Конституция қағазда және іс жүзінде: Тіл жанашыры Қуат Ахметов елден кетті (видео)
«Кеше, ҚР Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында, анығы, даталы күнге 1 сағат қалғанда, Қуат Ахметов елден шығып кетуге мәжбүр болды!» деп жазды заңгер Абзал Құспан.
«Конституция: қағазда және іс жүзінде
Конституцияның 1-бабы қағаз жүзінде:
“Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”.
Іс жүзінде: күні кеше ғана Жамбыл облысында, бейбіт уақытта ондаған адам жарылыс салдарынан көз жұмды. Ол бірінші рет болып тұрған жоқ. Мына билік тұрғанда ешбір жоғары лауазым иесі ол үшін жауап бермейді!
7-бап қағаз жүзінде:
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі.
Іс жүзінде:
Кеше, ҚР Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында, анығы, даталы күнге 1 сағат қалғанда, Қуат Ахметов елден шығып кетуге мәжбүр болды!
Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтаннан үйлеспей, Ақтау арқылы қалай, қайтіп шығарып жібергенімізді кейін айта жатармын, әзірге Қуат туралы мына жәйттерді біліңіз, ол:
— банк тонап, миллиардтарды ұрлап,
— билікте отырып, елін тонап,
— қылмыс жасап, соның ізін жасыру үшін,
ҚАШҚАН ЖОҚ!
Ол;
— Заманбек, Алтынбектер атылғанда, Арон, Max Bokayev т.б. көптеген батырлар түрмеге тоғытылғанда, Margulan Boranbay істі болғанда әрекетке көшпеген елімді оятамын деп, “Қазақ тілі — МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ”- деп жазылған Конституцияны іс жүзінде орындатамын деп, отбасын, төрт баласын, шешесін тастап, бір кездегі Мұстафа Шоқай жолын жалғап кетті, бірақ, қайта оралу үшін кетті!
Ол — КҮРЕС ЖОЛЫН ТАҢДАДЫ!» деп жазды заңгер.