35 жасында қарттар үйінен бір-ақ шыққан астаналықтың әңгімесі

0

Аяқ асты инсульт алып, мүгедек болып қалған елорда тұрғыны өмірге деген құлшынысы қалай оянғанын айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik, Арман Асқар. Астаналық Александр Смирнов 34 жасында инсульт алып қалған. Содан кейін өмірі түбегейлі өзгерді. Бір жылға толмай әйелі де, баласы да тастап кетіпті. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында ол қарттар үйіне қалай түскенін және тоғызқұмалақ ойынының арқасында өмірге деген қызығушылығы қалай оянғанын айтып берді.

«Қарым-қатынасымыз үзілді»

«1999 жылы мен аяқ астынан инсульт алып қалдым. Ол кезде ондай аурудың белгілерін біле бермейміз ғой. Содан бір жақ бетім қисайып, қолым істемей қалды. Әйелім мен ұлым қараған да жоқ. Екеуі бір жыл өтпей, Ресейге көшіп кетті. Шынымды айтсам, көңілім қалды. Хат та жазыспаймыз…», – дейді Смирнов.

Александр бұрынғы Целиноградта дүниеге келді. Сол кездегі бай аудандардың бірі – «Колоста» тұрды. Училищеде оқып, дәнекерлеуші мамандығын игерген. Одан кейін монтаждаушы ретінде біраз жұмыс істеді. Үйленді, балалы болды. Бірақ бұрынғы келіншегін, тіпті үйленген кезін де еске алғысы келмейді.

Тағы оқыңыз: «Бір күнде отбасымнан айырылдым»: қарттар үйіне түскен қарияның аянышты тағдыры

«Ол Мәскеу көшесінде тұрды. Менің үйім Достықта болды. Жақын тұрдық, одан кейін үйлендік. Қазір мүлде араласпайымыз. Шынымды айтсам, оны еске алғым келмейді», – деді Смирнов.

«Өмірге деген қызығушылық оянды»

Жападан-жалғыз қалған Александрға бастапқыда өте қиын болды. Үйдің шаруасын істейтін ешкім жоқ. Тамақ жасап беретін адам да табылмады. Содан ол шыдамай, келесі жылы қарттар үйіне (қазір «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» деп аталады – Sputnik) кетіп қалады. Ол кезде бұл мекеме Тәшенов көшесіндегі ескі ғимаратта болған. Мүгедектерді де қабылдайтын. Сөйтіп, тепсе темір үзетін 35 жастағы жігіт қарттар үйінен бірақ шықты.   

«Бәрін ұмытқым келіп, ішімдікке салынған кезім де болды. Қарттар үйіне түскенде тығылып жүріп іштік. Бір күні Оралбай аға деген кісі келді де, тоғызқұмалақ үйренемін дейтін адамдарды іздеп жүрмін деді. Мен «қане, көрсетіңіз» деп, көріп едім, қалай ойнап кеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Содан ішімдікті де азайттым, бертін келе темекіні де тастадым. Өмірге деген қызығушылық оянды», – деп еске алады Смирнов.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Тоғызқұмалақ Александрдың өмірге деген құлшынысын оятты

Александрдың тоғызқұмалақтан алғашқы жарысы Алматы қаласында өтті. Одан кейін Тараз, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе, Атырау және тағы басқа қалаларды аралады. Осылайша, ол спорт шеберіне кандидат дәрежесіне дейін көтерілді. 2013 жылы тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионы атаныпты.

«Әрине, менің өмірге қайта келуіме Оразбай аға қатты көмектесті. Себебі ол келген бойда адамды сөзбен де, іспен де сендіре білді. Сосын жарыстарға барғанда үнемі қолдау жасап, кеңес беріп отырды. Қазір ол кісі қатты ауырады. Үйде отырып, ешқайда шықпайды. Біз оған анда-санда барып тұрамыз», – дейді Смирнов.

«Жедел жәрдемді күніне үш рет шақырдық»

Александрға қарттар үйінің Көктал кентіндегі жаңа ғимараты ұнайды. Қызметкерлері де жақсы. Бірақ өзі сияқты тұрғындар тым тұйық дейді, бір-бірімен араласуға асықпайды. 

«Осы жердегі адамдарды бөлмеден шығара алмайсың. Таңғы ас ішеді де, бөлмеде отырады. Түскі астан кейін де көп шыға бермейді. Бірақ кей кезде біз өзіміз жиналып, тоғызқұмалақ ойнаймыз. Жаңа бапкеріміз де келіп тұрады. Осында Әлия дейтін спорт шебері бар. Онымен де ойнаймыз», – дейді ол.

Тағы оқыңыз: «Музарт» тобының әндері қатты ұнайды»: Алты аспапта ойнайтын зағип жігіттің әңгімесі

Өкінішке қарай, Александрдың туған-туыстары қалмапты. Анасы ерте қайтыс болған. Әкесі де о дүниелік болып кеткен. Бір жас ағасы кісі қолынан ажал құшыпты. Ал інісі ми ісігінен қайтыс болған екен.

«Інім әскерден енді ғана келген еді. Жарты жылдан кейін жұмысқа орналасты. Сол кезде басы жиі ауыра бастады. Күнде «басым аурады» деп келеді. Күніне жедел жәрдемді үш рет шақыратынбыз. Сонда арақ ішпейтін, дені сау адамның басы қалай аурады деп түсінбей, дал болдық. Артынан ауруханаға жатқызды. Мидің қатерлі ісігі деген диагноз қойды. Үш айдай жүреді деді. Бірақ ол бір жыл өмір сүрді», –  дейді Смирнов.

«Бұрынғы өмірім ондай болған жоқ»

Келесі жылы Александрдың қарттар үйінде жүргеніне 20 жыл толады. Қазір жасы 54-те. Біз оған «Өмірді кері айналдырса, қай тұсын өзгертетін едіңіз?» деген сұрақ қойып көрдік. Ол көп ойланған жоқ.

«Жоқ, ештеңені өзгертпейтін едім. Меніңше, өмірде бәрін жоспарлап қою мүмкін емес», – деді Смирнов.

Оның айтуынша, адам спортпен шұғылданса, өмірге деген қызығушылығы жоғалмайды. Себебі жеңіске деген құлшыныс үнемі алға жетелеп отырады.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Александр Смирнов – тоғызқұмалақтан спорт шеберіне кандидат

«Сондықтан жастарға айтарым, спорттан алыстамаңыздар. Мен өзім тоғызқұмалақпен айналысқалы бері Қазақстанның біраз жерін аралап шықтым, әлі де баратын жерлер көп. Бұрынғы өмірім ондай болған жоқ», – дейді Александр.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз