Көкшетау іргесіндегі ауыл қоқыс полигонынынан құтыла алмай отыр

0
16 Қараша 2018, 16:57 319 0

Фото: автор

Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селолық округіне қарайтын Элита поселкесінің тұрғындары қоқыс полигонының зардабынан құтыла алмай отыр.

Көкшетаудағы қоқыс полигоны жабылғалы тұрмыстық қалдықтардың бәрі осы елді мекен маңындағы полигонға тасымалдануда.

Ауыл тұрғындарының шағымына орай қоғамдық кеңес мүшелері орын алған жағдаймен танысты.

«Көкшетау қаласы мен «Алтынтау» АҚ өндірістік қалдықтарын төгуді тоқтату үшін шара қолдануды сұраймыз. Полигон поселкеге жақын орналасқан, санитарлық-эпидемиологиялық норма сақталмаған, ара қашықтық 300 метрді ғана құрап отыр. Желді күндері ауыл маңына қоқыс қалдықтары ұшады. Жазда көңірсіген иістен тұншығамыз. Полигон аумағында қаңғыбас иттер де жүреді. Маңайына ағаш та егілмеген. Осы аумақта шошқа бағылатыны да еш ақылға сыймайды. Полигон осынша көлемдегі қоқысқа арналмаса да, қаланың бар қоқысы бізге келеді», — дейді елді мекен тұрғындары.

Красный Яр селолық округінің әкімі Нұрлан Айсиннің айтуынша, «Эко Dump» ЖШС — полигонға жауапты кәсіпорын. Қазіргі уақытта мұнда қаланың заңды және жеке тұлғалары қатты тұрмыстық қалдықтарды тапсырады. Кәсіпорын 71 мекемемен келісімшарт жасаған.

Биылғы жылдың үш тоқсанында полигонда 20 031 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар, 3657 тонна құрылыс қоқыстары қабылданған.

Фото: автор

Полигон аумағында 1 700 м3 көлемінде қоқыс жойылған. 390 түп терек, 400 түп алма ағашы отырғызылған. «Көкшеветсервис» ветеринарлық қызметімен полигон аумағынан қаңғыбас иттер ауланған.

«Полигон маңында шошқа ұстау фактісі расталды. Қазіргі уақытта мәселе шешілді. Шошқа фермасы жабылды. Элита поселкесі тұрғындарымен жиын өткізіліп, түсінік берілді», – дейді селолық округ әкімі Нұрлан Айсин.

Элита поселкесі тұрғындарының шағымына байланысты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басармасы полигонда санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу жүргізген.

Аталған ведомствоның бөлім бастығы Әсемгүл Қазизова арнайы тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталғанын айтады.

«Ережеге сай полигон елді мекеннен алыс орналасуы тиіс. Бұрын полигон 500 метр алыс орналасуы тиіс болса, жаңа ереже бойынша алшақтық 1000 метр болуы тиіс. Қаладағы «Камазинжиниринг» АҚ, «ДЭУ» ЖШС сияқты кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарының бәрі осында төгілуде. Қоқысты жинау, пайдалану, тасымалдау, сақтау, көму бойынша заңбұзушылықтар анықталды. Топырақ қабатына өндірістік бақылау жүргізілмейді. Заң талаптарын сақтамағы үшін серіктестікке 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Материалдар арнаулы органдарға жіберілді», – дейді Ә.Қазизова.

«Көкшетау тазалық» ЖШС полигонда қоқысты іріктеу желісін құруды қолға алып отыр.

«Қолға алынған жұмыстың 70 % орындалды. Жаңа жылға дейін ангар орнатылып, қоқыс осында сұрыпталатын болады. Қалдығын тапсырамыз, ол басқа жерде өңделеді. Бізге қосымша 30 гектар жер бөлінді. Жерге мемлекеттік акт алған соң қоқыс полигоны елді мекеннен алыстатылады. Қажетті құрал-жабдықтарды орнату үшін осы аумақтан 54 мың куб қоқыс шығарылды. Бұған біраз қаражат жұмсалды. Айнала түгел қоршалатын болады», – дейді «Көкше Тазалық» ЖШС абаттандыру бойынша жетекшісі Анатолий Черняев.

Қаладан шыққан кәріз құдығының лас суы да осында төгілуі тұрғындар үшін жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Көктемде еріген қармен нәжіс суы бірге ағып келеді деген қауіп бар.

«Тендер өткізіліп, осы мәселемен айналысатын кәсіпорын белгіленді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Келер жылы қажетті қаражат бөлінсе, канализациялық қалдықтар қалалық жүйеге төгілетін болады», – деп түсіндірді селолық округ әкімі Н.Айсин.

Фото: автор

Жыл өткен сайын қаладағы қоқыс полигондарының аумағы артып келеді. Шығарылған қоқыстың көлемі көбеймесе, азаймасы анық. Осы орайда тұрмыстық, өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін қолға алу керектігін айтады қоғамдық кеңес мүшелері.

«Қоқыс мәселесі Көкшетаудағы полигон жабылғаннан кейін туындап отыр. Өңірде «жасыл» технологияға негізделген қоқыс өңдейтін ірі зауыт салынса біраз мәселе шешімін табар еді. Әрине, бұған субсидия, қосымша қаражат қажет. Экологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін табиғатты қорғау полициясы да заңсыз қоқыс төгетіндермен күресті күшейтуі тиіс» , – дейді қоғамдық кеңес мүшесі Бейсембай Мәжитұлы.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ