«Көлгінов мырза, біздің үйде тұрып көріңізші»

0
162

Астана қаласындағы Асан қайғы көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің тұрғындары қала әкімі Алтай Көлгіновке ерекше ұсыныс жасады. Олар әкімді апатты жағдайда үйде бірге тұрып көруге шақырды. 15 жыл бұрын тұруға жарамсыз деп танылған үйлерді сүруге қала билігі асығар емес.

Қазір аталған үйдің жанында көпқабатты тұрғын үй кешендері көптеп салынып жатыр. Бұл жағдайды тіптен ушықтыра түскен. Өйткені жерасты су көтеріліп, үйлердің іргетасында сызат пайда болған. Бұл тұрғын үй заңды тұлғаның меншігінде болғандықтан тұрғындар оны жөндей алмайды. Сатуға да тыйым салынған. Мұнда адам тұруға ешқандай жағдай жасалмаған. Тіпті көше қаңғыбастар мен белгілі тұрағы жоқ адамдардың мекеніне айналған.

Тұрғындардан құралған бастамашыл топ бірнеше жылдан бері қала әкімінің қабылдауына кіре алмай жүр.  Қала әкіміне кіруден күдерін үзген қараша енді Алтай Көлгіновті өздерімен бірге тұруға шақырып жатыр.

«Көлгінов мырза біз секілді көп балалы, жалғыз басты аналарды өз үйіне кіргізсін. Немесе бізбен бірге тұрып көрсін. Сонда жағдайымызды түсінер еді.  Мұндай жағдай өмір сүру мүмкін емес», – дейді Асан қайғы көшесінің тұрғыны Аягөз Әділ.

Талап-тілектерін қала әкімдігі көз ілмесе жергілікті тұрғындар қарсылық акциясына шығып, көлік жолдарын жабуға дайын.

Болат МЫЛТЫҚ