Мадагаскардың жекпе-жек сайыпқырандары
Финбарр О’РЕЙЛЛИ,
«Нью-Йорк Таймс» – Самбава (Мадагаскар)
Жекпе-жек барысында жұдырықпен, шынтақпен ұрғаны, аяқпен, тіземен тепкені, соққының былш етіп тигені, дененің жерге гүрс етіп құлағандағы дыбысы естіледі. Екі жауынгер де бірдей деңгейде жұдырық жеп, соққы алады. «Фагноролафи» деп аталатын жекпе-жекке шығатындар біреуі бас тартқанша немесе нокаутқа кеткенше, болмаса төреші жеңімпазды анықтағанша осылай «қатал билерін» жалғастыра береді.
«Жекпе-жек алдында қорқынышты сезінбеймін. Егер қорқыныш пайда болса, ұтылғаның. Әйтсе де, өз күшіңді асыра бағаламау қажет», дейді жергілікті белгілі гладиатор, 28 жастағы Роки Амбанза.
Мадагаскардың солтүстік шығысындағы Самбава ваниль өндірісінің әлемдік астанасы саналады. Ұнтақ бағасының артуы жергілікті экономиканы нығайтты. Сондай-ақ ақшаның көбеюі ғасырлардан келе жатқан жекпе-жектің осы түріне коммерциялық сипат әкелді.
«Мораинги» жеңімпаздары жүлде ретінде ақша, магнитофон, теледидар, велосипед, тіпті автокөлікке ие болады.
Дәстүрлі спортқа өзгерістері енуде. Әдетте оған 10 және 35 жас аралығындағы бойдақ жігіттер қатысатын. Қазір әйелдер спортшы ретінде де, менеджер ретінде де белсенді араласа бастады.
«Күйеуім «мораингиді» жақсы көреді. Сондықтан ваниль сатудан түскен ақшаны спортшыларға келісімшарт негізінде ай сайын ұсынып, жекпе-жек ұйымдастырамыз», дейді Мариа Хаджи. Оның отбасы Самбавада спортшылар мен бапкерлерден құралған алты орамдық «мораинги» командасына демеушілік етеді.
Команда өңірді «минивэн» арқылы аралап, өздері барған қала тұрғындарының назарын аударып, дауыс ұлғайтқыш арқылы басқа командаларды айқасқа шақырады. Содан кейін болатын жекпе-жек күштің, жігердің, мінездің мықтылығы, әсіресе есе қайтарудың жолы саналады.
Спорттың ережесі өңірге байланысты өзгеріп отырады. «Әлемдегі жекпе-жектер: тарих және өнертабыс энциклопедиясы» кітабының авторы Эрнест Ратсимбазафидің пайымдауынша, нақты әлеуметтік негіздер мен ұстанымсыз жеңіске жету мүмкін емес. «Солардың ішіндегі бастысы – өз өзін бақылай білу. Соққы алардағы қорқынышты жеңу қажет. Сабырға жеңдіріп, кек қайтару үшін ызаға бой алдырмаған дұрыс», деп жазады.
Индиана университетінің профессоры Сара Остергудттың айтуынша, Мадагаскарда адамдар әдетте айқасудың балама жолын – мақал-мәтел арқылы не көріпкелдер арқылы өсек таратуды дұрыс көреді.
«Өзара түсіністікте болудың маңызы зор. Өйткені қоғамдық қимыл жеке әрекет етуден жоғары тұрады. Өйткені ғұрыптық жолмен қарсы келу адамдар арасындағы өшпенділікті жеңілдетеді. Ал жекпе-жек – соны нақты шеңбер көлемінде жасау», дейді профессор Остергудт.
Мадагаскардағы ең үздік клубтардың бірі Boîte Noir de Diego командасының бапкері Адуду Матчимудини «мораингидің» тек қана айқасудан тұрмайтынын айтады. «Бұл – біздің дәстүріміз, мәдениетіміз, тарихымыз», дейді ол.
Жекпе-жек тарихы XV ғасырдан бастау алады. Спорттың айналасындағы жөн-жоралғы бір-біріне құрмет көрсетуге итермелейді. Жеңімпаз қарсыласын құшағына алып, жерден көтеріп, аяққа тұрғызады. Жеңген де, жеңілген де құрметке бөленеді.
Хаджи ханымның батырлары футбол алаңында жаттығуға жиналды. Содан кейін жол бойындағы мейрамханадан күріш пен көже ішеді. Спортшылар айына жүз доллардан аса пайда табады. Бұл сома 15 жасында «мораингимен» танысып, бірден сонымен айналыса бастаған Амбанза үшін жеткілікті.
«Жекпе-жекке шығып жүргеніме 10 жылдан асыпты. Өмір сүруге жеткілікті қаржы табамын. Дәл қазір қабырғамды сындырып алғаным үлкен мәселе болып тұр», дейді ол.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»