Конституция күні: енгізілген өзгерістер, конституциялық реформа

0
186

Биыл Ата Заң күніне орай қазақстандықтар 3 күн демалады

НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Бүгін – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.

Қолданыстағы қазіргі Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ол 9 тарау және 98 баптан тұрады.

Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды.

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тарау, 131 бап пен өтпелі кезең ережелерінен тұрды. Оған дейін Қазақстанда 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы қолданысты болды.

Конституция неге қайта қабылданды?

1993 жылғы құжатта конституциялық құрылымның негіздері бекітілді әрі Қазақстан парламенттік республика атанды.

Ата Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасы — барлық азаматтың құқықтық теңдігін қамтамасыз ететін демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп танылды. Халықтың атынан билік жүргізу құқығы өздерінің конституциялық өкілеттігі шегінде Жоғарғы Кеңес пен Президентке берілді.

Тағы оқыңыз: Назарбаев Конституциялық заңға түзетулер енгізді

Алайда 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам талабына сай болмады. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы, және оны қамтамасыз ету қағидалары, мемлекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын.

Сондықтан Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қайта қабылданып, 5 қыркүйегінде күшіне енді.  Қазақстандықтардың 89%-і жаңа Ата Заңды қолдап дауыс берді. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екендігі, мемлекеттің ең жоғарғы құндылығының адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы екендігі нақтыланды.

Ата Заңға енгізілген өзгерістер

2011 жылы қаңтарда ҚР парламенті Конституцияға Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді. Ол бойынша «бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне – Елбасыға қолданылмайды». Сондай-ақ Қазақстанның бірінші президентіне «Елбасы» мәртебесі берілді.

Конституциялық реформалар

2017 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жария етті. Елбасы өз өкілеттігінің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке өткізетін болды.

Президенттің 2017 жылдың 11 қаңтарындағы №140 жарлығымен мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныс енгізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамына депутаттық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, құқықтанушылар және басқалары кірген бұл топ «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындап шығарды.

Тағы оқыңыз: Назарбаев бір кездері 20 елдің конституциясын жете зерттегенін айтты

Жаңа құжат Елбасының тапсырмасымен сол жылдың 26 қаңтарында жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Сондай-ақ конституцияға 40-қа тарта өзгеріс енгізу ұсынылды.

«Менің жарлығыммен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын жаппай талқылап қана қоймай, оның сапалы болғанын көріп отырдық», – деді Қазақстанның тұңғыш резиденті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 3 наурыздан өткен ҚР парламенті палаталарының бірлескен отырысында.

Кейін қос палата депутаттары Конституцияға енгізілетін өзгерістерді бірінші оқылымда-ақ мақұлдады.

Конституциялық реформаға сәйкес, сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерін президент бұрынғыдай өзі тағайындайды. Министрлер лауазымына кандидаттарды президентке премьер-министр ұсынады.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, президент құзырындағы министрлер кабинетін жасақтау және олардың жұмыстарын қадағалау жұмыстары парламентке беріледі. Үкіметтің де, парламенттің де жауапкершілігі арта түседі.

Тағы оқыңыз: 1993 жылы Конституцияның қабылдау – сирек кездесетін кадрлар

Президент ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, ішкі-сыртқы саясат, мемлекеттік басқару сынды негізгі шаруаларды атқарады.

Сонымен қатар үкімет президент пен қос палата депутаттарының алдында есеп береді.

2017 жылғы конституциялық өзгерістерге қарамастан елімізде президенттік басқару жүйесі өзгеріссіз қалды.

Биліктің бастауы – халық

Ата Заң Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялайды. Конституцияның 3-бабы 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – халық суверенитетінің көрінісі. Халық өз билігін тікелей республикалық референдум және сайлау арқылы жүзеге асырады, сонымен бірге билік жүргізуді мемлекеттік органдарға тапсырады.

Халықтың еркіндігін айшықтайтын бұл құжат өзінің нормалары мен қағидаларымен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениеті дамыған елдердің қатарына жетелейді. Сол себепті басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту.

Конституцияның қабылданған күні – мемлекеттік мереке. Биыл Ата Заң күніне орай қазақстандықтар 3 күн демалады.



sputniknews.kz