Көне тарих көп дүниені әйгілейді

0

Университеттерде астрономдар Күн жүйесінің құры­лымы жайында үйрететін болса, бүгінде тарихшылар Жер бетінде осы аспан жүйесіне ұқсас дүниелердің болып жатқандығын әзірге көре қойған жоқ. Уақыт тезіне қарай қандай да бір мемлекет әлем кеңістігінің орталығына айналуға тырысуда. Қазіргі кездің өзінде біздер алып мемлекеттердің «Күн» болуға әрекет етіп жатқандығының куәсі болып отырмыз. Сондықтан да мына өзгермелі әлемде өз бағытымызды анықтау үшін бәсекелес елдердің санасы немен тыныстап жатқандығын білуге тиіспіз. Әлемдегі елдердің көзқарасымен, түсінігімен салыстыра отырып санамызды жаңғыртып, дамытып отыруға, біз – адамзат кіммен бірге екендігімізді білуге міндеттіміз.

Менің түсінігім бойынша, «Рухани жаңғыру» жобасы идеясының негізі осыдан бастау алады.

Қазақ халқы − әлемдегі адамзаттың құрамдас бір бөлігі. Міне, біздің санамыз да осы түсініктен басталуы қажет. Жасуша, әлде бір бүтін ағза ма, ол әзірге маңызды емес. Ең бастысы деннің саулығы – жалпы денсаулыққа байланысты екендігін түсінуге тиіспіз.

Тәуелсіз Қазақстанның көптеген бастамаларында (оның бәрін таратып айтып жатпайын), барлық көршілеріміздің бірдей көңілінен шыға бермейтін көпвекторлы саясатта да мұндай сананың көрініс тауып жүргенін жақсы білеміз. Егер де біз алдымызға Мәңгілік Ел стратегиясын мақсат ететін болсақ, онда Мәңгі Әлем жайында да ойлануға тиіспіз. Әрі оны құруға көмектесеміз де. Ол үшін интеллектуалды, физикалық және рухани саулығымызды, басқаша айтқанда, білім, экономика, мәдениетімізді нығайтуға тиіспіз. Ал тәуелсіздіктің арқасында осының барлығына қол жеткізуге толыққанды мүмкіндік бар. 

Ленин мен Сталин интернационал-социализм мемле­кетін құра отырып, империялық тарихтанудан бас тартқаны белгілі. Тіптен, Ресей үшін де оның көпғасырлық тарихы «қарғыс атқан» болып танылды. Сондай-ақ Кеңес Одағының құрамына кірген басқа мемлекеттер үшін де солай болды. Ұлттық сананы дамытып, интернационализмге кедергі келтіреді деген желеумен тарихқа ғылым ретінде қарауға тыйым салынды. Сталиннен кейін қазақтардың тарихы асығыс, үстірт, тереңдетілмей жазылғаны да сондықтан.

Тығырыққа тірелген тарих ғылымы осы отыз жылға жуық уақытта өз-өзіне келіп, еңсесін тіктей алмады.

Тәуелсіздік қазақ этносының көне тарихын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Алайда ғылым үшін емес, ауыл мектептерінде ғана сабақ беруге дайындалған мамандар мыңжылдықтар тарихы сияқты ауыр жүкті бірден алып жүре алмайтыны анық болатын.

Меніңше, біздің барлық ғылымымыз бәрінен бұрын гуманитарлық, әсіресе тарих, тілтану, түркітану саласы бойынша интеллектуалды тұрғыдан деңгейі төмендеу. 

Біз мұның салдарын «Рухани жаңғыру» бағдарламасына деген көзқарастардан-ақ байқаймыз. 

Өткен бір жарым жыл ішінде (2017 жылдың сәуірі­нен) Елбасының қоғамдық сананы жетілдіру туралы мақа­ла­сынан кейін көптеген жиналыстар, депутаттардың қоғаммен кездесулері өтті, жасалған жұмыстар жайында көптеген қағаздар жазылды. Бірақ тарихшылардың кітаптарын айтпағанда, ғылыми негіздегі бірде-бір мақала жарық көрген жоқ. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының жазылуы да сондықтан. Рухани жаңғырудың авторы ұлттық тарихпен айналысу мемлекеттік деңгейде қажет екендігін айта отырып, Жарлық сипаты бар мақаланы жариялауының басты себебі де осында жатыр. Мақалада кәсіби тарихшылар емес, өз халқының өткенін білгісі келетін жазушылар тарапынан жарық көретін материалдар, іздену бағыттары мен нақты тетіктері де көрсетілді. 

Президент адамзаттың барлығы салт аттының киімінде жүретінін біледі: шалбар, өкшесі бар етік – атқа мінудің сұранысынан туындады. Ал көне қазақ тіліндегі іш тоны – «іш киім» славян тілінде штон > «штаны» сөзіне айналып кетті. Ең көне деген үзеңгілер біздің даламызда табылған. Тіптен осы бұйымдарға қарап көне салт аттылар мен жер өңдеушілер мәдениетінің өзара кірігіп кеткені туралы әңгіме өрбітуге болады. 

Бұл әңгімені әлемдік ғылым күтіп отыр. Ол бізден – Қазақ­станнан басталуы қажет. «Ұлы даланың жеті қырын­да» міне, осы мәселелер айтылады. 

«Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» үстіміздегі жылдан бастап қазақтардың ата-бабасы Жерорта теңізі мен Ежелгі Алдыңғы Азияда өмір сүргенін, мемлекет құрып, қалалар тұрғызғанын, байтақ далаға атпен келіп және оны бірнеше ғасырда Ұлы далаға айналдырғанын әйгілейтін ғылыми бастамаларға кірісетін болады. 

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, 

ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері

Дереккөз: http://egemen.kz/