Көкпар өткіземін деп көліктерді қиратқан қатысушыларды полиция іздестіріп жатыр

0

Қаскелең тұрғындары қаланың орталық көшелерінде өткен көкпарға наразы болды. Ұлттық ойынға қатысушылар жарыс кезінде көліктерге зақым келтірген, деп хабарлайды kznews.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде өткен демалыс күндері Қаскелең қаласында өткен көкпардың видеолары тарады. Кадрлардан қатысушылар жол бойында көкпар тартып жүргенін көруге болады. Қала тұрғындары шабандоздардың «шабуылынан» қорқып, наразы болып жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, шабандоздар тұраққа қойылған көліктерді бүлдірген: жылқылар көліктердің кей жерін майыстырып, сызаттар қалдырған. Жергілікті тұрғындар көкпардағы көптеген ойыншы оқиғаны телефонға түсіруге тыйым салып, тіпті қорқытқанын айтады.

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын айтты.

«Мамырдың 15-інде бір топ шабандоз Қаскелең көшелерінде көкпар ойынын ұйымдастырды. Көкпар аудан әкімдігімен келісілмеген. Ат ойынына қатысқан шабандоздардың қимылы қаланың бірнеше көшесінде болған. Бұл дерек Қарасай аудандық полиция бөлімінде ресми тіркелді», — деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, аудандық полицияға көкпаршылар көлігін бүлдірген 34 жастағы тұрғын арыз түсірген.

«Қазіргі уақытта ойынды ұйымдастырушы мен оған қатысушыларды анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, олар міндетті түрде жауапқа тартылады», — дейді тәртіп сақшылары.