Коронавирус жұқтырған адаммен жұмыс істеген дәрігерлер де карантинге жатқызылады — Қазақстан жаңалықтары

0

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп қазіргі таңда карантинге жатқан науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерге қандай жағдай жасалып жатқандығы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

больница

«Дәрігерлер кезекпен жұмыс істейді. Министрлік тарапынан оларға бірқатар жағдайлар жасалуда. Дәрігерлер майданның бірінші шебінде жүр деп айтсақ қателеспейміз. Олар күніне төрт кезекпен жұмыс істеуде. Ақ халаттылардың барлығы білікті мамандар. Қажет болған жағдайда Нұр-Сұлтан және Алматы секілді қалаларға мамандар аймақтардан шақыртылады», — деді министрлік өкілі.

Бұған қоса ол коронавирустың басқа қалаларға таралып кетпеуіне бар күш жұмысалуда екендігін жеткізді. 

«Қазақстанда тек екі қалада тіркелді ғой ауру. Соны басқа жаққа шығармау керек болып тұр. Карантинде жүрген дәрігерлерге барынша қолдау көрсетіледі. Айлықтарын көтеру мәселесі де қарастырылып жатыр. Екі-үш айда дәрігерлерге қаржылай көмек беруіміз керек. Бұл жағдай дәрігерлерден бастап жедел жәрдем қызметкерлеріне дейін қамтып өтеді», — деді Диас Ахметшәріп.

Сондай-ақ ол вирус жұқтырған науқастармен жұмыс істейтін ақ халаттылар да карантинге жатқызылатынын атап өтті. 

Бұған дейін Диас Ахметшәріп Нұр-Сұлтан қаласының коронавирусқа қатысты толығымен карантинге жабылуы мүмкін екендігін айтып өткен еді. 

stan.kz