Көкшетауда емхана өкілі журналист пен жүкті әйелге жұдырығымен тап берген — Қазақстан жаңалықтары
Көкшетауда отандық арналардың бірінің түсірілім тобына орталық емхананың заңгері шабуыл жасады. Микрофонын қайтаруға ұмтылған тілшінің екі тырнағына зақым келген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің жергілікті тілшісі.
Емханаға «КТК» телеарнасының Ақмола облысы бойынша тілшісі мен операторы шағымданушының өтінішімен барған.
Осыдан 1 ай бұрын Есмалина Маркович үш бірдей екпе салғасын 10 сағаттан кейін қайтыс болған. Ол кезде ем-шара жасалған қаладағы орталық емхананың дәрігерлері барлығын талапқа сәйкес орындадық деп өздеріне шаң жуытпаған еді. Таяуда белгілі болған сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, бүлдіршіннің бойында екпеге дейін тыныс алу жолдары мен бүйрегінде асқыну болғаны анықталды.
– Кінәларын мойындамай, барлығына көз жұмып, бұл істі жаба салғысы келеді. Мен бұл жайлы барлық халық білсе екен деймін. Көз алдымызда жүгіріп жүрген баламыз жайдан-жай қайтыс болмайды ғой?! – дейді қайтыс болған сәбидің нағашы апасы Анастасия Агальцова.
Тексеріс жүргізбестен екпе салғанын дәлелдеу үшін Есмалинаның анасы мен туысқандары түсірілім тобымен емхананың заңгерімен кездескен. Заңгер Ерболат Темірбеков бұл жөнінде құзырлы мекемелер айналысып жатқандықтан өз тарапынан ештеңе айта алмайтынын жеткізіп, шағымданушыларды кеңсесінен шығарып салған.
Дәлізде қалған шағымданушылардың қолындағы сараптаманың қортындысын түсіріп тұрған сәтте заңгер бөлмесінен қайта шығып, қағазды жұлып алуға әрекеттенеді. Одан соң тілшінің микрофонын күшпен жұлып алып, түсіріп тұрған оператордың камерасына бірнеше соққы жұмсайды. Салдарынан микрофонын қайтаруға ұмтылған тілшінің екі тырнағына зақым келген.
– Ол жерде ешқандай провокация болған жоқ. Біз өз бетімізше шағымданушыларды түсіріп тұрғанбыз. Кенеттен заңгер тап беріп, бізге шабуыл жасады, – дейді арнаның тілшісі Айзат Дүйсен.
Ашуға мінген заңгерді сол арада болған емхананың қызметкерлері әрең тоқтатқан. Заңгердің дөрекі қылығынан кейін, зардап шеккен түсірілім тобы полиция шақыртты. Полицейлер жүйкесі сыр берген маманды бөлімшеге алып кетті. Қазіргі уақытта бұзақылық бабы бойынша оған қылмыстық іс қозғалды.
Жанжал кезінде заңгердің соққысы сәбидің анасымен бірге еріп келген әйелдің ішіне тиген. Аяғы ауыр әйелді ауруханаға алып кетті. Бұл оқиғадан соң көз жұмған бүлдіршіннің жақындары дәрігерлерге сенуге болмайтынына тағы бір мәрте көзіміз жетті дейді.
Арнайы Stan.kz үшін
Ерболат Асылбеков
stan.kz