Ластанған ауамен қалай күресеміз?
Халықаралық Денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, асқазан, өкпе, бауыр, ұйқы безі обырынан көз жұмушылар қатары күн санап өсіп жатыр. Бұның бір себебі – экологияның нашарлауы. Үлкен қалалардағы лас ауадан мыңдаған қатты бөлшектер жұту қаупі бар. Өкпенің оларды фильтрлеуге күші жетпей, элементтер қанға араласып кетеді.
ХДСҰ мәліметінше, 2016 жылы ауа сапасының нашарлауынан 4,2 млн адам қаза тапқан. Оның 3,8 миллионы – тұрмыстық жағдайда бөлінетін улы майлар себебінен көз жұмғандар. Ұйым статистикасы 10 адамның 9-ы ластанған ауада өмір сүріп жатқанын айтады. Сарапшылар 2050 жылы лас ауа 3,6 миллион адамның өліміне себеп болады дейді. Сонымен қатар, ластанған ауа жаһандық жылынуға да әсер етеді.
1952 жылы желтоқсанда ауа-райының күрт салқындап, Лондон тұрғындары үйлерін көмірмен жылытуға көшті. Антициклон салдарынан салқын, бірақ желсіз ауа-райы орнады. Нәтижесінде, салқын ауа жылы ауаның астында қалып, қаланы көмір тозаңы мен тұман басады.
«Тұманды Альбион» үшін тұман үйреншікті жағдай болғандықтан, бұған басында ешкім көңіл бөлмеген. Бірақ бірнеше аптадан кейін тұрғындар тыныс алу жолдары ауруларына шалдыға бастайды. Соның салдарынан 4000-нан астам адам көз жұмды. Кейін жүргізілген зерттеу жұмыстары 12000 адамның зиянды ауадан зардап шеккенін көрсетті. Бұл тарихта «Ұлы тұман» деген атпен қалды. Бұдан кейін қала әкімшілігі шаралар қолдана бастады. Зиянды газдарға, отынның қауіпті түрін қолдануға тыйым салынды. Халықты көмірмен отын жағудан газ плитасын орнатуға шақырды. Осылайша қала әкімшілігі газ жарнасын төмендету, халықты экологияны қорғауға шақыру арқылы ауаға зиянды газдардың бөлінуін азайтты. Содан бері Британия астанасында жасыл экологияның дамуына аса мән беріп келеді.
2015 жылы көктемде Париж тұрғындары ауаның нашарлауына наразылық білдіре бастады. Лас ауаның қаланы басқаны сонша, тіпті Эйфель мұнарасы да көрінбей қалған. Сараптама нәтижелеріне сүйенсек, жыл сайын париждықтар мен қала қонақтарының ағзасына тыныс алу жолдары арқылы 6 млн қатты зат түсетін болған. Бұл – бір уақытта сегіз темекі шегушінің ортасында отырумен тең. Осыған байланысты Париж әкімшілігі шара қабылдап қала орталығы мен шеткі аудандарға көлікте үш адамнан көп болған жағдайда ғана кіре алатын талап қояды. Жүргізушілер жылдамдықты 20 км/сағаттан асырмауы тиіс. Ереже бұзушыларға сол жерде айыппұл салынған. Жергілікті тұрғындар жеңіл көлікті автобустарға айырбастауы үшін қоғамдық көліктердегі жол жүруді тегін етті. Үй маңдарындағы көлік тұрақтары экологияға қауіпсіз жанармаймен жүретін көліктерге ақысыз болды. Сондай-ақ ережеге сәйкес көлік нөмірі жұп және тақ сандар болуына байланысты, аптаның жұп және тақ күндері жүруге міндеттелді. Париж әкімі Анн Идальго 2020 жылға дейін дизельмен жүретін көліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. Одан бөлек 2016 жылдан бастап үйден от жағуға рұқсат жоқ.
«Үш жолақты» елдің Экология министрі Сигален Руаяль 2020 жылға дейін дизельден бас тарту жоспарын таныстырылды. Егер француз халқы сарапшылар ұсынған талаптарды орындаса, лас ауадан зардап шегетін 48 000 адам саны 17 700-ге кемімек.
АҚШ жылына 5414 миллион тонна СО2 шығарады екен. Жасыл экономика, қоршаған ортаны қорғау жобаларына қарамастан, Америка ластанған ауа индексі бойынша әлі де алдыңғы қатарда тұр. Американың өкпе ауруларына қарсы ассоциациясының ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы халықтың жартысы қауіпті ортада өмір сүрген. Басқаша айтқанда, 166 миллион америкалық күн сайын демікпеге, жүрек ауруына, обырға шалдығу қаупі жоғары ортада өмір сүрген. Бүгінде экологияны қалыпқа келтіру үшін көліктердің жанармайына қарай бөлек талондар алудан бастап, зауыт түтінін реттейтін шаралар жүзеге асып жатыр.
Ластанған ауадан зардап шегуші мемлекеттер тізімін «Аспан асты елі» бастап тұр. Қытай астанасы – тұманнан көз ашпаған көңілсіз қалалардың бірі. Бұл мәселені шешу үшін Қытай билігі барын салған.
Ал инженерлер Бейжіңдегі биік ғимараттарға шашыратқыштар орнатуды ұсынды. Бұл жоғарғы технологиялық әдіс болмаса да, әсер ету ықтималдығы жоғары. Олар бірнеше сағатта тұманды сейілтіп, қауіпті элементтер санын төмендете алады екен. Суды өзен мен көлдерден алып, кейін оларды қайта қолдану үшін өңдеу де қарастырылған. Қысқаша айтқанда, жасанды жаңбыр технологиясы экологияны қорғауда тиімді әдіске айналады.
Инженерлер елдегі кей аймақтарда атмосфераға сұйық азот бөлуге кеңес береді. Осылайша зиян элементтер қатып, жерге түседі. Мұның бір қиыны азот температурасының төмендігі қоршаған ортаға әжептәуір зиян келтіруі мүмкін. Дегенмен, көп мөлшердегі сұйық азот бір жағынан жоғарғы температура мәселесін де шешеді.
Сербия өнертапқышы Никола Тесланың электростатикалық өрісі тұманмен күресте пайдаға жарайтынын айтады инженерлер. Голландиялық сарапшы Дан Росгарде Тесла трансформаторын жерге көміп, соның көмегімен ауадан зиянды газды бөліп шығуды ұсынды. Бұл зертханалық жағдайда жақсы нәтиже берген. Әдісті қытайлықтар қолдап, Бейжіңдегі парктің бірінде осы тәсіл іске қосылған.
Ластанған ауадан қорғану үшін қытайлықтар түрлі әдістер іздеп жатыр. Солардың бірі – үлкен биошатырлар. Биошатырлар әкімшілік ғимараттары мен оқу орындарының үстіне салынбақ. Бұл тек аласа ғимараттарға ғана қарастырылған. Қорғанның әр шаршы метрі 950 АҚШ долларын қажет етеді. Бұл әдіс тұманнан қашуға қолайлы болғанымен, негізгі мәселені шешпейді.
Көмірді газға айналдыру технологиясы да тұманнан құтқатын әдіс. Сол тәсіл арқылы көмір сияқты органикалық жанармайлардан табиғи газ жасауға мүмкіндік бар. Дәл осы технология қытайлықтардың көңілінен шыққан. 2020 жылға дейін жалпы газ мөлшерінің 12,5%-ын көмірден көгілдір отын синтезімен айналысатын зауыттар жасап шығаруы тиіс. Бірақ бұл әдістің де кері әсері бар. Энергия көзін жасау барысында жылыжай газдары бөлінеді. Жалпы, Қытайда 300 экоқалалар салынып жатыр. Алдағы уақытта ҚХР-дағы муниципалитеттердің жартысына эко дәрежесі берілмек.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/