«Мама, рөлге неге отырдың?!»: елорда маңында болған жол апатының видеосы тарап кетті

0
8996

Нұр-Сұлтанға жақын жерде болған жол апатының видеосы желіде тарап кетті. 48 жастағы әйел рөлге ие бола алмай, аударылып қалған. Видеода онымен бірге болған 9 жасар қыздың ашынған дауысы естіледі.

«Мама, рөлге неге отырдың?!», – деп айқайлайды бүлдіршін. Видеодан аударылып жатқан көлікті көруге болады.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мамандары жол апатының мән-жайын айтып берді. Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 6 шілде күні сағат 13:46-да Нұр-Сұлтан-Петропавл тас жолының 194-ші шақырымында болған.

«Toyota RAV4 маркалы көліктің жүргізушісі – Нұр-Сұлтан қаласының 48 жастағы тұрғыны Көкшетау жаққа бара жатқанда көліктің алдыңғы оң доңғалағының желі шығып кеткен. Содан ол рөлге ие бола алмай, аударылып қалған», – дейді полицейлер.

Жол апаты салдарынан көлік ішінде болған 9 жасар қыз жақ сүйегі, ал анасы кеуде тұсынан жарақат алған.

Қазіргі кезде көлік жүргізушісіне қатысты әкімішілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы, 1-тармағы (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді.

Ал басқа жолаушылар арыз жазып, көлік жүргізушісіне қатысты ешқандай талап-тілектің жоқ екенін мәлімдеді.