Путин қайтадан президент болып сайлана алады: Көрші елдегі саяси өзгерістер Қазақстанға қалай әсер етеді — Қазақстан жаңалықтары

0

Ресейде Конституцияға қазіргі президент Владимир Путинге тағы сайлануға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізіліп, елдің Конституциялық соты оларды бекітті. Осымен 4 мерзімін президенттік лауазымда өткізген Путин алдағы 16 жылда тағы еш кедергісіз билік жүргізе алады. Көрші елдегі саяси өзгерістер біздің мемлекетке қандай әсерін тигізеді? Stan.kz тілшісі бірқатар саясаттанушыға хабарласып, түсіндіріп беруін сұрады. 

Саясаттанушы Айдос Сарым бұл жағдай Ресей үшін жақсылық бола қоймайтынын айтады.

«Егер қайта сайланса ол Ресей халқының, элитасының таңдауы. Билікті сақтау үшін жасап жатқан шаралары шығар. Сондықтан аса керемет жаңалық күтіп отырған жоқпын. Әзірше біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз жақсы. Путин сияқты түсінетін азаматтың билікте отырғаны біз үшін тиімді. Бізге кем дегенде 5-10 жыл тыныштық керек. Ресеймен дұрыс қарым-қатынас керек. Путиннің орнына басқа тым ұлтшыл адам келсе тағы не боларын білмейміз. Сондықтан Ресейдің таңдауына араласа алмаймыз», — деген Айдос Сарым кім келсе де жақсы қарым-қатынаста болатындай жағдайдамыз дейді.

«Бізге Путиннің ауысуы жағымсыз болуы да мүмкін, көп қиындықтар әкелуі мүмкін. Путиннің қайта келуімен керемет жаңалық күтудің қажеті жоқ, одан қарыштап дамып та кетпейді. Кейде басылым беттерінен Ресейге тәуелдіміз, Қытайға тәуелдіміз деген мақалаларды көріп қаламыз. Бұл ұнасын, ұнамасын, біздің еріксіз таңдауымыз. Ресейді басып алатын күшіміз болмаса, біз онымен санасуға мәжбүр боламыз. Бүгін барып Қытайдың қорғанын тас-талқан етпесек, демек біз олармен санасуға мәжбүрміз», — деп түсіндірді Айдос Сарым.

Саясаттанушы Ерлан Саировтың пайымынша, бір ақпараттық кеңістікте өмір сүріп жатқан соң, Ресейдегі әртүрлі саяси іс-шаралар Қазақстан халқының санасына әсер етпей қоймайды.

«Ресейдің ішкі саясатына егеменді ел ретінде біз араласа алмаймыз. Бұл өзгерістер Ресейдегі жасы келген саясаткерлер мен саяси өмірін жаңа бастап жатқан буынның арасында күрес іспеттес. Жастар бұл шешімді қабылдамай Ресейде әртүрлі саяси бас көтерулер болуы да мүмкін.

Путиннің бұл әрекетін Ресейдің мемлекет ретінде тыныштығы мен тұтастығын қалыпқа келтіру үшін жасалып жатқан қадам деп түсіндіріп жатыр. Әрбір елде президенттікке кандидат болатын адамдар көп болады. Ресейдегі саяси процесс кандидаттарды бәсекелестік кеңістігіне шығаруға дайын болмай тұр», —  деген Ерлан Саиров Ресейде саяси реформаны жасау Қазақстанға пайдалы екенін айтады. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Госдуманың депутаты, әлемнің бірінші әйел космонавты Валентина Терешкова Владимир Путиннің бұған дейінгі президенттік мерзімдерін жоққа шығаратын конституциялық өзгерістерді ұсынған еді. Айтуынша, мұндай ұсынысты жасауға «қарапайым халықтың бұйымтайы мен өтініші» себеп болған. 16 наурызда Конституциялық сот өзгерістерді мақұлдады. 

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

stan.kz