Көк ту рухымызды көтерді

0

Тəуел­сіздік бізге Құдайдың берген сыйы. Бұл – қасиетті ұғым. Бү­гінде еліміз еңсе тіктеді. Рес­пуб­ликамызда ха­лықаралық деңгейдегі талай ауқым­ды ша­ра өткізілді. Де­генмен əлі де атқарылатын дү­ние­лер шаш етектен екені белгілі. Сондықтан біз арқаны кеңге алмай, осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізді еселей түсуіміз керек. Сол кезде мемлекет да­муы қар­қын алады. Əрине бұл оңай шаруа емес. Ол үшін еліміздің əрбір оғланы өз саласында үздік атанып, əрбір азамат шама-шарқынша еліміздің дамуына үлес қосуы тиіс. 

Спортшы ретінде еліміз Тәуел­сіздік алғаннан кейін екі бірдей Олимпиада аламанында еліміздің көк туын көтергенім әлі күнге дейін кеудемді мақтаныш кернейді. Еліміз жеке-дара мем­лекет ретінде 1996 жылғы АҚШ-тың Атланта қаласында өт­кен Жазғы Олимпия ойындарына тұң­­ғыш рет қатысты. Әлемнің ал­пауыт мемлекеттері қатысатын төрт жылдықтың басты додасына Қа­зақстан спортшылары да өзгелермен иық тіресіп, жүлде үшін таласты. Сол байрақты додада Қазақстанның байрағын ұстап шығу бақыты маған бұйырды. Алғаш рет Олимпиадаға қатысып жатсақ та, қазақтың намыс­ты ұл-қыздары 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль олжаладық. 

Төрт жылдан кейін Сидней Олим­пиадасына қатысуға жолдама алып қана қоймай, екінші рет көк туды Сидней төрінде алып шығу мәртебесі маған бұйырды. Екінші рет өз мойныма үлкен жауапкершілікті алғанымды сезіндім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев маған туды тап­сырған кезде: «Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз берген көк байрақты Сид­ней аренасында абыроймен алып өтіп, өзіңізге абыроймен әкеліп тапсырамын» деген болатынмын. Осындай уәдемен Олимпиадаға аттанып, көк туымызды абыроймен Елбасына табыстағаным әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Туды Президентімізге табыс­тап тұрғанымда ол кісі маған: «Ай­налайын Ермахан, ер екенсің! Көк туымызды көкке көтеріп, соны алтын жүлдемен маған тапсырғаның үшін рахметімді айтамын», деді. Елбасының бұл сөзі маған Олим­пиа­даның алтын жүлдесінен де қымбат болды. 

Алдағы уақытта да көк туды абы­роймен көтеретін талай саңлақ шығатынына мен кәміл сенімдімін. Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ,

Сидней Олимпиадасының чемпионы

Дереккөз: http://egemen.kz/