Ләйлә Сұлтанқызы желіде талқыға түскен аяқ киімге қатысты: Тонаушыны ақтап алуды қою керек

0

Ләйлә Сұлтанқызы желіде талқыға түскен аяқ киімге қатысты пікір білдірді. Бұған дейін Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде ескі кроссовкиін шешіп, жаңа етік кииіп кеткен тонаушыны көпшілік ақтап алуға тырысқан еді. Тележүргізушінің айтуынша, мұндай қылмысты ақтауды доғару керек, деп жазады kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Шынымен, жандарыңыз ашып отыр ма? Сол тонаушы қазір өз халқынан тонаған жаңа аяқ киіммен жүр деп те ойлап көрейікші. Бұл бейбіт митинг емес екеніне көзіміз жетті ғой. Бірақ әлі де осы кроссовкиге қарап, тебіреніп жатқандар бар екен.

Мен бүлік кезінде қол-аяғы кеміс бір адамды көрмедім. Он екі мүшесі сау бола отырып, қазіргі ер адамдар өзіне бір қыстық аяқ киім сатып ала алмайды дегенге сенбеймін. Мұны романтизациялап қажеті жоқ. Бұл спорттық аяқ киім тез қозғалу үшін, қашу үшін арнайы киілген.

Жақтап, аяп отырғандарға айтарым, сіздің, мына сіздің жеке затыңызды тонаушы ұрлап кетсе де аяп отыра бересіз бе? Ешкім де өз заты тоналса, кешірмейді. Ол бірден полицияға арызданады. Сол дүкен иесі де қарапайым халық қой. «Ит ашуын тырнадан алса», бұл әділдік емес.

Тонаушыны ақтап алуды қою керек. Қылмыс бар жерде кешірім, мейірім, жағдай солай деген болмайды. Жемқорлықсыз, өтіріксіз жаңа Қазақстанды өзімізден бастасақ қалай қарайсыздар?» — деп жазды Сұлтанқызы.