times»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз