Көтеріліп жатқан мәселелер мен олардың шешімі адам капиталын арттыруға жол ашады — сарапшы
Сарапшының пікірінше, Қазақстанда Жастар жылы жарияланғаннан кейін еліміздегі жастар саясатын түрлендіруге жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Өзгерістер негізінен жүргізіліп жатқан жұмысты жүйелендіруге, сондай-ақ, жастардың түрлі топтарына атаулы мемлекеттік көмекті арттыруға байланысты болмақ.
«Ең алдымен, мемлекет жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешуге бағытталған шараларды реттеуге ұмтылуда. Елімізде бірнеше бағдарлама жұмыс істеп тұр, мәселен, «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» және т.б. Жастарға жұмыс табуға көмектесетін Жастардың ресурстық орталықтары бар. Дегенмен, осыған қарамастан, біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, еңбекпен қамтылу Қазақстан жастары үшін №1 мәселе болып қалып отыр. Президент жариялаған жаңа бастамалар мемлекеттік органдардың назарын аталған мәселеге баса аударып, қолданыстағы бағдарламалардың тиімділігін одан әрі арттыруға шақырады», — деді С.Бейсембаев.
Бұған қоса, мемлекет алдағы жылдары білім берудің қолжетімділігін одан әрі арттыруды көздеп отыр. Бұл, әсіресе, ауылдар мен шағын қалалардың жастары үшін аса маңызды.
«Орта арнайы білім беру жүйесін дамыту жастардың осы санатына бейімделу деңгейін арттыруға көмектеседі. Әрине, мұнда білім беру сапасының нарық сұраныстарына сай келуі өте маңызды», — деді ол.
Бұдан өзге, сарапшының айтуынша, еліміздегі жастар саясаты жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырудың жаңа үрдісін қолдауға ұмтылуда. Материалдық ынталандыру арқылы волонтерлерді қолдай отырып, мемлекет жастардың белсенділігін тек оң бағыттарға бағыттап қана қоймай, жастар ұйымдары үшін жаңа бағытты да белгілейді.
«Үлкен қалалардың мысалынан көріп отырғанымыздай, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тұрмыс жағдайы төмендерге көмектесу, экологиялық сауаттылықты арттыруға және т.б. қатысты бастамалар көптеп көтерілуде. Жаңа буынға осындай жобаларға қатысу үлкен қызығушылық тудырады», — деді ол.
Осылайша, Қазақстанда Жастар жылында жастарымыздың өзекті проблемалары жоғары деңгейде жандандырылуы тиіс. Көтеріліп жатқан мәселелер кешенді сипатқа ие және олардың шешімі табылса, олар жалпы адам капиталын арттыруға көмектеседі. Бұл — Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың басты басымдығы.
Еске сала кетейік, Президент Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. 2019 жылы мемлекеттік жастар саясатын жан-жақты қолдауға және іске асыруға бағытталған шаралар қабылданбақ.
Дереккөз: http://egemen.kz/