Мамандар Қарағанды облысындағы «ірі қара індетіне» байланысты түсініктеме берді

0

Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы Абай мен Шет аудандарында «малдың жаппай індетке шалдығып жатқаны» туралы ақпаратқа байланысты түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, мәселе жекелеген оқиғаларда болып отыр.

Олардың айтуынша, Юбилей және Ақой ауылдарында мал ауруларының диагнозы анықталғанға дейін сүтті сатуға уақытша тыйым салынған.

Мал дәрігерлерінің дерегінше, екі елді мекенде төрт ірі қара әлсіреп, құлап қалған. Алдын ала мәлімет бойынша, Юбилей ауылындағы жағдай нодулярлы дерматитпен байланысты болуы мүмкін. Малдардан неден құлағаны зертханалық сараптамадан кейін анықталады.

Ақой ауылында да вакцинациядан кейін үш ірі қара мал аяғынан тұра алмай қалған. Осы ауылда жағдайы нашарлады деген тағы төрт сиыр оқшауланған орында антибиотик және иммуномодулятормен емделіп жатыр. Шығынын мал иелері төлейді.

«Ауыр вакцина екенін ескерсек, малдардың бұлайша әлсірегені қалыпты жағдай. Ірі қараларда кездесетін нодулярлы дерматит немесе кедір-бұдырлы дерматит қауіпті деп саналатын тері аурулары қатарына жатады. Онымен күресудің ең тиімді жолы — вакцинация. Ақой ауылында жергілікті тұрғындарға вакцинациядан кейін жағдайы нашарлаған малдар жайлы дереу хабарлау қажеттігін түсіндірдік. Вакцинациядан кейін жануарлардың денесінде бөртпе пайда болып, аяқтары ісіп кетуі мүмкін, тәбеті жоғалуы мүмкін. Жағдайды ерекше бақылап отырмыз» деп хабарлады Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы.

Биліктің хабарлауынша, биыл Юбилей ауылында 1500 ірі қара дәріленген. Дәрігерлер ақпарат құралдарына мал індеті жайлы шағымданған Елена Бунтовскаяның үйіне ветеринарлардың бірнеше рет барып, малдарын дәрілеуге тырысқанын, бірақ үй иесін таба алмағанын айтады. Ал Елена Бунтовская дәрігерлердің келгенін білмейтін болып шықты.

«Бұл үйде бір тананың өлгені мал иесінің оны өз бетімен емдеуге тырысқанымен байланысты. Мал дәрігеріне Бунтовская сиыры тұра алмай қалғаннан кейін бір-ақ хабарлаған» деді басқарма өкілдері.

Ал мал иесі Азаттық тілшісіне сиыры ауырып қалған кезде мал дәрігерін таба алмағанын, сол себепті біраз уақыт өз бетімен емдегенін айтады. Әйелдің айтуынша, ауырған екінші малдың жағдайы сәл жақсарған.

Қарағанды облысының аумағы нодулярлы дерматиттен қорғау аймағына кіреді.

Нодулярлы дерматит – ірі қара арасында тарайтын жұқпалы ауру. Малды дер кезінде емдемесе, жануар өліп кетуі мүмкін. Дертке шалдыққан ірі қараның қызуы көтеріліп, денесі бөртіп кетеді. Кейбір мамандардың жазуынша, Қазақстанда нодулярлы дерматит алғаш рет 2016 жылы Батыс Қазақстан аумағында тіркелген.

Azattyq