Домой Жаңалықтар Ли бай мен Шыңғыс ханды қазақ жасағанда не өзгереді?

Ли бай мен Шыңғыс ханды қазақ жасағанда не өзгереді?

0
345
Фото abai.kz сайтынан алынды

Ақын, аудармашы Құдаш Сабаншыұлы: «Бар қазаққа ие болып, қазақша сөйлете алсақ соның өзі олжа ғой», — дейді…

Мұңғұлкүреден Құлжаға

– Құдаш мұғалім, әңгімеңізді туған жеріңізден бастасаңыз?

– Мен 1939 жылы 30 қарашада қазіргі ҚХР Іле қазақ автономиялы облысы, Мұңғұлкүре ауданы, Ақдала ауылының Шетмыс деген жерінде қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. Ол заманда бүгінгідей туған күнді тіркеу, туу күбәлігін беру де болмаған. Еске де сақтамайды екен. Әкем мен шешем жарықтық: «Әлгі қазан айында жауатын қырбақ қар емес, қыстың басында тізеден келетін қалың қар түскенде туылып едің. Біз сол кезде бір құданың үйіне қонаққа барып келгеннен кейін сен дүниеге келіп едің, содан сенің атыңды Құдабай қойған едік», – деп айтып отыратын.

– Сіздің азан шақырып қойған атыңыз Құдабай болса, қазір Құдаш Сабаншы болып жүрсіз ғой.

– Әке-шешем мені еркелетіп Құдаш деп айтатын. Кейін Құлжаға оқуға барғанан кейін атымды біржолата Құдаш Сабаншыұлына өзгертіп алдым. Әкем Сабаншы оқымаған, момын кісі еді, ешбір өнері де жоқ еді. Бірақ өзі діндар адам болды, бес уақ намазын қаза қылмай оқып жүретін. Мен төрт ағайындымын ғой, менен үлкен екі ағам, менен кіші бір інім болды. Әке-шешеміздің тұңғышы қыз екен, ол әкпемді мен туылмай жатып ұзатып жіберіпті. Екі ағам ержетіп еңбекке жараған кезде әкемнің қолы ұзарып, жұмыспен көп шұғылданбай екі ағама сырттай көз қырын салып ойда, қырда болды. Менің алаңсыз оқып қалғаным содан болатын. 4 сыныпқа дейін туған ауылымда оқысам, 5 сыныптан 7 сыныпқа дейін аудан орталығындағы метепте оқыдым. Ал толық ортаны Құлжадағы Ахметжан Қасыми атындағы дарынды мұғалімдер мектебінде барып оқып, 10 сыныпты 1959 жылы бітірдім.

Мектепті бітіргеннен кейін біраз сыныптастарым ауылдарына қайтып кетіп қалды. Көбі ауылдарында мұғалім болыпты. Ал менің ары қарай жалғастырып оқу ойым болды. Ауылға барғанда не істеймін, Құдайға шүкір екі ағам еңбек істеп әке-шешеме көмектесіп жүр ғой, одан да жоғарылап оқиын, білім алайын деп шештім. Әсіресе үлкен ағам өте еңбекшіл жан еді, бір күні бұл ойымды осы ағама айттым, – Аға, тағы жоғарылап оқитын оқу бар екен, онда бес жыл оқиды дейді, менің соған барып оқығым келеді. Атам мен шешеме (әкемді ата деп атаушы едім) бұл туралы айтатын болсам, ол кісілер бұған қосылмайды білем. Құлжаға оқуға барарда әкем: «Құлжада безгек ауру тарап жатыр екен, сен безгек болып ауырып қалсаң саған кім қарайды? Пәленнің баласы, түгленнің баласы Құлжаға оқимыз деп барып безгекпен ауырып келіп, түйенің сүтін сауып ішіп жатыпты, саған сауып беретін бізде түйе де жоқ», – деп біраз қиғылық салып әрен жібергенін өзіңіз жақсы білесіз. Атам мен апама Құдаш тағы бес жыл оқиды екен деп айтпаңыз, бір-екі жылдық оқу екен деп айтып көріңіз, –  дедім. Ағам сөзімді құп көріп: «Болды, оқимын десең оқып кел, мен әкем мен шешеме түсіндіріп айтамын», –  деді. Міне осы ағаларымның арқасында Шынжаң институтының тіл-әдебиет факультетінде бес жыл озат оқып, қызыл дипломмен бітірдім.

–  Алғашқы жазған тырнақ алды туындыңыз есіңізде ме?  

– 1954 жылы бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде Қытайда автономиялы құқықтық саяси реформа жүргізіліп,  автономиялы өлке, автономиялы облыс, автономиялы аудан және автономиялы ауыл рет-ретімен құрылып жатты. Сол кезде Мұңғұлкүреде «Саганусын» деген (қазіргі Ақсу аулын негіз етіп) моңғол автономиялы ауыл құрылды. Осыған орай аудан бойынша ұлан асыр той жасалды, ұлттық спорттың неше түрінен өнер көрсетілді. Мөре палуан (моңғол) мен Жұман палуан (қазақ) бірін бірі жықпай ұзақ уақыт күресіп, халыққа тамаша өнер көрсетті. Сөйтсе, басшылықтың оларға тапсырысы солай болған екен.

Мұғалім бізге осы тойға арнап шығарма жазыңыздар деп тапсырды. Мен өлең жаздым. Бұл менің тырнақ алды өлеңім еді.

– Орта мектепті Құлжада оқыпсыз, ол кезде ауданда толық орта мектеп жоқ па еді?

– Ол заманда аудандарда 7 сыныпқа дейін оқытатын, толық орта мектеп жоқ болатын. Мектепте жақсы, озат оқыған оқушыларды Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы дарынды мұғалімдер мектебіне жіберетін. Мен де осы мектепке 1956 жылы қыркүйекте барып 1959 жылы  шілдеге дейін үш жыл оқыдым. Бұл мектепте негізінен Қазақстаннан оқып келген мұғалімдер сабақ беретін. Арнаулы оқытылатын пәндерден сырт әр аптаның сенбісі түстен кейін білімін толықтыратын, өнерін шыңдайтын әдебиет, математика, физика, химия, сурет пәнінен және шорник деген куржектер болды. Шорник куржегінде етік тігу, етік жамау, қайыстан өрім өру секілді қолөнерді үйрететін. Мен сурет күржегіне қатынастым, өйткені өзім де бұрын сурет салып жүруші едім. Халел деген ұйғыр мұғалім бізге сурет сабағын берді, ол өзі сурет салып көрсететін, көбінесе «өздерің салыңдар» деп өзімізге салдырып қоятын. Сонда Сейтжан деген ұйғыр бала екеуіміз сурет салудың техникасын жақсы меңгеріп алдық. Бұл екеуіміздің салған майлы бояу суреттеріміз мектептің жиын залы, кітапханасы мен асханасының қабырғаларында ілулі тұратын. Одан сырт мектептің қабырға газететті шығару, оның материалдарын реттеу, суреттерін салу менің мойнымда болатын.

Мектеп бітіретін кезде, «мына балаға обал болды ғой» деп мектеп ұйышмашына (ұйымына) бір керует әкеліп жалғыз өзімді жатқызып қойды. Тамаққа бара алмай қалсам, сыныптастарым кезекпен әкеліп беріп жүрді. Соңында жалығып кеттім, осы мен суретші болмай-ақ қояйыншы деген бекімге келдім.

Құлжадан Үрімжіге

1959 жылы Үрімжідегі Шынжаң институтына оқуға түскеннен кейін сурет салуды біржолата қойдым. Сол жылы Қытай Халық Респуликасының құрылғанына он жыл толған болатын. Барлық жұрт сол мерекеге дайындалып жатыпты, әлі оқу басталмаған. Сол барыста бірнеше өлең жазып үлгірдім. Оның бір-екеуін «Шынжаң газетіне» жіберсем, «Мау төраға паратта» деген өлеңім қазанның бірінші күнгі нөміріне басылыпты, ал «Гұңшы қырманы» (Гұңше – колхоз) деген өлеңім қазанның бесінші күнгі нөміріне жарияланыпты. Осы екі өлеңім баспасөзде жарық көргеннен кейін мен әдеби шығармаға қарай ден қойдым.

Құлжада оқып жүргенде Тұрдақын Битіман (Жексанбай) деген мұғалім үш жыл қатарынан сынып жетекшісі болды. Бұл кісі өзі әдебиетке қатты қызығады екен. Өзі де жазатын көрінеді, бірақ ол кезде газет-журналға жариялағанын көрмедік. Мен осы ұстазыма арнап өзім шығаратын қабырға газетке бір өлең жазған едім, сонда Тұрдақын мұғалімге бұл өлеңнің «Сіз киген өлең-жырдың тақиясын, басыма отырмын мен жаңа киіп» деген жолын «өте керемет, әдеби сурет!» деп қатты мақтағаны әлі есімде.

Бұл кісіні айтқан себебім, Құлжада оныншы сыныпты бітіріп Үрімжіге барғанда курстастарымның жартысы ұйғыр, жартысы қазақ болды. Оңтүстік Шынжаңның Қашқар, Хотан, Атұш аймақтарынан ұйғыр балалар, ал солтүстік Шынжаңның Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарынан өзім құралпас қазақ балалар келді. Бір-бірімізбен онша танысып үлгірмедік. Сонда ұйғыр мен қазақ балаларды араластырып бір курсқа (аудиторияға) бөлген болатын. Бұл курсқа мені бірден старостасы сайлады, сөйтсем, менің мінездемемді, оқудағы үлгірімімді Құлжадағы сынып жетекшім жақсылап жазып жіберген көрінеді. Болмаса мені олар қайдан білсін. Сонымен бұл курсты бітіргенше староста болдым және бес жыл озат оқыдым.

– Шынжаң институтында оқып жүрген кезде сабақ беретін қазақ мұғалімдер болды ма?

– Бізге Ахметбек Кіршібаев, Әуелхан Қали деген қазақ мұғалімдер сабақ берді. Көбі ұйғыр мұғалімдер еді.

– Сіздерде қытай тілі сабағы болды ма?

– Біздің оқыған факультет тіл-әдебиет болғанымен әдебиетке қатысты сабақтар болды да, қытай тілі өтілмейтін. Біздің жанымызда қытай тілі факультеті болды, оларда бес жыл оқитын. 1960 жылдың басында Шыңжаңда ашаршылық болды, мектеп жағынан жарты күн оқытып, жарты күн «денсаулық бірінші» деп демалдыратын. Бірақ көп балалар аштықтан басы, бақайы ісіп кетіп ауыратын.

– Ашаршылық кезінде сіздер не жедіңіздер?

– Біз сыбыртқының басына ұқсайтын гаулияң деген астық бар, соның дәнін жедік. Оны жеген адамның іші қатып қалады екен. Аптасына бір рет сенбі күні ұйғыр науайлар жапқан ортасы шұқыр бидай тоқашын береді. Кейбір балалар сол тоқаштың жартысын жеп, жартысын келесі сенбіге дейін таңдайына салып сорып жүргенін көрдім. Асханада кеспе көже бергенде үстел үстіне анда-санда қоюы түсіп қалса соны теріп жеп жүргенін көрдік, өзіміз ауырсақта үйтпедік. Осындай қиын жағдайды бастан өткердік.

– Ашаршылық қанша жылға жалғасты?

– 1960 жылы басталған ашаршылық 1962 жылға дейін жалғасты. 1963 жылдан кейін барып жағдай біршама дұрысталды.

– Сіздерге қытай классик әдебиеті мен шетел әдебиеті сабақтары берілді ме?

– Ондай сабақтар болмайтын. Шыны керек ол кездегі жоғары оқу орындарында саясатты негіз етіп оқытатын. Мысалға айтайын, бізге бір ұйғыр мұғалым ұлт туралы сабақ беретін. Сонда әлгі мұғалім: «Ұлт деген үлкен мәселе, бұл маңызды мәселе, ұлт туралы Сталинның былай анықтама берген: «Бір ұлт болу үшін оның өзіндік діні болу керек, өзіндік әдет-ғұрпы болу керек, өзіндік тілі болу керек, өзіндік териториясы болу керек. Сондықтан територия өте маңызды мәселе. Мәселен, мына Қазақстандағы қазақтар мен Шынжаңдағы қазақтарды бір ұлт деп айтуға болмайды. Не үшін десеңіз, біз басқа територияда тұрамыз, бөліп отырған шекарамыз бар. Біз шекараның шығысында, олар шекараның батысында тұрады», –  дейді. Ол кісі сөйлеп жатады, біз партаның астына тығып алып роман оқып отырамыз. Бір жақсысы ол кісі бізге неге сабақ тыңдамай кітап оқып отырсыңдар деп ұрыспайтын.

– Сіздер тығып оқитын романдар қай елдің жазушыларыныкі еді?

– Біздің оқитын кітаптардың көбі Қазақстан жазушыларының және орыс, француз жазушыларының романдары еді. Испания жазушысы Сервантестің «Дон Кихотын», француз жазушысы Бальзактың «Шегірен былғары», «Гория атайын», орыстың ақын-жазушылары Н.Гоголь, Леф.Толстой, М.Лермонтов, А.Пушкин және М.Шолховтың «Тынық Дон», «Көтерілген тың», Гардиевтың «Жас гуардия», «Тасталқан» деген романдары еді. Әсіресе Бальзактың «Шегірен былғарысын» өте қызығып қайталап оқушы едік.

– Кітап оқумен бірге шығармашылықпен де айналысқан боларсыз?

– Әрине, ара-тұра жазып жүрдік. Мен 1960 жылдан бастап қытай тілін өз бетіммен үйрене бастадым. Ол кезеде қытайша-қазақша сөздік атымен жоқ болатын. Тек қытайдың «Шиньхуа сыдән» деген сөздігі болды. Осы сөздіктегі әрбір сөздің тұсындағы қытай тіліндегі түсіндірмесін қағазға қазақшалап алып, оны бір-екі ай үйренгеннен кейін қытай тіліндегі газет-журналдарды оқып түсінетін дәрежеге жеттім. Кейде қытай тіліндегі газет пен қазақ тіліндегі газетті сатып алып, аудармаларын салыстырып, мына сөздің мағанасы былай екен ғой, мына сөзді былай қолдануға болады екен ғой деп ара-жігін ажыратып түсінетін дәрежеге жеттім. Қытайдың сол заманадағы атақты ақыны Хы Жыңзының «Ли Фың жыры» деген көлемді поэмасы бар еді, соны институтты бітіретін шылы наурыз айында аударып Шынжаң жастар-өрендер баспасына беріп кеткен болатынмын, бұл кітап болып 1965 жылы жарық көрді.

                          Үрімжіден батыс солтүстік шекараға

– Ол кезде баспалар қаламақы беретін бе еді?

– Мұңғұлкүредегі 76-туанның (поликтің) мектебінде мұғалім болып, жаздық каникулда ұжымымен бірге тауда шөп шауып жүрген едім, 4-5 кітаппен бірге, «мынау сіздің қаламақыңыз» деп пошташы әйел 1245 юань әкеліп берді. Бұл ақша ол кезде өте көп ақша болатын. Сол қаламақымның біразын әріптестеріме жуып берген болатынмын.

– Бір курстың бес жыл старостасы болып, қызыл дипломмен бітірген студенттің Қытайдың батыс солтүстігіндегі шекарадан бір-ақ шыққаны қызық болған екен.

– Бұл өзі ұзақ әңгіме, енді саған мұны қысқартып айтып берейін. 1962 жылы «Шәуешек оқиғасы» деген оқиға болды, одан хабарың бар шығар. Шөуешектің тең жартысына дейінгі халқы Совет Одағына қашып өтіп кетті.  Олардың әр қалада  оқып жатқан балалары отбасынан бөлініп қалып қойды. Сақшының қызыл таңбасы бар шақырту қағаз алып үлгіргендер өтіп кетті де, ала алмағандар қалып қойды. Сол Шәуешек оқиғасы кезінде Іленің қорғасынан да біраз адамдар қашып өтіп кетіпті. Осы оқиғадан кейін институт біздің қандай отбасынан екенімізді білу үшін аймақтар мен аудандарға адам жіберіп анықтап келіпті. Біздің одан хабарымыз жоқ, ал біздің жазып береген отбасы туралы жазбамызды есепке алмапты, оған сенбеген ғой. Содан менің ауданыма барғанда жерлестерім: «Құдаш Сабаншыұлы 1931-32 жылдары Совет Одағынан шекара бұзып, қашып келген отбасының баласы» деп жазып берген көрінеді. Осының әсері болу керек, әдебиет факультетінен бітірген мені, матыматика факультетін бітірген құмбылдық бір үйғыр бала мен биология факультетін бітірген қашқарлық тағы бір ұйғыр бала үшеуімізді Үрімжідегі «Шыңжаң өндіріс, құрлыс дивезиясының бас штабына» жолдамамен жіберіпті. Үшеуіміз жолдамамызды көтеріп бас штабқа бардық.

– Осы «Шыңжаң өндіріс, құрлыс дивезиясының бас штабы» қалай құрылғаны туралы аз-кем айта кетсеңіз?

– Өзің де жақсы білетін шығарсың, Жаң Жешы (Чан Кайши) басқарған Гоминьдаң билігі мен Мау Зыдұң (Мао Цзэдун) басшылық еткен Қытай коммунистік партиясы бір-біріне қарсы ұзақ жыл соғыс жүргізді. Гоминьдаңға қарағанда коммунистердің әлауқаты өте төмен болғандықтан Мау Зыдұң «Жыңгаңшан төңкерісі» (1927 жылы) кезінде тың жерді ашу, өндіріспен айналысу деген идеясын алға қояды. Қысқасы, қызыл әскер соғысуды ғана біліп қалмай, егін салып, өндіріспен айналысып қаржы топтап, өзінің әлеуметтік, экономикалық мәселесін шешу керек, барлық жағдайда халық бұқарасына иек артып алуға болмайды деген мақсатпен бастаған. Кейін Уаң Жін генерал бастаған қызыл әскер Шынжаңға келгеннен кейін осы тәжірибені қолданған. 1954 жылы қазанда төраға Мау Зыдұңның  шешімімен «Шынжаң өндіріс, құрлыс дивезиясының бас штабы» Үрімжіде құрылады. Қазір Шынжаңда осы бас штапқа бағынатын 14 Ауылшаруашылық дивезиясы, 178 туан (полк) бар. Мұның көбі Шынжаңның шекара аймақтарына орналасқан.

– Сізді өз облысыңызға жібермей, дивезия бас штабына жіберген себебі не деп ойлайсыз?

–  Мүмкін менің отбасым Совет Одағынан шекара бұзып қашып келгені себеп болған шығар, нақты себебін біле алмадым. Бізді бас штап көп күттірген жоқ, Құлжадағы Ауылшаруашылық 4 дивезиясына жіберді, Құлжауға келіп Лужу қонақүйінде 12 күн қызмет бөлісімізді күтіп жаттық.

Ауылшарушылық 4 дивезияның әкімшілігінде ұлттық бір басшысына жолықтық, ол ұйғыр екен. Бір ол біздің жұмысымызды шеше алған жоқ. Қытай басшыларына жолығып сөйлесуге біздің шарт-жағдайымыз толмайды. Бір күні біз жатқан қонақ үйге бір қытай жігіт келді, ұйымдастыру мекемесінің қызметкері екен. «Біздің Ауылшаруашылық 4 дивезияға біріншірет толық курсты оқып келген сіздер ғана екенсіздер, біздің басшылар «жақсы болды» деп қуанып жатыр. Бізде алғаш құрылған Көкдала (64-туан) деген полк бар, сіздер соған баратын болдыңдар», – деді.

Осы сәтте маған бір ой келді. Мені әке-шешем кезінде мектепте оқуға әрен жіберіп еді. Одан кейін үлкен ағама айтып жүріп әке-шешемді алдағандай болып Үрімжіге барып оқып едім. Енді мына қорғасқа бөлінсем, мына Үйсін тауынан ары-бері асып жүремін бе? Одан да орай келіп тұрғанда бұған жалпы жағдайды түсіндіріп айтайын деген бекімге келдім де қытай тілінде сөйледім, жанымдағы екі ұйғыр бала тыңдап отыр.

– Жолдас, мен Шынжаң институты тіл-әдебиет факультетінің толық курсын бітіріп келдім, оны сіз де біліп отырсыз. Әдебиет деген қоғамдық пән, сол себепті мен бөлініп барған жерде мұғалім болуым керек. Бірақ ол жердің халқының көбі ұйғырлар екен, мектеп және әкімшілік қызеттің бәрінде ұйғырша жүреді екен, мен оған барсам өзім де қиналамын, ұйымды да қинап қоятын сияқтымын. Мен қазағы бар жерге барсам,  – деп едім. Ол маған таңырқай қарап: «Сіз қай ұлтсыз», – деді. – Мен қазақпын, – дедім. Ол: «Ұйғыр мен қазақ екі ұлт па?». – Иә, екі ұлтпыз. «Екеуінің тілі де, жазуы да ұқсамай ма?». – Тілі де, жазуы да ұқсамайды. «Мен үшеуіңді бір ұлт екен деп жүрсем. Бұл бір қызық оқиға болды ғой» деп күлдіде, сөзін сабақтап, «Онда мен бастықтарға барып айтайын», –  деп кетіп қалды. Екі күнгеннен кейін әлгі қытай жігітім келіп: «Сен өз ауданың Мұңғұлкүредегі 76-туанға (полкке) бөліндің. Көрпе-жастығыңды арқалап әуре болма, поштамен өзіміз жіберіп береміз. Өзің соқа басыңызды алып кете бер. Бірінші қазандағы мемлекет мерекесінен кейін қабылдау бөліміне барып тіркеле берсең болады», – деді.

Қуанышымда шек болмады. Менің қытай тілін жақсы меңгеріп алғанымның пайдасы алғаш рет осы жерде тиді. Мені қызметке бөлген жер Мұңғұлкүренің батысы, мына Нарынқолдың өкепе тұсы, қазіргі Абай ауылы ғой, ал туған жерім Мұңғұлкүренің шығысы Аттың тауы Шетмыста болатын. Құлжадан көлікке отырып жол бойындағы Тасбұлақтан түсіп қалдым да ауылыма жаяу тарттым. Үстімде көк қадани шапан, бұтымда барқыт сым, аяғымда қонышы қысқа жасыл шоқайым бар, сары сөмкеммен үйге бардым. Аяқ астынан сопаң етіп үйге кіріп келген мені көргенде әкемнің қуанышында шек болмады.

– Бес жыл бойы ауылыңызға келмеген бе едіңіз?

– 1960 жылдың жазында бір-ақ рет ауылға жібермеді, басқа жазғы каникулдар да келіп тұрғам ғой. Ол кезде қазіргідей даңғыл жол жоқ, автобуз, пойыз деген жоқ, қара машинамен жүретінбіз. Құлжадағы көлік бекетінде белет алу үшін біріміздің басымызға біріміз бас сүйеп жатып талай таңды атырған кезіміз болған. Құлжадан Үрімжіге, Үрімжіден Құлжаға келу үшін орта жолда Шихуға бір қонатынбыз. Ауыз судың тапшылығы соншалық, бір шәшке су сол кезде 10 тиын еді. Он тиын ол кезде үлкен ақша, елу тиынға бір тәлеркі лағман немесе палау алып жейтінбіз.

– Сонмен алғашқы қызметке келдіңіз?

– Басқармаға барсам, басқармада мектеп жоқ. Тек бірнеше лән (рота) бір орталық бар екен, оны «үшінші қызыл байрақ» дейді екен. Қазіргі шекара түбіндегі 76-туанға (полкке) келдім.

Осылайша Совет Одағының шекарасын бұзып қашып келген қазақтың қара баласы, кейін шекараны қорғады. 1969-1970 жылдағы соғыс дайындығы кезінде мен бір жыл қару-жарақ бөлімінде қызмет жасадым.

Мұнда мен 1964 жылы қазан айында келдім ғой, бұл полк 1963 жылы наурызда құрылыпты. Қазақ, моңғол, қытай перзенттер мектебі дейтін мектеп бар екен. Мектеп жаңадан салынған екен, оның есік-терезелері әлі толық салынып үлгірмепті. Біз соның ішінде сабақ өттік. Бұл мектептің кірпішін мұғалім де, оқушы да, жұмысшы да құяды екен. Мен 6-7 сыныпқа қазақ тіл-әдебиет пәнінен және қытай тілінен сабақ берім. Сол мен оқытқан балалардың кейбіреуі ешбір жоғары мектеп оқымай-ақ, арнаулы қытай тілі курстарын оқымай-ақ мемлекеттік қызметкер болып шыға келді.

– Қытайдың аты шулы Мәдениет төңкерісін көрдіңіз ғой.

– Көргенде қандай, бел ортасында жүрдік қой. Бұл енді ақылға симайтын қызық әңгіме, сонда да айтайын. Мәдениет төңкерісі алдымен мектептен басталады ғой. Біздің мектепте екі топ болды – моңғол, қазақ деген. Мен бір топтың жетекшісі болдым. Мектептің үш қазақ басшысына қағаз қалпақ кигізіп, көшені айналдырып келіп билігін олардың тартып алдық. Билікті алғаннан кейін Құлжадағы өзім оқыған мектептің 10 сыныбын 1966 жылы бітіріп келген жігіт директор болды, мен ғылыми мүдір болдым.

– Сіздерге жаңағы үш басшының несі ұнамай қалды? 

– Мәдеиет төңкерісінің негізгі міндеті кім мәнсапты болса соны күреске алу, соның артынан шам алып түсу ғой. Олардың басқа кінәсі жоқ, тек мектеп басшылығында болғандығы үшін кінәлі болып тұр. Сол үшін олар буржуазия жолымен, капитализм жолымен жүрген мәнсапқорлар есептелді.

– Ешқандай буржуазия, капитализммен қатысы болмаса да ма?

– Жаңа айттым ғой, ол кездегі саясат солай болды. Ашылып сайрауда біреуден бір кінәрат тауып оны күреске алу керек, оны күреске алмасаң, олар сені күреске алуы мүмкін, бұл саяси күрес болған соң одан басқа жол жоқ. Әлгі үшеуін көше айналдырып келгеннен кейін бір үйге кіргізіп қамап қойған соң басшымыз: «Сен ана үшеуіне жеке өзің барып, «бұл төңкерістік шара, сендер капитализм жолымен жүрген мәнсаптысыңдар, мәселелеріңді тапсырып, өз идеяларыңды азат етіп түзелсеңдер ұйымның, халықтың кеңшілігі бар» деп айтып қой, «ана қағаз қалпақтарын тамақ ішкенде алып қойсын. Ал көшеге алып шыққанда хуңибиңдер (қызыл қорғаушылар) өздері кидіреді», – деді. Оларға барып айтып едім, әлгі мектеп директор болған кісі: «Менің пікірім бар еді, соны саған айтсам бола ма?», – деді. – Айтыңыз, – дедім. Ол:

«Біздің қателігіміз өте көп, әсіресе менің қателігім өте ауыр, менің басыма қағаз қалпақ кидіріп көше айналдырғанша, одан басқа ауыр жазамен жазаласа соның бәріне көнер едім. Біз капитализм жолымен жүрген мәнсапқор болдық. Енді менің бір талабым, ана хуңибиң балалар біздің шаштан жұлып, бет-аузымызға ұрмаса екен, ел көрмейтін жерімізге ұрып, соқса да оның бәріне көнеміз», – деді. Өтінішін қабыл алып, хуңиңбиңдерге ондай дөрекелік көрсетпеуін шет айтып қойдық. Кейін төңкеріс саябырлағаннан кейін әлгі кісі айтады ғой: «Құдаш, сен кеткеннен кейін жанымдағы екеуі мені қатта ұрысты», – дейді. – Неге ұрысты? – деп күлсем. «Сенің қу аузың тыныш отырмайды екен, неге олай айттың, енді сенің осы сөзің біздің басымызға пәле болатын болды», – деп қатты қорықты», – дейді. Кейін бір-екі жылдан кейін қатарымызға қосылып бірге қызмет жасап жүрдік. Бірақ бұрынғыдай басшылық қызмет істемеді.

– Кейін олар сіздермен іштей кектеніп кеткен жоқ па?

– Бізге кектенетіндей оларға қатты күш көрсетіп, озбырлық жасаған жоқпыз ғой. Бір күні бізге бір орынбасар саяси коммиссар келе қалды, ол: «Бұл адамдарға қандай шара көру туралы халық бұқарасы, мұғалімдер өздерінің пікірлерін қағазға жазып берсін», – депті. Екі топ бірге отырмыз. Алдымызға ақ қағаз жайып қойды да: «Әр адам бір бетке өз пікірін жазсын, ал екі адам бірігіп жазамын десе де болады. Бірақ пікірі, көзқарасы бірдей болуы керек», – деді. Сонымен әрқайсысы қолына қаламын алып жазып жатыр, біреулер: «Мыналарға ең төмен болғанда 5 жыл, әйтпесе он жылға сотталсын» деп жазыпты, енді біреулері: «Мыналарды екі жыл сынаққа қойып, екі жылдан кейін ату керек» деп жазып жатыр. Енді біреулер: «Бұлардың қылмысы өте ауыр, бұларға ешқандай кешірім болмасын» деп жазыпты. Оларды да түсінуге болады, өйткені  «олар жақтаған немесе кешіріммен қараған адамның» да бір күні қылмыскер болып шығуынан қорқатын. Не ғұрлым қаттырақ, басып жазсақ жақсылық болама деген үміттен болған ғой.

«Бұл Мәдениет төңкерісі барлық адамның жан жүйесіне тіріледі, сондықтан әр адам мен де күреске алынуға тиісті адамның бірімін деп түсінетін, іштей дайындықпен жүретін. Әрі төңкеріске қатысушымын, оны алдыға ілргерілетушімін деп санайтын. Мен күреске алынбаймын, мен тазамын деп айта алмайсың. Барлық адамға қарсы пікір жазады, кемшілігі бар ма, жоқ па оған қарамайды. Әйтеуір тырнақ астынан кір іздеп әшкерілеуге тырысатын. Жалпы Қытай қоғамында бірін бірі қаралаған, жазғырған, олардың үстінен арыздар жазып тамдардың қабырғасына іліп тастайтын  заман  болды.

– Жаңағы ақ қағазға арыз жазғандардың арызы орындалды ма?

– Қайдан орындалсын, бәрі бос әңгіме, бұл әңгімені өз арамызда қалдырдық. Бізден басқа жақта бұл төңкеріс өте қатты болыпты. Тергеуге, таяққа шыдамай өзін өзі өлтіргендер болыпты. Оны кейін білдік.

– Сіздің үстіңізден арыз жазғандар болды ма?

– Жазды ғой, жазғанда қандай. Бірақ мен ешкімнің көзіне шұқып, жағасынан алған емеспін. Не болмаса оқушыларды үйт, бүйт деп оларға қарсы үгіт жасаған емеспін. Сол қарапайым мұғалімдікпен, ғылыми мүдірлікпен айналысып жүрдім. Мәдениет төңкерісінің дұрыс жүрілмей отырғанын бәріміз білдік, бірақ оған қалай қарсы шығасың?! Қарсы шығу деген өзенге қарсы жүзіммен бірдей ғой. Әлгі күреске алғандарды басқа жерге ауыстырды. Араға үш жыл салып бұлардың мұғалімі мұғалім болып, жыдоуяны (нұсқау берушісі) ләнннің (ротаның) орынбасар  ланжаңы (командирі) болып ауысып кетті. Ал ғылыми мүдірімізді Текес ауданының бір май зауытына ауыстырып жіберіп еді, кейін көшіріп алып келіп мектепте жай мұғалім етті. Осылай айғай-шуменен Мәдениет төңкерісі күркіреген, найзағай ойнаған күндей он жыл болып өте шықты.

– Жазатын өлең, аударатын дүниелер жайында қалды ма?

– Ол кезде өлең жазу деген жоқ қой, үш-төрт жыл өлең жазбай кеттім. 1969 жылы мұғалім болып жүрген кезде туанның (полктің) басшысы, аудармашысы болмай қалғанда мені мектептен сұрап алып аудармашы қып, өзімен бірге ертіп жүретін болды. Аудармашы болып ләнның (ротаның) жиындарына да қатысып жүрдім. 1969 жылы қыркүйектен бастап мені туанның (полктің) әкімшілігіне ауыстырып әкетті. Жалпы ақпарат жұмысына жетекшілік еттім. Шаруашылықтың қырқымы, көші-қон, тағы басқа өндірістік науқандар кезінде барып жиналыс ашыу менің мойнымда болды. Ол кезде меннен басқа қытай тілін өте сауатты сөйлейтін, аударатын адам болған жоқ. Сонымен 1972 жылдан бастап Құлжадағы Ауылшаруашылық 4-диуезиясы әкімшілігі оқу-ағартуға, мәдениет, ақпаратқа қатысты жиналыстар болса мені қосып шақыратын болды. 1996 жылы 76-туаның (полктің) саяси басқарма бастығының орынбасары болдым. Бұл басқарманы1986 жылға дейін он жыл басқардым.

                             Батыс солтүстік шекарадан Құлжаға

– Сіз қытайдың классик шығармасы «Су бойында» романын қазақ тіліне аудару тобынада болыпсыз, ол қай жылы еді?

– Ол 1976 жылы болатын. Іле қазақ автономиялы облыстық үгіт бөлімі бізді ұйымдастырып бұл романның аудартты. Мен Мұңғұлкүреден келдім, Қабимолла Мәнжібай Күнестің Алма фермасынан ал Мәулен Майлыбайды саяси басқармадан алып келіпті. Біз Құлжада екі ай жатып бұл романды аудардық.

– Сіздің қытай тілін жақсы білетініңізді, аудармамен айналысып жүргеніңізді олар жақсы білетін болды ғой?

– Құлжадағы Ахметжан Қасыми атындағы дарынды мағалімдер білім жұртында бізбен ілгері-кейін оқыған балалардың біразы бүгін аты елге белгілі ақын-жазушы, аудармашы, редактор болды ғой. Мәселен, Жәнатқан Тұтқабек, Жақай Ахмет, Оқабай Тойынбаев, Ғылажден Оспандар. Оқабай Тойынбай мен Ғылажден Оспан екеуі бір сыныпта оқыған. Оқабай мектеп бітіргеннен кейін Құлжадағы «Іле гезеті» редакциясына қызметке тұрып қалады да, ал Ғылажден Оспан Үрімжіге Шынжаң институнда оқып, оқу бітіргеннен кейін Шыңжаң жастар баспасына орналасып, аудармашы, редактор болып кеткен болатын.

Менің студент кезімде газет-журналдарда көптеген өлеңдерім адармаларым жарық көрін жаңа айттым. Оның бәрін Оқабай Тойынбаев көріп, менің қайда жүргенімді біліп отыр ғой. 1961 жылы «Азаттық қарлығаштары» деген көлемді поэма жазып оны Шынжаң әдебиет-көркемөнер бірлестігіне апарғам, сөйттсем, қазақ-ұйғыр бөлімінің башысы Әбдікерім Хожаев деген адам бар екен. Ол кісі бұрын Бейжіңде тұрып ұзақ жыл қызмет істепті, жаңа Қытай коммунистик билігі орнағаннан кейін Үрімжіге ауысып келіпті, қытай тіліне өте жүйрік адам екен. Ол кісі оқып көріп: «Мұны інім қалдырып кет, басқаларға көрсетейін, өзің студент екенсің, оқуыңа тәсірі тиіп жүрмесін», – деп қайтарды. Шынжаң қазақ радиосына өлең оқып, қытайдың атақты ақындарының өлеңдерін аударып беріп жүрген кез еді ғой. Қытайдың осы заманғы атақты ақыны Гау Шаушанның «Бейбітшілік мүсіні» деген өлеңін және Тиянжанның бір қанша қысқа өлеңдерін аударғам.

«Су бойында» романы 120 тарау болатын, мұны үшке бөліп, оның 40 тарауын Үрімжідегі аудармашыларға, 40 тарауын Іледегі бізге, ал қалған 40 тараудан Тарбағатайға беріпті. Екі айда аударып бердік, кейін қазақ тілінде сегіз кітап болып шықты. Бұл роман қытайдың ескі тіл-жазуымен жазылған өте күрделі көркем шығарма болатын.

– Романда өлеңдер де кездеседі ғой.

– Көркем шығарма болған соң, әрине арасында өлеңдер кездеседі. Сол бізге берілген 40 тараудың арасындағы өлеңдерді мен аударғам. Аудармашы Ғылажден Оспан кейін «Аударма білімдері» деген бір үлкен зерттеу еңбек жазды. Сол кітапта менің аудармаларымнан мысалдар келтіре отырып, «формасы мен мазмұнын жақсы сақтап аударған, өлең аудармасының жақсы мысалы» деп мақтапты.

– Бұл романды арнайы тапсырыспен аударудың сыры неде деп ойлайсыз?

– Шығарманың бас кейіпкері Сұңжаң секілді ҚХР-да жасырынған адамдарға қарсы тұрып, оларды әшкерілеу керек болыпты. Осы шығарманы оқу арқылы халық оны білу керек деген саяси мақсатпен аударған секілді. «Сұңжаң секілді» деп кімді айтып отыр десеңіз, Мәдениет төңкерісінің нысанасы кімдер  десеңіз биліктегі «Лиу, Дың, Тау» болды. «Лиу» дегені – Лиу Шауши, «Дың» дегені – Дың Шаупиң, «Тау» дегені – Тау Жу еді. Оңтүстік әкімшілік районның бас секлатры Тау Жу, Дың Шаупиң Орталық партия комитетінің бас секлатары Лиу Шауши болатын. Мәдениет төңкерісі кезінде бұлардың бәрін биліктен аластады. «Мен жаспын, әлі де отан үшін, партия үшін біраз қызмет істесем деймін. Бұрынғы қателігімді қайталамаймын» деген Дың Шаупиң Мау Зыдұңның алдында уәде беріп аман қалды ғой, Лиу Шауши мен Тау Жу медениет төңкерісінің зардабынан қайтыс болды.  

– Сіз 1986 жылы Іле педагоикалық институтына ауысып келіп, қытай тілі факультетіне оқытушы болдыңыз. Ол кезде мен 1983 жылдық қазақ тілі-әдебиеті факультетінің 3 курс студенті едім. Бізге және бізден кейінгі курс студенттеріне Қытай классик әдебиет тарихынан сабақ бердіңіз. Оған дейін бұл сабақты Тәлет Әмірәлі мұғалім беретін. Бұл пәннің қазақ тіліндегі оқулығы болмаған, Тәлет мұғалім өзі дайындап келген конспектімен сабақ беретін.

– Тәлет Әмірәлі сабақ беріп жүрген кезде өлеңдерінің мазмұнын ақын Жәнетқан Тұтқабек пен Жәкен Отарға айтып береді екен. Олар өлеңге айналдырып жазып беріп жүріпті. Осылай әр-әр жерінен қысқартып жеткізеді екен, толық емес болатын.

– Сіздің қолыңыздан қытай тілінде жазылған жасыл мұқабалы кітапты көретінбіз. Осы кітаптан лекция сөйлегеніңізде, өлеңдерін қазақша оқығаныңызда бәріміз таңғалушы едік. Кейін осы 6 томдық «Қытай клллассик әдебиет тарихы» оқулығын қазақша сөйлеткеніңізді білеміз. Бұл көп томдық оқулықты қалай аударғаныңыз жайлы айта кетсеңіз?

– Мен институтқа келгенімде өзің айтып отырғандай қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы екен. Мен қалай келдім, «Қытай классик әдебиет тарихы» сабағын солай өткізіп алдым да, студентерге сабақ бере бастадым. Күндіз аудиторияда лексия сөйлеймін, ал түн қата кітап аударуға кірісемін. Түннің ортасына дейін отыратынмын, кейде сағат екі-үштерде көзімді ілетінмін.

Аударма мен сабақ екі түрлі жүреді ғой. Ол кезде жастаумыз, бәріне үлгіретінбіз. Күндіз сабақ өтумен бірге басқа мұғалімдердің сабағын тыңдау тағы бар. Мен институтқа келгенде Қытай классик әдебиеті өзі бір кафедра екен, қытайы бар, ұйғыры бар, сібе солаңы бар, қазағы бар дегендей. Мен келе салып сол кафедараның жетекшісі болдым. Әдебиет факультеті үш яшика болатын, осы үшеуі бірігіп бас яшика болып құрылды. Соның партия яшикасының хатшысы болдым. Сендер оқу бітіріп кеткеннен кейін, мұғалімдер мен студенттердің саяси идеялақ қызметін істедім.

– Сіз Ауылшаруашылық 4 дивезияның 76 полкінде, мектебінде әкімшілік қызметінде болдыңыз. Кейін жоғары оқу орнына келіп сабақ өттіңіз, кітап аудардыңыз. Бұл жаңа орта алғашында сізге қандай болды?  

– Оқыған мамандығым әдебиет, оның үстіне ауылда мұғалімде болдым. Өлең жазумен бірге қытайдың таяузаман әдебиетін аударып жүрдім. Қытай тілін бір кісідей жақсы білгендіктен бұл қызмет ешқандай салмақ салмады. Мен сендерге сабақ беріп жүргенде өлең жаза алмадым, көп уақытым оқулық аудару мен сабақ беруге жұмсалды. 1989 жылы Қытай Жазушылар одағында әдебиет-көркемөнершілердің 3 құрылтайы болып (ақын, жазушы, суретшілердің) Іле облысына үш сан берген екен. Сонда Іле қазақ автономиялы облыстық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігіне біздің факультеттен Жүнісқан Бақаев, Жәнетқан Тұтқабек, Жәкен Отар, Мәметжан Садық және мені шақырып айтты. Осы құрылтайға Іледегі жазып-сызып жүрген ақын-жазушылардан кімдерді ұсынысыздар деді. Сонда менің әріптестерім: «Мына Құдаш Сабаншыұлы бұрыннан жазып, сызып жүрген қаламгер. Көп жыл Ауылшаруашылық 4 дивизия полкінде қызметте болған. Институтымызға келгеннен бері жазып та, аударып та жүр», – деді. Мен мұны неге айтып отырмын, себебі әдебиетшілердің, осы саланы басқарып отырғандардың мен туралы хабары бар, жақсы біледі демекшімін.

1967 жылы жаңа жылда үлкен толғауым шыққан «Демалшы бір сәт қана» деген. Ел оны көп мақтап жүрді. «Лирик ақын Лишінжау» деген көлемді мақалам «Іле газетінде» жарияланды.  1987 жылы «Қара қол»  (рэкетир) деген поэмам «Шұғыла» журналында, ал «Әскер ат» деген өлеңім «Шынжаң газетіне» басылды. Менің бір ерекшелігім өзім жазған өлеңдерім мен поэмаларымды жатқа айтаберемін. Осы жақында жазған бір өлеңімді жатқа оқып берейін:

«Біреу кеткен жолменен біреу барған,
Уақытыңды аялсыз жыр аударған.
Суық түсіп күз келсе селт етемін,
Шөпке тұрған қылаудан, қыраулардан.
Баданадай жердегі басқан ізің,
Жапырақсыз ағаштар асқақ ұзын,
Желімменен қойғандай жабыстырып,
Жағадағы бұлақтың тасқа мұзын.
Құлазып тұр ақ қар мен құзарыңыз,
Жасарыңыз енді жоқ бұзарыңыз.
Үй айналып ұсқынсыз үреді иттер,
Кібіртіктеп басады бұзауыңыз.
Айналсоқтап қарайсың кемпіріңе,
Ол тірі де жұмыс бар, сен тірі де.
Немерені ермек қып отырасың,
Төсеп қойған жыр іздеп елтіріде.
Жақтырмайсың ауылдың таман жасын,
Сырласуға табылмас замандасың.
Көп адамды қасыңа келтірмейтін,
Кәрілік деген бір сұмдық қамалдасың.
Таңғалуға болмайтын таңдануға,
Суық хабар естисің анда-мұнда,
Өкінішпен дұға қылып бет сипайсың,
Бір жолығып қош демей қалғаныңа,
Тіршілікке бет алып ел кетеді,
Жастар өсіп жаңалар ер жетеді.
Айналада құрдасың азайған соң,
Өмір салтың күйімен тербетеді.

– Сіз секілді қытайдың классик әдебиетін, тарихын жақсы білетін, оны нақышына келтіріп, көркем тілмен аударатын қарттарымыз азайып бара жатыр.

– Иә, көп ақсақалымыз бақилық болып кетті. Қытайдың Іле облысында  жоқ болар, ал басқа жерінде болуы керек. Қазір бала бақшадан бастап тілі қытайша шығып, бірінші сыныптан бастап қытайша оқыған жастардың қатары көбейіп кеті. Олар қытайдың классик әдебиетін жақсы білетін шығар, бірақ олар қазақ тіліне жаттық аудара алмайды, жеттік жеткізіп бере алмайды. Себебі оларда қазақтың байырғы, шырайлы тілінің қоры жоқ.

– Сіздің аудармаларыңыз тілге жеңіл, көркем болып келеді, адамның жадында жақсы сақталады.  

– Оның рас. Өзің секілді шәкірттеріме кездесіп қалсам, мен аударған қытайдың классик ақындарының өлеңдерін өзіме жатқа айтып беріп жатады. Міне бүгін өзің де айтып отырсың, сендей шәкірттерімнің барына ризамын. Қайда жүрсеңдер де аман болыңдар, ел үшін, халық үшін қызмет ете беріңдер, біз сендермен мақтанатын болайық!

– Қытайдың Таң дәуірінің әдебиеті өте атақты болған ғой. Сұң дәуірі мен Юань дәуірінің әдебиеті де онша осал болмаған ғой. Солай ма мұғалім?

– Сұң дәуірінің өзі екіге бөлінеді – Солтүстік сұң және Оңтүстік сұң деп. Солтүстік Сұң патшалығы аударылғанда мұның бір баласы қашып, Шаңжаң өзенінің оңтүстігіне өтіп кеткен екен, ал басқыншылар оның ізіне түспей, артынан қумай, «ол қайда барар дейсің, енді не істей алады дейсің», – деп елеусіз қалдырған екен. Уақыт өте келе әлгі Шаңжаң өзенінің оңтүстігіне өтіп кеткен патшаның баласы Оңтүстік Сұң патышалығын құрады. Бірақ ол Солтүстіктегі жау басып алған жерін қайтарып алуға батылдық жасай алмайды. Ал ел ішіндегі ақын-жазушылар: «Біз неге ата-мекенімізді жаудан азат етіп, жерімізді қайтарып алмаймыз» деген өкініші мен сағынышын өлең-жырлармен бейнелеп отырған. Сол өлең-жырларда: «Жем жеп өлді», «ақырда тұрып өлді, соғыстың тұлпар аттары» деген жолдар кездеседі. Бұл нені білдіреді? Сарбаздар басқыншылармен соғысуға құмар болып, аттарын жаратып отырғанмен, бірақ оған патша рұқсат бермейді. Мініс аттары ақырда байлаулы тұрып, кәртейіп өліп кетіп отырған. Жаумен соғысып, жағаласып өлгісі келеген отаншыл, патирот батырлары өте көп болған. Бірақ патшаның рұқсатынсыз жаумен соғыса алмай құсадан өліп кеткендері де бар. Осы тақырыптарды көтеріп, патироттық өлеңдер жазған ақын-жазушылар оңтүстік Сұң дәуірінде өте көп болған. Соның бірі атақты лирик ақын Ли Шыңжау болатын.

Қытайдың классик ақындарының ішінде, әсіресе Ли Байдің өлеңдері дүниенің барлық тілдеріне аударылған деп ойлаймын. Өйткені қытай десе, Қытай әдебиеті десе, қытайдың ақыны десе алдымен Ли Байды біледі. Таң дәуірінің ақындарының өлеңдері көлемі шағын, қысқа болған. Көбі төрт жол, бір шумақ болған. Ұзаған да екі шумақ, сегіз жол ғана болған. Бірақ мағанасы терең, көтерген жүгі өте ауыр. Әдебиетке, әсіресе поэзияға қойлған талап өте қатаң, жоғары болған. Солардың ішінде суырылып, қара үзіп шыққандар Ли Бай,  Ду Фу, Бай Жүйлер болды. Бай Жүй ақын ғана емес, атақты сыншы, филасофилық, танымдық мақалалар жазатын қоғам қайраткері.

Ли Байдың өлеңдері қысқа болса да мазмұны мен идеясы тым терең, көркем болған. Сол себепті тез жатталып, ел аузынан түспейтін өлеңдері көп болған. Сол өлеңдердің бірі «Түнгі ой» деген өлеңін қазір сізге оқып берейін.

«Айдын нұрын төрге түскен,
Қырау ма деп қалдым іштен.
Көк аспаннан ай кетпейді,
Туған жерім кетпейді естен».

Бұл өлеңнің тура мағанасы – түн үшінде оянып кетсем керуеттің алдына айдың нұры түсіп тұр екен, ішімнен қырау ма екен деп қалдым. Содан аспанға қарасам ай тұр екен, басымды төмен түсірсем болды, мұңайып қаламын. Осыдан кейін маған үлкен ой түсті деген мағанада. Күні бүгінге дейін бұл өлеңді аударған Қытайда болсын, Қазақстанда болсын қазақшалаған кейбір ақындардың атын да білемін. Бірақ олар «керуеттің алдында түскен айдың нұры» деген мағанада аударған. Будда дініне сенетін қытай мен моңғолдар кең сарайда болсын, мейлі тар лашықта болсын керуетті төрге қояды. Әдетте қырда мал бағып жүрген бір моңғол малшының үйіне кіріп барсаңыз, кішкене жаппаның өзінде керуеті төрде тұрады. Бұл будда дініне сенетін қытайлар мен моңғолдардың ғұрып-әдеті мен салты. Сондықтан да әлгі «керуеттің алдындағы айдың нұры» деп айтып отырғаны сол. Мен осыған өзгеріс жасадым, өзіміздің ұлттық бояу, мағанаға айналдырым. Өлеңді аудару деген, өлеңді қайтадан жазып шығу деген сөз. Өмірі қазақтың өлеңін дұрыстап жазып көрмегендер, қытай поэзиясын аударып жүр. Мен бұған мойынсал емеспін, мойындамаймын да. Сол себепті оның аудармасы жақсы аударма болмайды. Мен осы өлеңдеге «керует» дегенді алып тастап, оның орнына қазақтың «төр» деген сөзін қолдандым.

Біз әдетте өледе теңеу болмаса өлең көркем болмайды дейміз. Теңеуден басқа эпитет, мэтофора болу керек дейміз, мынаның өзі теңеусіз, эпитетсіз, мэтефорасыз мағағаналық нұсқа бойынша келтірілген, көркем теңеу, терең мағана. Өйткені көк аспан мен жердің кеңдігі қандай, сіздің ойыңыздың кеңдігі, ұшқырлығы қандай, көк аспанда ай тұрса, жерде сенің кіндік кесіп, кір жуған туған жерің тұрады деген сөз. Осы өлең туралы арнайы жазған мақалам да бар, әлі еш жерде жарияланған жоқ. Орайы келсе жариялаймын ба деген ойым бар. Бұл мақала өзге тілден өлең аударушыға, қытай әдебиетіне қызығушыларға аударма жөнінде азда болса септігі тиер деген ойдамын.

– Ли Байды қазақ деп жүрген дер бар, бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Бұл бұрыннан бар әңгіме, онша жаңа, тың көзқарас емес, бұл онша маңызды тақырып та емес. Әлгі Шыңғыс ханды «өз жөніңе қайт, тарих!» деп, оны қазақ қылып алмақшы болып жүргеніміз секілді әншейін жәй айтылып, жазылып жүрген сөздердің бірі ғана. Оны қазақ қылғанда бізге қандай пайдасы бар, Шыңғыс ханды қазақ жасағанда не өзгереді? Ли Байды, Шыңғыс ханды қазақ қылмай-ақ, осы бар қазаққа ие болып алсақ, қазақша сөйлетіп алсақ соның өзі жеткілікті ғой.

Шыңғыс ханның немересі Құбылай хан Юань ипериясын құрып қазіргі Бейжіңді жаулағанда жалғыз моңғолды апарған жоқ қой, түркі тілдес халықтардың барлығын апарған. Олар бірнеше ұрпақ ауысқанан кейін қытай жазуын қолданып, тілдері қытайға ауып кеткен. Сол кезде атақты қоғам қайраткерлері, атақты әдебиетшілер, атақты тарихшылар, ғалымдар шыққан. Юань империясы аударылғаннан кейін елге қайтатын қазіргідей пойыз, ұшақ жоқ болғандықтан сонда қалып қойған. Қазіргі қытай ұлтының көп болуы сол кездегі Юань ипериясының үстемдігінен көп ұлттардың қытайға сіңіп кетуінен болған. Біздің қазақ жерінің осындай кең болуы Жошы, Шағатай, Құбылай хан басқарған заманда иеленіп қалған жерлер ғой. Хан Кенені айтатын болсақ, моңғолдың жиені ғой. Абылайдың моңғол әйелінен туған Қасымның баласы ғой. Тарихқа үңілісең бұл секілді бір-біріне сіңіңіп кеткен халықтар өте көп.

Қытайдан Тәуелсіз Қазақстанға

– Қазір немен айналысып жатырсыз?

–  Мен демалысқа ертерек, 1994 жылы 54 жасымда шықтым. Өйткені менің стажым 30 жылға толды. Мен көп балалы отбасы болдым, құдай берген тоғыз балам болды. Ол кезде ауыл напосы (тіркеуі), қала напосы деген болды ғой, сол себепті қалаға бір жолата көшіп келу өте қиын болды. Сондықтан оқитын балаларымды қалаға әкеліп оқыттым, ал ауылдағы балаларыммен жұбайым бірге болды. Күні бүгінге дейін бір қызым мен бір ұлымның отбасы Қытайдағы өзім тұрған ауылды тұрып жатыр. 2017 жыл Қытайға барып қайтып келе алмай, бір жарым жылдан артық жатып қалдым. Сол кеде балаларымның үйінде болдым. 2019 жылы шекара ашылып, шілде айында қайтып келдім. Жалпылай айтқанда, оқуды жақсы оқыдым, қызметті жақсы істедім. Көбінесе шекарада тұрдым, 20 неше жылдан кейін барып өз кәсібіме қарай бет бұрдым.

Екі ел арасында көші-қон болды, ары-жүрдік, бері жүрдік, сабылып  дегендей. Алғашында Талдықорғанның маңындағы Қарабұлақ ауданында болдық. Онда бізден басқа Қытайдан келген отбасылар болмағандықтан көндіге алмай Шелектің Қаратұрығына көшіп келдік. Мұнда Қытайдан келген ағайындар көп. Содан бері осында тұрып жатырмыз.

Қытайда жүргенде Шынжаң жастар баспасынан «Жол үстінде» (1983 жылы) деген өлеңдер жинағым шыққан. «Қожым және көк ат» деген поэма жаздым. Бұл жаққа келгенде Қазақстан ақын-жазушыларының кітаптарын ара-тұра оқып жүрдім. Астанада тұратын Тұрсын Жұртбай деген тарихшы, әдебиетші, ғалымның «Дуылға» деген екі кітабын базардан сатып алып түгел оқып шықтым. Кітапта Бейбарыс сұлтан туралы деректер бар екен. Одан бұрын Бейбарыс сұлтан туралы кино және телесериалдар көргенім бар. Ғалым Тұрсын Жұртпайдың кітабында: «Жалпы осы дүние, дүние болғалы құлдықтан сұлтандыққа шейін көтерілген Бейбарыстай адам болмаған екен. Бірақ Бейбарыс өзіміздің қазақ бола тұрса да, осы бабамыз туралы жазған біздің жазушылардың қазірге дейін бір де бір көлемді шығармасы жоқ. Әйтпесе, Мысырда, араб елдерінде бұл кісі туралы кино да, роман да бар екен, «Мыңбір түн» туралы ертегілерде бар екен, қиса, дастандар да бар екен. Ал біздің қазақ жазушылары Бейбарыс туралы көлемді ештеңе жазған жоқ», – депті. Содан кейін мен Бейбарыс туралы балаларға арналған суретті журналды алып оқып көріп, Бейбарыс туралы бір көлемді дастан жазып көрейін деген ой түсті, қысқасы 2014 жылы «Бейбарыс сұлтан» деген өлең роман жаздым.

–  Өлең романыңыз құтты болсын?

– Рақмет! Бұл роман 800 шумақ, оқиғалы, көркем желімен тартылған 30 тарау болды. Романның әлқисасын:

«Әлқиса, мен бастайын Бейбарысты,
Жинап ап ойға намыс, бойға күшті.
Тарихтың ізіменен сөз етемін,
Ертеде Египетте болған істі», – деп бастадым.

Бейбарыс сұлтанның өлімі туралы тарихта үш түрлі болжам, аңыз бар екен. Біріншісі, Бейбарысқа у беріліп Мысырдың өзінде өлді дейді екен; екіншісі, жанына бір сенімді уәзірін ертіп Мекке-Мәдинаға барып қажылап келе жатып, қайтар жолында Шам қаласына келіп жатқан күні, азанда орнынан тұрмай қалыпты. Өз ажалынан өлді ме, әлде қастандық жасалды ма деп айтылады екен; ал үшіншісі, Бейбарыс Мысырда сұлтан болып тұрғанда Тұран даласынан бір елшілер барыпты дейді, ол кісімен елшілер жолығып сөйлесіп отырғанда Бейбарыстың уәзірлерінен бір-екеуі үстінен түсіп қалыпты, сөйтсе сұлтан уәзірлері мүлде естімеген тілмен сөйлесіп отыр дейді. Сөйтсе, ол елшілер осы біздің елден барған елшілер ұқсайды, олар Бейбарыстың туған жерінінен бір уыс жусан ала барайық деп алабарған екен дейді. Сол бір уыс жусанды Бейбарыс иіскеп, тағынның бір бұрышына қыстырып қойған екен дейді. Кейін өмірінің соңғы кезінде туған жері есіне түсіп, мен осы әл-қуатымның барында туған жеріме, өз еліме барайын деп әлгі жусанды қолына алып шығысқа беттеп жүріп кеттіпті деп айтылады екен. Мен осы үш нұсқаның үшеуін де шығармамда сөз қылып романды аяқтадым. Ең соңын былай түйіндедім:

«Келеді туған жерге, келеді алып,
Киім жүдеу, көңіл жас, дене ғарып.
Сұлтанды жолда екен деп ел айтады,
Түбінде елдің айтқаны келеді анық».

Бұдан кейінде де, сірге жияр ретінде айтылған бірнеше шумақтар бар. Онда романды қалай жазғаным туралы пікірімді жаздым. Бұл енді көркем поэзиялық кесек шығарма. Біз қазақ болғандығымыз үшін, тәуелсіз Қазақ елінің топырағында жасап отырғанымыз үшін, әсіресе Бейбарыс бабамыз туралы бұл сөзді айтуды өзімнің азаматтық борышым деп білемін. Әрбір қазақ топырағын басқан, бүгінгі егемендіктің игілігін көріп отырған әр бір адамның көңілінде қазақ туралы, Қазақ Елі туралы осындай бір ұғым болуы керек. Шетелге барғанның не қызығы бар, шетелге барып білім алған жастар еліне білімін алып қайту керек. Ең мықты болса Бейбарыс сияқты сұлтан болар, патша болар, тәп мына заманда оларға патшалық қайда?! Сұлтан Бейбарыстың тағының қабырғасына жусанды қыстырып қойып оны иіскеп тұруын, мына үлкен шығарманың қаны, жаны ретінде әдеие жаздым. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенге келтірдім. Көркем шығарма оптимист болуы керек, қазір Қазақстанда тұрып алып шетелді мақтап, шетелді аңсайтындарымыз бар. Мен өз борышымды осы шығарма арқылы өтегім келді, алда оқырмандар қалай қабылдайды ол басқа әңгіме. Бірақ өз еңбегіме өзімнің көңілім толады, нашар шығарма болған жоқ деп ойлаймын.

– «Бейбарыс сұлтан» романын баспаға ұсындыңыз ба?

– Атырауда «Бейбарыс сұлтан» қоры деген қор бар екен. Бір жақсы таныс, жерлес жігіттердің жол сілтеуімен, көмегімен осы қордың басшысымен хабарласып екі жылдың алдында романның электрондық  нұсқасын жібергенмін.  Олар оқып көріп «Жақсы шығарма екен,  басып шығаруға тырысамыз» депті. Әлі басыла қойған жоқ, мүмкін реті келмей жатқан шығар.

– Мына қолыңыздағы кітап кімнің кітабы?

– Бұл кітап Шыңжаңдағы ұйғырдың атақты ақыны, жазушысы Мәметжан Садықтың «Күмбезді қабірдің сыры» деген романы.

Шыңжаңды екіге бөліп жатқан Тияньшанның оңтүстігі мен солтүстігінде халықты 1700-1800 жылдары Сүйдің-Күредегі қытайдың Чин (Цинь) патшалығының Генерал мекемесі басқарған екен. Бұл кітап осы Генерал мекемесі құрылудан бұрынғы дәуірден бастап, моңғолдардың оңтүстік, солтүстік Шынжаңға жасап отырған басымдылығы, ауылдарға шауып кету, барымталап кету, мал-мүлкін олжалап кетуінен қорқып құрылғанын жазады. Тұрпанның Қарақожа деген ауылында бір  имамның Имин деген баласы болыпты, оңтүстіктегі ұйғырларға моңғолдар қайта-қайта шапқыншылық жасап маза бермегеннен кейін әлгі имам: «Біз моңғолдарға битіп босқа қор болғанша, ана Бейжіңдегі ханға елші жіберіп шағым айтып, көмек сұрамаймыз ба? Біз сіздерге қосылайық, бағынайық бізді моңғолдардан құтқарыңдар деп айтпаймыз ба?» деп еліне ақыл салған екен. Елі мұны құп көрген соң имамның баласы Имин бірнеше адамды бастап, Бейжіңге барады. Ол кезде Шанлуың патышаның заманы ғой. Барса патшаның өзі де Шынжаңға әскер жіберуге сылтау таппай отырған екен. «Жарайды, біз әскер жіберіп сіздерге көмектесеміз», – деп, Иминге әскер қосып жібереді. Сонымен олар келіп моңғолдардың тас-талқанын шығарып, қайтадан ұйғырларға шабуыл жасай алмайтындай есеңгіретіп жібереді. Иминге Шанлуң патша мәнсап береді, өзі жіберген әскер басшысының орынбасарлығына тағайындайды. Моңғолдарды қуып шыққаннан кейін араға 5-10 жыл салып Иминге уаң (хан) деген дәреже беріпті. Сол Уаңның орталығы әлі бар екен, 1962 жылы Тұрпанға практикаға барғанда бір ескі құрлысты көрдік, «Мынау Имин уаңның ордасы», – деді. Имын уаң картайғаннан кейін өз ажалынан 1777 жылы қайтыс болыпты.

– Қытайлар Шынжаңға мында келген екен ғой?

– Чин патшалығының әскері Шынжаңға екі рет келген екен, бірінші рет жаңағы Имин уаңның кезінде, екінші рет 1870 жылдары Әмірсама мен Дауашы екеуі әкелері өлгеннен кейін таққа таласыпты, Дауашы жеңіп, ағасы Әмірсама жеңіліп қашып кетіп Бейжіңнен көмек сұрапты. Бейжің тағы әскер жіберіпті. Дауашы 6 мың 400 әскермен бекініп жатқанда, Әмірсаманың қытаймен біріккен қарулы күші жорыққа аттанады. Әмірсаманың Айушы деген бір сарбазы он екі адаммен Дауашының казармасын талқандайды. Дауашыны осы Шонжының Сүмбесінің кезеңіне қуып тығады, оның алты мың әскерінің өлгені өліп, тірі қалғаны жан-жаққа қашып кетеді. Дауашы ұстатпай Ақсудың Үштұрпан жеріне барғанда қолға түсіпті. Сонымен моңғол хандығы жойылған екен.

– Бұл романда қазаққа қатысты деректер бар ма екен?

– Неге жоқ, әрине бар. Ресей генералы Г.А.Колпакскийдің Ілеге шабуыл жасайтын себебі, Албан Тазабек пен Шалтабайдың Қытайға қашып барғаныны болды ғой. Сонымен, бұл өңірдегі Чин патышалығының билігінің күші жойылып, оның орнына патшалық Ресейдің Орта Азиямен қазақ даласын отарлау саясаты жүргізілгені анық. Көрдіңіз бе, күштілердің әлсіздерге тису себебі осыдай түрлі себептерден болады ғой. Тазабекті сонда өлтіріп, Шалтабайды Сибирге айдапты.

Бұдан басқа былтыр қысты аударған бір кітабым бар. «Қытай, ұйғыр емшілігінің ең негізгі салалары» деген кітапті аударып дайындап отырмын. Бұл кітап әр отбасының кітап сөресінде тұруы керек. Мысалы, өз басым күні бүгінге дейін дәрігерге қаралған жан емеспін. Ана жылы жағдай жақсы кезде Қытайға барып жүргенімде, институттың басшылары: «Құдаш мұғалім, медциналық тексеруден өтіп алыңыз, әр адамға 400 юань ақша бөліп отырмыз», – деді. – Менің денсаулығым жақсы, өмірі дәрігерге қаралған адам емеспін, сол ақшаны қолыма бере салмайсыңдар ма, – десем, «Жоқ, олай болмайды. Емханаға барып қаралуыңыз керек», – деді. Емшілік кітаптарды көп оқып тұрамын, әрі өзіме керегін пайдаланамын.

– Сіздің ғылыми атағыңыз бар ма?

– Пәлендей ғылыми дәрежем, атағым жоқ. Шыңжаң және Іле қазақ автономиялы облыстық әдебиет-көркемөнер бірлестігінің мүшесімін.

– Байқасам өміріңізге онша разы емес сияқтысыз?

– Тәңір берген ақыл-зейініме, өзімнің қабілетіме қарата айтқанда өз өміріме онша разы емеспін. Шыны керек, өз өмірімде рахат көрдім, кішігірім мәнсапта болдым, жоғары мектепте оқытушы болдым деп онымен мақтана да, ақтала алмаймын. Неге десеңіз, егер жағдай жақсы болғанда, қолдаушы болып істететіндер болғанда бұдан да көп еңбек сіңірген болар ма едім. Кім көрінген барып ұстай алмайтын қытайдың классик әдебиет тарихын ұршыққа иірдім ғой. Менің алға қойған мақсаттарым өте көп болған, күйбең тірліктің, болмашы әкімшілік қызметтің алданышымен көбі орындалмай қалды. Бәрі кеш, өтті, кетті. Енді өткен өміріңді қайтара алмайсың. Ең бастысы еліміз, халқымыз аман болсын! Қазақ елінің іргесі берік болсын, тәуелсіздігіміз баянды болсын! Ұрпағымыздың болашағы жарқын, зор  болсын!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz