көзделген мақсат пен мүдде қандай?
Мәскеу көрші елдердің биологиялық қауіпсіздігіне көптен бері алаңдап келеді. Ал америкалықтар Қазақстан мен Арменияда және Тәжікстанда биологиялық зертханалар желісін құрды. Әсіресе, Ресей билігінің Грузиядағы Лугар орталығына қатысты көптеген сұрағы бар. Мұның бәрі Вашингтонға не үшін қажет, деп жазады РИА Новости.
Әдейі рұқсат етілуі мүмкін
Қазақстанда алғашқы коронавирус инфекциясы наурыз айының басында тіркелген. Билік шекараларды жауып, төтенше жағдай жариялады. Республиканың оңтүстік-шығысында 2016 жылы америкалықтар салған биолабораториямен осы вирус байланысты болуы мүмкін деген қауесеттер де интернетте тарала бастады.
Алматы орталық зертханасы (АОЗ) Қазақстанға тән вирус штамдарын зерттеумен айналысады. Ол қазақстандық карантиндік және зоонозды инфекциялар ғылыми орталығы базасында жұмыс істеп, денсаулық сақтау министрлігіне бағынады. Бұл Пентагонның есебінен салынғанына қарамастан, ол Қазақстанның меншігі болып саналады. Ал АҚШ бұл нысанға 108 миллион доллар бөлді.
Вашингтон бұл әрекетін АҚШ әскерилері осы аймақты белгісіз вирустық инфекциялардан қорғауға көмектесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді деп түсіндіреді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ), ТМД мен ШЫҰ саммиттерінде Мәскеу өкілдері америкалықтар бұл зертханаларды Ресей мүддесіне қарсы қолдануы мүмкін деп бірнеше рет мәлімдеді. Бірақ қазақстандық билік жергілікті биологтардың жұмысына ешкім араласпайтынын айтып сендірді.
«Шетелдік ғалымдардың қатысуына бірлескен зерттеулер жүргізіліп, гранттық жобалар жүзеге асырылған жағдайда ғана рұқсат етіледі», – деп мәлімдеді Алматы орталық зертханасы.
2018 жылы Қазақстанда менингитпен ауыратындар саны едәуір өскенде, менингококтық инфекция штаммының Алматыдағы орталық зертханадан шыққаны туралы айтыла бастады. Сол кезде журналистер мен блогерлер америкалықтар вирустың таралуына әдейі рұқсат берген деп жазды. Осылайша, олар зертханада жасалған бактериологиялық қарудың тиімділігін сынағысы келген деп болжанды.
Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі індет жоқ деп сендіріп бақты.
«Қазақстанда менингиттің 58 жағдайы тіркелсе, олардың 32-і Алматыда. Егер салыстырмалы түрде есептейтін болсақ, ДДСҰ стандарттары бойынша бұл төмен көрсеткіш», – деп мәлімдеді ведомство.
Мұның коронавирус індетімен ұқсас тарихы бар. Билік конспирологияны жоққа шығарып, дүрбелең тудырмауға шақырды.
Жабық режимдегі жұмыс
Кеңес заманында Армян КСР микробиология институты осы саладағы ірі орталық болып саналды. 90-жылдары АҚШ пен Ұлыбритания институттың ғылыми әзірлемелеріне қызығушылық танытты. Сөйтіп, армян мамандары батыс елдеріне тағылымдамадан өтуге шақырылды.
Кейінірек америкалықтар осы аймақтарда бірнеше биологиялық зертхана ашуға көмектесті. Ақшаны Қазақстандағыдай Пентагон бөлді. Бір ғана армениялық ауруды бақылау және алдын-алу ұлттық орталығын қайта жаңғыртуға он миллион доллар жұмсалды.
Ереван, Гюрми, Ванадзор, Мартуни және Ижеванда салынған ғылыми орталықтар Кавказ аймағына тән вирустар мен штаммдарды зерттейді.
Зертханалар Арменияның денсаулық сақтау жүйесінің бөлігі болып табылғанымен, бұл АҚШ қорғаныс министрлігінің қауіптерді азайту жөніндегі агенттігі үшін қолжетімді. Онда жергілікті мамандармен қатар америкалықтар да жұмыс істейді.
Армениядағы биозертханалар жабық болу арқылы Мәскеудің сынына ұшырап жатыр. Өткен күзде премьер-министр Никол Пашинян күмәнді сейілту үшін ресейлік мамандармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті. Келісімшарттың бүге-шігесіне дейін келісілгенімен, соңғы сәтте армян тарабы құжаттан бас тартты.
Қауіпті эпидемиология
2010 жылдары америкалық биологтар ҰҚШҰ-ның тағы бір мүшесі – Тәжікстанға назар аударды. Олар жұқпалы аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін қолайсыз эпидемиологиялық жағдайларға алаңдады. Сөйтіп, батыстың бірнеше қоры зерттеу орталықтарын құруға ақша бөлді.
Сонымен, 2013 жылы Душанбедегі гастроэнтерологиялық институтта биологиялық қауіпсіздік зертханасы ашылды. Жобаны Қытай, Мьянма, Бангладеш пен Африкада осындай нысандарды салған француздық Мерьё қайырымдылық қоры қаржыландырды.
Француздарға, әдетте БҰҰ мен АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі USAID қоры көмек көрсетті. Ал инвестиция көлемі үш миллион доллардан асты.
2019 жылы олар республикалық туберкулезге қарсы күрес орталығында зертхана құрды. Оған да USAID пен Пентагон демеуші болды. Жергілікті биологтар шетелдік әріптестерінің қатысуымен Орталық Азияға тән туберкулез, безгек, гепатит және тырысқақ сияқты ауруларды зерттейді.
Былтыр Тәжікстанның солтүстігіндегі Исфара қаласында тағы бір нысан ашылды. Ол туралы ақпарат аз, бірақ мұны да америкалықтар қаржыландырады.
«Коронавирусқа дейін Орталық Азияда эпидемиологиялық жағдай оңай болған жоқ. Гепатит, тырысқақ және туберкулез аурулары аймаққа тән сипатпен ушығатындықтан, жаңа биолаборатория қажет-ақ. Ал оған қаражат керек. Оны шетел көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес», – деп түсіндірді РИА Новости порталына Душанбедегі саяси зерттеулер орталығының директоры Абдуғани Мамадазимов.
Тәжік сарапшысы америкалықтардың белсенді қызметінен күмән тудыратын нәрсені көрмейді.
«Олар әрдайым бірінші болып әрекет етеді. Егер коронавирус індетінен кейін Ресей, Қытай немесе ЕО аймаққа вируспен күресте белсенді көмек көрсете бастаса, республика билігі мұндайды қолдайды», – дейді сарапшы.
Грузин патогені
Грузия ҰҚШҰ құрамына кірмейді, бірақ Ресеймен шекаралас әрі Кавказда шешуші рөл атқарады. Ричард Лугар атындағы қоғамдық денсаулық сақтауды зерттеу орталығы Мәскеудің алаңдаушылығын тудырады. Ресей билігі Тбилиси маңындағы биолаборатория америкалықтардың мүддесі үшін әрекет етеді деп санайды.
Күдік бірден туындаған жоқ. 2018 жылы Грузияның бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік министрі Игорь Гиоргадзе лабораториядағы адамдарға эксперимент жасалуы мүмкін екендігін айтып, Лугар орталығында ондаған адам ем қабылдаудан соң, қайтыс болғанын растайтын құжаттарды жария етті. Ал ол жерде Пентагон тапсырысын орындайтын Американың үш жекеменшік компаниясы – CH2M Hill, Battelle және Metabiota биологтары жұмыс істеді.
Гиоргадзе зертхананың бактериологиялық қорғанысының жоғары деңгейіне назар аударды. Сонымен қатар, орталықта «зиянды заттар мен оқ-дәрілерді биологиялық белсенді материалмен бүркуге арналған жабдықтар бар. Халықты қорғауды мақсат еткен мекемеге мұндай нәрселер неге керек?» – деп сұрады экс-министр.
Ал Мәскеудегі сыртқы істер министрлігінің қарулануды бақылау және оны таратпау жөніндегі департамент басшысы Владимир Ермаков, Ресей өзімен шекаралас елде америкалықтардың биологиялық эксперимент жасауына төзіммен қарамайды деп мәлімдеді.
Ал өз кезегінде Пентагон Гиоргадзенің айыптауын сандырақ деп атады. Ресми Тбилиси болса, зертхана бейбіт мақсаттағы жобалармен айналысады, адамға тәжірибе туралы ешқандай да сөз жоқ деп сендірді. Грузия билігі Лугар орталығына ресейлік мамандардың кіруіне қарсы болмады. Бірақ, екі ел арасындағы өткен жылғы дағдарыстан кейін бұл жоспар жүзеге аспай қалды.
«Грузия ешқашан физика-химия немесе биология саласындағы зерттеулерге қызығушылық танытпаған. Бұл зертханадағы жоғары деңгейлі биологиялық қорғаныс мамандары туралы ақпарат көптеген сұрақ туғызуда. Мұндай ауыр қоздырғыштармен күресу неге керек?» – дейді РИА Новостиге биология ғылымдарының докторы, Сібір федералды университетінің профессоры Николай Сетков.
«Вектор» вирусология орталығының ғылыми жұмыстар жөніндегі бас директоры Александр Агафонов: «Лугар орталығында биологиялық қаруды әзірлеу және оларды жеткізу техникасы туралы тікелей ақпарат жоқ» екендігін айтады.
«Алайда, CH2M Hill, Battelle және Metabiota жеке компанияларының қатысуы мен олардың келісімшарттық міндеттемелері туралы, мысалы, күйдіргі, туляремия және Қырым-Конго геморрагиялық қызба вирусының қауіпті бактерияларын зерттеуі елеусіз қалмауы тиіс», – дейді ол.
Осылайша, агенттікке сұхбат берген сарапшылар посткеңестік мемлекеттер сыртқы көмекке үміт артып, эпидемиологиялық жағдайға бақылауды жоғалтады деген пікірге келді. Бұл ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, пандемия кезінде зертханаларға одан сайын сақтықпен қарай бастады. Бұл ақыр соңында құрылымдардың ашылуына негіз болады.
sputniknews.kz