Күйеуі тастап кетсе де, ата-енесін баққан биші

0
1184

Қазақстанның Халық әртісі, даңқты биші Гүлжан Талпақова, біріміздің есімізде, біріміз ұмытқанбыз. Бірақ қазақта әлемді биімен таңғалдырған сондай керемет биші бар. Өзі Шара Жиенқұлованың шәкірті.

Биші Гүлжан Талпақова 19 жасында тұрмысқа шыққан. Қайын атасы Әнуар Алашорда қайраткері, патша әскерінің подполковнигі Нұрғали Ипмағамбетовтың ұлы болса, енесі Гүлжиһан Ғалиева эстрада және цирк студиясының іргетасын қалауға атсалысқан жан екен. Бірақ ең сорақысы күйеуі отбасылық өмірдің бірер жылынан соң бишіні тастап, оның құрбысына үйленіп кетеді. Гүлжан апамыз екі баласын құшақтап қала береді.

Арада біраз жыл өтеді. Биші екінші рет тұрмыс құрады. Бір күні бұрынғы енесі хабарласып, ауруханада ауыр халде жатқанын айтып, жанында болуын өтінеді. Биші бұрынғы енесі ақтық сапарға аттанғанша жанында болады. Кейін қайын атасы хабарласып, балалары, немерелерінің бар болғанына қарамастан жалғыз қалғанын айтады. Барлығы тастап кетіпті. Кейінгі күйеуімен ақылдасқан Гүлжан апа ол кісіні де қолына алыпты.

Кеңдікті көрмейсіз бе, бұрынғы қайын атасын үйіне көшіріп аларда Д.Қонаев бастаған игі-жақсыларды шақырып, әкесі ретінде тануын өтінген. Ол кісі де соңғы сапарға бишінің қолынан аттанады.

Гүлжан апамыздың бұл әрекеті — сан ғасырлардағы нағыз қазақ әйелінің бет-бейнесін көрсетсе керек. Қазақ қыздары, қазақ әйелдері, қазақ отанасы міне, осындай болады.

Қазіргі жаһандану заманы келгелі әйел үйде баласымен отырса, оған «байғұс» деп қарайтын, әйел өз арманынан бас тартып, күйеуіне жағдай жасаса оны «сорлы» көретін, әйел жұмысынан шығып, баласын түрлі үйірмелерге сүйреп жүрсе, оған жаны ашып, сөз қылатын түсінік пайда болды ғой. Адамдықты ту еткен Гүлжаһан апамызға да, оны жазып отырған мына маған да ескіліктің адамы ретінде аяушылықпен қарайтын жан табылар. Мейлі!

Өзім қазақ әйелі деген ұғымды «мейірім» сөзінің синонимі деп түсінем. Әйел айналасына мейірім танытқанда, тіпті өз мансабынан бас тартып, айналасын, ерін, баласын бақытты еткенде, сөзсіз өз бақытын да сол жерден табады деп есептеймін.

Дереккөз ult.news