КӨПТІҢ КӨКЕЙІНДЕ ЖҮРГЕН ОЙ ЕДІ

0

Академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдісағит Тәттіғұловтың «Айқын» газетінде жарияланған (27.10.2018 жыл) «Төр тарихы терең Торғай» атты мақаласы халықтың көптен ойында жүрген көкейтесті мәселені – Торғай облысы атауы өз елі, өз жеріне қайта оралса деген аса маңызды мәселені дер кезінде көтерген екен. Сол себепті де бұл текті ой, терең сезімге толы мақаланы бір емес, бірнеше газет көшіріп жарыса жариялады. Ел ішінде үлкен резонанс туғызып, халық жаппай қолдады.

Көптің көңілінен шыққан бағдарлама деуге татитын осы аса қуатты, шуақты мақала жайлы қызу қуаттаған сөзімізді айтпақ болғанбыз. Әттең, жиі-жиі аурухана төсегіне сүйреген сырқат пен көлденең киіп кеткен көп шаруа қолбайлау болды. Енді «ештен де кеш жақсыны көңіл­ге медеу тұтып, өз ойымызды шама келгенше қысқаша айтсақ, мамандығы құрылысшы Әбдісағит досымның тарихты көп білетіндігіне сүйсіндім. Торғай облысы жайлы Ресей императорының 1868 жыл­дың 21 қазанындағы жарлығынан бастап, онан кейінгі тарихи оқиғаларды терең талдай отырып, Торғай облысы атауына биыл 150 жыл екенін нақты фактілер­мен, тарихи деректермен дәлелдепті. Соған орай автордың «Дүниежүзіне Торғай облысының алғашқы атауы, орналасуы, халқының саны және басқа да табылған мәлі­меттері патшалық Ресейдің геогра­фия­­лық карталары арқылы және XIX ғасырдың бірден-бір ең белді туындылары­мен белгілі Ф.Брокгауз бен И.Ефронның энциклопедиялары (1897) арқылы жетті. Сондықтан қазіргі уақытқа дейін облыс атауының өзгергеніне біраз уақыт өткеніне қарамастан, табылып жатқан тарихи жәді­гер­лердің көбін Торғай өлкесімен, Торғай даласымен атайды. Солардың бірі – құпияға толы геоглифтер мен геометрия­лық денелердің біздің жерде де анықтал­ғаны. Оның суреттерін АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігі жариялады» деген дәйек­те­месі көкейге қорғасын құйылып алшы түскен асықтай қона кетті.
Жалғыз бұл ғана емес, осы мақаладағы көсемсөз бен кестеленген керемет кер­миық оралымды, орнықты ойлары шығар күндей шындығымен баурайды. Оған мысалды мақаланың кез келген тұсынан келтіре беруге болады. Оған біздің қуаттау, сүйсіну сөзіміздің көлемі көтере бермейді.
Ең бастысы – осы мақаланың Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты адастырмас ақжұлдыз сынды мақала­сын­дағы ойлармен үндесіп жатқандығы. Бұған таңғалдым әрі сүйсіндім. Өзінің өзекті ойын: «Осы күнге дейін жеткен біз­дің ежелгі ел-жер атаулары – ұланғайыр тари­хымыздың бүгінгі портреті. Оны қадір­леп сақтай білу – бүгінгі және ертеңгі ұрпақ міндеті. Облыс орталығы Қостанай болып қалып, Торғай облысы атауы өзінің осы 150 жылдығында жаңа заманда, жа­ңар­­ған заманда өз аты өз жеріне, өз еліне, өз тарихи орнына қайта келеді деп үміт­тенеміз. Қазақтың ұлы даласына Тор­ғай атауының қайта оралуы – Түркістан атауы қайта келгендей халқымызды зор риза­шы­лық­қа бөлері сөзсіз» деп түйінделген. «Төр тарихы терең Торғай» атты мақала – ойды оятқан аса маңызды мәселеге жұрт­шы­лық назарын аударған, саналы сөздің салмағын танытқан аса елеулі еңбек.

Сәбит ДОСАНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Дереккөз: Айқын