Коронавирустан сақтайтын ұжымдық иммунитет бірден қалыптаспайды — ДДСҰ
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан сақтайтын ұжымдық иммунитет биыл қалыптаспауы мүмкін екенін ескертті.
«Вакцина әлсіз топтарды аурудан сақтауға көмектессе де, 2021 жылы тұтас ұлтты қорғайтын иммунитет қалыптасады деп айта алмаймыз», — деп мәлімдеді ДДСҰ-ның бас ғылыми қызметкері Сумия Сваминатан.
«Жекелеген мемлекетте ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы бүкіл әлемді қорғай алмайды», — деп есептейді маман.
Карантин шараларына қарамастан, вирустың беті қайтар емес. Вирустың адамнан адамға жұғуын әлсірету үшін халықтың 70-80 пайызы вакцина ектіруі керек.
Еуропа елдері мен АҚШ-та халықты егу науқаны жүріп жатыр, бірақ бұл жұмыс вакцина тапшылығына байланысты баяулап тұр.
Дүйсенбі күні немістің BioNTech компаниясы 2021 жылы 2 млрд дана вакцина өндіретінін хабарлады. Бұл әлемнің миллиардтаған тұрғынын вакцинациялауға жетеді. Жерде шамамен 7,6 млрд адам тұрады.