Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі
Биыл ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес, 5 қыркүйек, яғни қазақ әліпбиінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқының Тілдері күні болып бекітілді. Соған орай ауданымызда 5 — 18 қыркүйек аралығында Тілдер онкүндігі өтуде.
«Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбы бойынша өтетін дөңгелек үстел барысында осы онкүндік аясында тек қана тіл мамандарын ғана емес, дүйім жұртты да толғандыратын қазақ әліпбиінің тағдырын сөз етуді жөн көрдік. Дөңгелек үстел барысында пікірлеріңізді ортаға салып, ойларыңызды ашық айтып отыруға шақырамын.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған қазақ әліпбиін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы тұжырымдамасынан кейін ғалымдар, тіл мамандары латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқасын ұсынған болатын. 2017 жылы 26 қазанда Елбасының Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді, ал оған 2018 жылдың 19 ақпанында өзгерістер енгізді. Өздеріңізге белгілі әліпбидің бірінші нұсқасы диграфпен берілді, онда 42 таңбадан құралған 25 әріптік негізде жасалған болатын, ал екіншісі апострофтармен, ал соңғы нұсқасында 32 әріп. Мұнда 6 әріп акутпен берілген. Ғалымдардың айтуынша ереже жазу барысында кейбір әріптер өзгеріп те қалуы мүмкін дейді, әлі қатып қалған ереже де, әліпби де жоқ.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры, байлығы – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы — педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу — сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: біріншіден — араб әліпбиі (1929 ж. дейін), екінші — латын әліпбиі (1929 — 1940 жж.), үшіншісі — кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі (1940жылдардан бүгінге дейінгі қазіргі әліпбиіміз).
Қазақ әліпбиінің өзгеруіне қатысты қоғамда алуан түрлі пікірлер айтылып жатқаны баршаңызға белгілі.
(баяндама)
Модератор: Әрине, қоғам болғандықтан, көпшілік болған соң әртүрлі пікірлер мен ойлар болады. Соған байланысты бүгінгі «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты дөңгелек үстелемізде пікір алмасып отырайық.
1. Қалай ойлайсыздар қазақ қоғамы латын әліпбиіне көшуге дайын ба?
(қатысушылар өз ойларын ортаға салады)
2. Латын әліпбиіне көшудің қандай тиімді жақтары бар?
(қатысушылар өз ойларын ортаға салады)
Модератор: Сіздердің ой — пікірлеріңізді жинақтай келіп, былай түйіндеуге болады деп ойлаймын.
Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым — қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Ендігі кезекте латын әліпбиіне көшудің тиімділігі туралы филолог ғалымдардың ойларын тыңдайық. Бейне материалға назар аударыңыздар.
(бейне материал көрсетіледі)
Модератор: Сіздер тіл маманы болғандықтан әліпбидің ауысуына байланысты болып жатқан жаңалықтарды естіп, біліп отырасыздар, ал осы әліпбиді қолданып жазып, оқып көрдіңіздер ме?
Әліпбидің үшінші нұсқасы қабылданғаннан бері кейбір облыс орталықтарында мемлекеттік қызметшілермен, мұғалімдермен жұмыстар жүргізіліп, диктанттар алынып жатыр. Оның мақсаты – қолданып көру арқылы жаңа әліпбиді сынақтан өткізу.
«Латын графикасына негізделіп жасалынған қазақ әліпбиін жазуда, оқуда қиындықтар туа ма?» деген сұраққа сіздермен бірге біз де жауап іздеп көрейікші. Алдарыңызда жаңа әліпби бар. Бірнеше жұмыс түрін бірге орындап көрейік:
1. Ол үшін алдарыңызда жатқан қағазға кез келген 3 сөзді жазыңыздар. Енді ол қағазды қарама — қарсы отырған әріптесіңізге беріңіз, сосын кезектесіп, оқиық.
2. Тақтада бірнеше мақалдар жазылып тұрады. Қатысушылар мақалдарды латын графикасымен жазады.
3. Латын әліпбиімен жазылған өлең шумақтары таратылады, олар оқиды.
Модератор: Жазуда, оқуда қиындықтар бар ма?
Тез жазуға, оқуға үйреніп кете аламыз ба?
(қатысушылар пікірлерін айтады)
Модератор: Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп — өркендеуіне, болашақта еліміздің жан — жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Енді бүгінгі дөңгелек үстелдің қорытындысы ретінде таратылған сауалнамаларға жауап беріңіздер.
Отырыстың соңында кітапшалар таратылады
(мазмұны таныстырылады)
Модератор: Қажеттеріңізге жаратыңыздар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз — қорқақ, қол — батыр», — деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нақты нық қадаммен алға басайық! Еңбектеріңіз жемісті, істеріңіз сәтті болсын.