Ливан мен Иордания Теңіз кенішінде зардап шеккен азаматтарын әкетпек

0

Ливанның Қазақстандағы елшісі Жискар әл-Хури 1 шілдеде Қазақстан сыртқы істер министрімен кездесіп, Теңіз кенішінде 29 маусымда болған оқиғаны талқыламақ. Бұл туралы 1 шілдеде Informburo.kz басылымы хабарлады.

Ливан және Иордания билігі Теңіз кенішінде болған жанжалда зардап шеккен азаматтары қазір қауіпсіз жерде екенін, оларды әкетуге дайындалып жатқанын айтқан.

Ливандық NNA агенттігінің мәліметінше, Ливан қорғаныс министрі Ілияс Бу-Сааб Қазақстан билік өкілдерімен телефон арқылы сөйлесіп, болған оқиғаны айыптаған және Қазақстандағы ливан диаспорасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырған.

Ливан СІМ Қазақстан билігімен, ливандық жұмысшылар және жанжал шыққан компания өкілдерімен байланыста екенін мәлімдеді.

Иордания сыртқы істер министрі Айман Сафадидың хабаралуынша, иорданиялық жұмысшылар орналасқан қонақ үйге күзет қойылған.

29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз жұмысшылар кентінде CCEP компаниясының жұмысшылары наразылыққа шыққан. Оған WhatsApp-та тараған сурет түрткі болған.

«[Жұмысшылар] Ливия азаматы Eli Daoud-тың WhatsApp-та жариялаған қызбен бірге түскен суретіне наразы болған» деп жазылған әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

29 маусымда түстен кейін наразылыққа шыққан жұмысшылармен Атырау облысының бірінші орынбасары Серік Шәпкенов кездескен. Кездесу кезінде «тұрмыстық жанжалды ушықтыруға болмайтыны», «кеніштегі еңбекті ұйымдастыру мәселелері» талқыланған. Оқиғаға байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып, оған «Теңізшевройл» (ТШО) мен оған қарайтын мердігер мекеме Сonsolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) өкілдері кіретіні айтылған.

Оқиға кезінде 30 адам зардап шеккен.

Azattyq