Ковидпен ауырған медицина қызметкерлеріне енді өтемақы берілмейді

0

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу тоқтатылатынын айтты.

«Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша 20 қазанда Үкімет жанындағы ВАК кезекті отырысы өтті, онда медицина қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлемдерді аяқтау туралы шешім қабылданды. Осылайша 20 қазаннан бастап медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерге жаңа өтінімдер қабылдау тоқтатылды», — деді Шоранов.

Ол коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлері енді біржолғы төлем ала алмайтынын айтты.

«Қалған 5 пайыз немесе 421 медицина қызметкеріне біржолғы төлемдер қазір өңірлік комиссиялар деңгейінде рәсімдеу сатысында және олар ақпараттық жүйеге енгізіледі. Оларға төлемдер апта соңына дейін 23 қазанға дейін беріледі», — деді бірінші вице-министр.

tengrinews.kz