Лондон төрінде Димаштың концерті дүркіреп өтті

0

2018 жылғы 20 қараша 09:27 431

Ұлы даладан Ұлыбританияға: Лондон төрінде Димаштың концерті дүркіреп өтті


АСТАНА. ҚазАқпарат — Лондонда Димаш Құдайбергеннің концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдени шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған болатын. Аталмыш ведомствоның баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай концерттен видео үзінділермен бөлісті. Шағын үзінділерде Димаштың Құрманғазы күйі «Адайды» шебер орындағанын, өз репертуарындағы және әйгілі француз әні «S.O.S» әнін шырқағанын көруге болады.

Айта кетерлігі, дәл осы «S.O.S» әні орындалған кезде сахнаның алып экранынан мәнерлеп сырғанаушы, марқұм Денис Теннің мұз айдынында өнер көрсеткен видеосы көрсетілген.

Ұлы даладан Ұлыбританияға: Лондон төрінде Димаштың концерті дүркіреп өтті 

Тағы бір видеоүзіндіде Димаш орындаған «Дайдидау» әнін Лондондағы көрермендердің үлкен шоғыры бірге айтып тұрғанын көруге болады.

Ұлы даладан Ұлыбританияға: Лондон төрінде Димаштың концерті дүркіреп өтті 

«Indigo at the O2» залы бұл күні көрермендерге лық толды. Қазақстан, Чехия, Бельгия, Ұлыбритания, Қытай, Канада, Германия, Ресей, Финляндия, Чехия секілді әлемнің 45 елінен келген әншінің жанкүйерлері концерт басталмай тұрып-ақ «Димаш» деп дауыстап, шоудың басталуын асыға күтті. Екі сағатқа созылған концерт көпшілік күткеннен артық деңгейде өткені анық. Әнші сахнадағы әрбір нөмірінде әртүрлі киіммен шығып, тек жанды дауыста ән шырқады.

Еске сала кетсек, осыдан төрт күн бұрын Димаш Құдайберген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесуінде Лондонда орындалатын әндердің 60 пайызы қазақ тілінде болатынын айтқан еді.

Одан бөлек, әншіні Британ астанасындағы әуежайда әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлері қалай күтіп алғанын хабарлаған болатынбыз.