Көмір бағасы қандай? Биыл қымбаттай ма?

0

Елордада жылда 15 қазаннан бастап мұқтаждарға көмір сатып алуға көмек беріле бастайды. Өтініш 30 сәуірге дейін қабылданады. Былтыр өтемақы 18 мың теңге болған, биыл оған 1240 теңге қосылып отыр. Бұл – 8 айлық есептік көрсеткіш (1АЕК – 2405 теңге). 2017 жылы 422 адамның өтініші қабылданған.

Cонымен, көмір алуға көмекті кімдер ала алады? Біз Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына жүгіндік.

Әлеуметтік көмек табысы төмен отбасыға ғана беріледі

Онда да табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын болса.

Айта кетейік, биыл тамызда жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі орта есеппен 29 146 теңге көлемінде. Шілдеге қарағанда 7,5 пайызға артқан. Қыркүйекте 1,6 пайызға қайтадан төмендеп, 28 690 теңге болды. Оның 15 780 теңгесі азық-түлікке жұмсалады екен.

Бұны Статистика комитеті ай сайынғы азық-түліктің бағасын анықтап, сатып алуға жұмсалатын шығынның ең төменгі нормасын есептеп шығарады. Оған бір адамның коммуналдық төлемі, киімі, дәрісі, жолақысына жұмсайтын қаржысы қосылады. Осыған байланысты ең төменгі күнкөріс деңгейі әр өңірде әр түрлі. Сонымен қатар, адамдардың жас ерекшелігіне тікелей байланысты. Мысалға келтірер болсақ,

  • 0-13 жастағы балалар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 25 565 теңге;
  • 14-17 жастағы жасөспірімдердің ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері ұлдарға 35 702 теңге, қыздарға 27 356 теңге;
  • 18 жастан еңбекке қабілетті ерлерге 33 634 теңге, әйелдерде 26 683 теңге;
  • Зейнеткерлер мен қарт адамдарға 29 508 теңгені құраған. Осы тұста айта кетейік, Елбасы жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін 28 мыңнан 42 мыңға көтеруді тапсырды.

Ескерту: Егер өтемақы алуға құқығы бар бірнеше адам бір жекеменшік үйде тұрған жағдайда, тек біреуіне ғана беріледі. Сонымен қатар, пешпен жылытатын үйде тұратын зейнеткерлер, мүгедектер және мүгедек балалар өтемақыны ала алады.


Қандай құжат тапсыру керек?

Ең алдымен Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына барып, өтініш жазу керек. Құжаттар Достық көшесі, 13, «Нұрсая-2» ТК мекен-жайы бойынша қабылданады. Мына телефонға хабарласып, мән-жайды толығымен білуіңізге болады: 55-68-22, 55-68-45, 55-68-34.

Өзіңізбен бірге төмендегі құжаттарды алып барыңыз:

  1. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  2. Мекен-жай анықтамасы;
  3. Отбасының құрамы туралы мәліметтер;
  4. Отбасы мүшелерінің табысы туралы мәліметтер;
  5. Зейнеткерлер үшін – зейнеткерлік куәлігінің көшірмесі, мүгедектер үшін – мүгедектігі жөніндегі анықтаманың көшірмесі;
  6. Банктік шот туралы мәлімет;
  7. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығының болмауы немесе болуы жөніндегі анықтама. Оны ҚР Әділет министрлігінің аумақтық органы береді.

Көмірге мұқтаж жандар құжаттардың көшірмесін ғана емес, түпнұсқасын да алып келуі керек. Себебі, мамандар салыстырып, тексереді. Түпнұсқа кері қайтарылады.

Есіңізде болсын! Жекеменшік тұрғын үйі барларға өтемақы берілмейді.


Қалтамызда ақша болса, баспанамызды жылыту үшін көмір сатып алуымыз керек. Қандай түрлерін таңдаған жөн? Сапасы қандай? Бағасы қанша? Енді осы сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

Көмір өсімдік қалдықтарынан түзілгендіктен генетикалық үш топқа бөлінеді

Гумолиттер – жоғары сатыдағы өсімдік қалдықтарынан, ал сапропелиттер – төменгі сатыдағы өсімдік қалдықтарынан түзіледі. Сапрогумолиттер ше? Олар аралас өсімдік қалдықтарынан тұрады. Осыған байланысты көмірдің табиғи үш түрі бар.

Антрацитті шойын қорытуға арналған домна пештерінде пайдаланады. Түсі – қара сұр. Металдай жылтыр болып келетін бұл көмірдің таза кесектерінен ток өткізгіш электрод жасайды екен. Екінші түрінің – тас көмірдің түсі қап-қара. Қоңыр көмір туралы айтар болсақ, шымтезек пен тас көмір аралығындағы түрі. Түсі – қоңыр, қоңырқай. Шымтезектен қаттылығымен ерекшеленеді.

Генетикалық белгілеріне қарай қоңыр көмір тығыз және борпылдақ (лигниттер) болып бөлінеді. Табиғи ылғалдылығы бойынша қоңыр көмірдің 1Б, 2Б, 3Б сатылары бар. Сыртқы белгілері бойынша қоңыр көмір жер сияқты қопсымалы және тығыз түрге бөлінеді.


Астанада қай жердің көмірі арзан?

Қазақстанда Юра кезеңінің қоңыр көмірі қазылады. Олар:

  • Шұбаркөл көмірінің тоннасы 13 500-14 500 теңгеге сатылады (Қарағанды облысының Нұра ауданы);
  • Қаражыра – тоннасына 14 000 теңге (ШҚО Абай ауданы);
  • Майкөбе – тоннасына 12 000-12 500 теңге (Павлодар облысының Баянауыл ауданы);
  • Богатырь көмірі – тоннасына 8500-9500 теңге (Екібастұз қаласында);
  • Кузнецкий көмірі – тоннасына 12 000-12 500 теңге болып тұр (Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы).

Бұл – Астанадағы көмірді сатып алу бағасы. Ал, үйіңізге дейін көмірді жеткізу үшін арнайы жүргізуші жалдап, қосымша ақы төлейсіз. Көмір бекітілген бағадан қымбатқа сатылса, әкімдіктің сайтындағы «і-Kөмек 109» жедел желіге хабарласуыңызға болады.


Көмірдің жыры жылда қайталанады

Көмірдің жыры жылда қайталанады / Фото автордікі


Елордада негізгі көмір сатылатын 11 орын бар

Герцен 4/1, Герцен 6б, Көктал 28/1, Герцен 6/2, Көктал 28/1, Жұбанов 35, Көктал 28/2, Дулатов 182/1, Литейная 44, Ст 40, Мақат 40а мекенжайларында. Әкімдіктің ақпары бойынша, 15-16 қазан күні мұнда 46 вагонмен 3350 тонна отын түскен. Екі күннен кейін барғанда Шұбаркөл мен Қаражыра көмірі таусылып қалыпты. Келесі партияның тек 5-7 күннен соң ғана жеткізілгені туралы хабар естідік.


Әкімдік бекіткен көмір сататын орындардан қатты отынды сатып алмасаңыз, қымбатқа ұрынасыз

Көмірді әкімдік бекіткен арнайы орындардан сатып алмасаңыз, қымбатына ұрынасыз / Сурет автордікі


Көмір тасушылар Қоянды ауылында бағаны көтеріп жіберген

– Қалада Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 13 500-14 500 теңге. Ал, ол Қояндыға жеткенде 21 000 теңгеге бір-ақ шығады. Олардың бір тонна дегені азғантай ғана. Бізге ең тиімдісі – қаладан көлік жалдап, әкелу. Көршілер қаладан тікелей газель көлігін жалдап, көмірді әкелгеніне 6000 теңге төледі. Ал Қояндыдағылар тек жолына 25 000 теңге сұрайды.

Көмір алуға берілетін қаржылай көмекті естімегендер де бар

– Күйеуімнің табысы күнделікті, шай-пұлымыздан артылмайды. Сондықтан, көмірді тонналап алуға шамамыз жетпей тұр. Қазір қаптап сатып алып, үнемдеп жағып отырмыз. Әкімдіктің әлеуметтік көмегі туралы сізден естіп тұрмын. Ертеңнен бастап құжаттарымды жинауға кірісемін, – дейді Қоянды ауылының тұрғыны Жансая Жадраева.

Алыпсатарлар келген көмірді көтеріп кетеді

– Мысалы, көмірдің түнгі екіде әкелінетіні туралы естісек, сол маңды торуылдап, кедендік бақылау аймағына кіру үшін жазылып қоямыз. Бірақ, ертемен бірінші болып кірсең де, ішінде жиырма шақты көлік тұрады. Олар асықпай керегін таңдап алады. Сонда жиырма бірінші болып көмір кезегіне қайта тұрасың.

Бірнеше көлік әкеліп, 40-50 тоннаны бірден көтеріп сатып алатын алыпсатарлардың көмір сақтайтын қоймалары бар. Содан кейін көмір тапшылығы болмағанда қайтеді? Мына жерден Шұбаркөл көмірін 13 500 теңгеге аламын. Қараөткел (бұрынғы Ильинка) ауылына апарып 18 000 теңгеге сатамын. Оның ішінде бензинім бар, – дейді Димаш. Оны Жұбанов, 35 мекен-жайындағы көмір сататын орында кездестіргенбіз.


19 қазан күні көмірді күткен көліктер қаз-қатар тізіліп тұр

19 қазан. Ертеңгілік. Көмірді күткендердің көліктері / Фото автордікі


Көмірдің бағасын теміржол бекетіндегі қоймадағылар қояды

Көмірдің тасымалдау тарифін айтар болсақ, қосылған құн салығынсыз есептегенде «Майкөбе-Весте» – тоннасы 2633, «Шұбаркөл» премиум – 4,8 мыңнан 7,3 мыңға дейін, «Қаражыра» – 3 мың теңгеге дейін тұрады.

– Кеніштен темір жол тұйығына дейін вагонды жалға алудың күндік бағасы тұрақты. Бірақ, тұйықтың иесі қоятын үстеменің қанша екенін білмейміз. Темір жол тұйықтарының иелері бағаны өздері қояды, – деген болатын Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.

Оған қоса жүргізушілердің жеткізіп беретін бағасы қосылады. Содан кейін баға өспегенде ше? Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті негізінен қоймалардағы бағаны ғана бақылауда ұстап отыр.

Астанадағы «Шанхай» базарынан отандық пештердің бағасын білдік

– Мына пешті көбісі «бір жақсаң болды, үйіңді бір апта бойы жылытудың қажеті жоқ» деп сатады. Негізінде бұл пештің қызуы ары кеткенде үш-ақ күнге жетеді.


Шын мәнінде бір аптада бір-ақ рет от жағуға болады дейтін пештердің қызуы үш күнге ғана жетеді

Апталық пеш 250 мың теңге тұрады. Бұл пештерге бір салғанда 10 шелек көмір кетеді / Сурет автордікі


Бір тәулікте бір-екі рет жағатын пеш жылуды алты сағат сақтайды, – дейді сатушы Елдос. – Таңертең көмір салып, жағып кеткенің, жұмыстан келгенше жетеді, үй жып-жылы болып тұрады.

Тәуліктік пеш 180 мың теңге тұрады.


Мына тәулігіне бір-екі рет жағатын пештің көлемін үйіңіздің шаршы метріне байланысты сатып аласыз

Тәулігіне бір-екі рет жағатын пешті сатып алмас бұрын, үйіңіздің шаршы метріне байланысты таңдау керек / Сурет автордікі


Ауыл тұрғындары қымбат болса да, шетелдік пешті қолданады

Арқаның аязында жер үйді жылыту қиын. Пешті, мұржаны дұрыс қаламаса, отты тартпауы мүмкін.

– Қазір екінің бірінде тәулігіне бір-екі рет көмірмен жағатын пешті алып жатыр. Ақша жинап, келесі жылы жазда шетелдің пешін сатып алсақ па дейміз, – дейді Жансая есімді Қоянды ауылының тұрғыны.


Бұл пеш - Жансаяның арманы. Бағасы - 200 мы теңге

Бұл пеш – Жансаяның арманы. Бағасы – 200 мың теңге / Фото автордікі


Қоянды ауылының тұрғыны Андрей екі қабатты үйі өртенген соң, шетелдік пешті бір метр тереңдікке салыпты. Айтуынша, неғұрлым төменде болса, соғұрлым пеш жылуды жақсы береді.


Сергей екі қабатты баспанасына 120 шаршы метрлік пешті орнатқан

Андрей бұл пешті 2015 жылы 600 мың теңгеге сатып алыпты / Фото автордікі


Пешке де күтім керек


Тұрғындар жарық өшкенде пешті қалай қосу керектігіне дейін ойластырып қойған / Фото автордікі


– Қаражыра көмірін ғана пайдаланамын. Бір қыста 8 тонна жақтым. Бұл пештердің бір жаманы – жарық сөніп қалғанда, жүйедегі су қайнап кетеді. Ондай кезде дереу көліктің аккумуляторын қосып қоямын.

Пештің іші ысқа толып, құдығы бітеледі. Жылына екі рет құрал-жабдықтарын ағытып, тазалап отырамын, – дейді Андрей.


Дереккөз: https://informburo.kz