Коронавируспен ауырмаған адамдардан антидене анықталды – ғалымдар себебін айтты
Зерттеу жүргізген ғалымдар антиденелер адам COVID-19-ға ұқсас басқа вирустарды жұқтырғаннан кейін пайда болғанын анықтады
Ұлыбритания ғалымдары коронавирусқа қарсы иммунитет бұған дейін бұл індетпен ауырмаған науқастардың ағзасында да қалыптасуы мүмкін екенін анықтады. Зерттеу қорытындысы Science порталында жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мамандар 302 адамның сынамасын зерттеді. Оның ішінде бұған дейін коронавируспен ауырмаған 16 пациенттің ағзасынан антидене табылды. Зерттеуге сәйкес, антиденелер адам COVID-19-ға ұқсас басқа вирустармен ауырғаннан кейін пайда болған.
Ғалымдардың пайымдауынша, кейбір адамдардың ағзасында басқа вирусты жұқтырғаннан кейін иммунитет қалыптасады. Алайда дәл осы иммундық қорғаныстың коронавирусқа қарсы тиімділігі әлі дәлелденген жоқ.
Оған қоса, коронавируспен ауырмаған адамдардағы антиденелер дәл осы вирустан жазылып шыққандармен салыстырғанда өзгеше болып шықты.
Айта кетейік, бүгінде әлем бойынша коронавирусқа шалдыққандардың саны 50 миллион адамнан асты. Осы уақытқа дейін 1,2 миллион науқас қайтыс болды. Вирус жұқтырғандардың басым бөлігі АҚШ, Үндістан мен Бразилияда тіркелген.