Мадуро Венесуэланың Бразилиямен шекарасын жапты

0
116

Венесуэла президенті Николас Мадуро шетелден келетін гуманитарлық көмекті елге кіргізбес үшін Бразилиямен шекараны жауып тастады. Президенттігін АҚШ пен бірқатар ел мойындамайтын Мадуро бұған дейін Колумбия шекарасын да осы себеппен жапқан.

Венесуэлаға жолданған азық-түлік пен дәрі-дәрмек қазір Колумбияның Кукута қаласында – Венесуэла шекарасына жақын орналасқан қоймаларда сақталып тұр. Көмектің көбін АҚШ жіберген.

Мадуро «Венесуэла халқы – қайыршы емес» деді. Оның пайымдауынша, АҚШ-тан келетін тауарлар Вашингтонның елге басып кіруіне себеп болуы мүмкін.

23 ақпанда Гуайдо өзі «озбыр» атаған Мадуроны қолдайтын әскерилердің қысымына қарамастан Венесуэла халқына гуманитарлық көмекті жеткізуге уәде еткен. Гуайдо бұл жоспарын қалай жүзеге асыратыны белгісіз. Оппозиция жетекшісінің жақтаушылары дәрігерлер мен мыңдаған еріктіні жұмылдырған.

Гуайдо биыл қаңтарда өзін уақытша президент деп жариялаған. Алдымен АҚШ, кейін бірнеше еуропалық және латынамерикалық ел оны заңды президент деп санайтынын мәлімдеген. Ресей мен Қытай Мадуроны қолдайды.

Николас Мадуро Венесуэланы 2013 жылдан бері басқарады. Ол бұрынғы басшы Уго Чавестің өлімінен кейін сайлауда жеңіске жеткен. Мадуроны құқық қорғаушылар демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын бұзып отыр деп сынайды. Венесуэла қазір ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. 2018 жылы инфляция деңгейі бір миллион пайыздан асқан. Дағдарыс салдарынан Венесуэладан үш миллион адам көшіп кеткен.

Қарай отырыңыз: Венесуэла революция қарсаңында тұр

Азаттық