LRT ісі бойынша Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сырттай сотталды
Елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
«Қанат Сұлтанбеков Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-тармағы және 28-баптың 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылсын. Мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа деңгейдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін», — деді судья Виктория Семенова үкімді оқи отырып.
Айта кетсек, Т.Ардан мен Қ. Сұлтанбековке қатысты үкім сырттай шығарылды.
Судья оның себебін екі сотталушының да Қазақстаннан тыс жерде екенін және сотқа келуден жалтаруымен байланыстырды.
«Талғат Ардан Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Айыптыны мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін», — деді судья.