Ай түбіне лақтырған ақсүйегім

0

Ай түбіне лақтырған ақсүйегім

                                                                Өмірден ертерек кеткен әкем

                                                                Молдайыптың рухына

 

Биыл көктем Көкше өзені тағы арнасынан аса жаздап, қатты тасыды. Әйтсе де маңдайдан сүйген күн нұры мен алтынкүрек құшағына алар осы бір шақ Сұрша кемпірге сонау қыр астында қалған көгілдір көктемді есіне салатын.

Қатал тағдыр – асау су өткен бермес,

Ардағым, қалдың мәңгі болып елес.

Ай түбіне лақтырған ақсүйегім,

Көз алдымнан Ай бейнең кетер емес,-деп алып, «о-оһ» деп ауыр күрсінер еді. Күрсінер еді де, нақты сөзі жоқ, тіпті әні де күңгірттеу, әлде зар, әлде жоқтау, әлде сартап сағыныш… кім біліпті, әйтеуір тыңдаған жанның бойын шымырлатар әлдебір әуенді ыңылдап, үнсіз мүлгитін.

 

Кезінде «Сұрша қыз», қазір «Сұрша апа» атанған, жасы сексеннің бел ортасына шыққан ұзын бойлы, ақ сұр кейуананың биік қабағы мен қыр мұрыны, бет пішіні, бой-басы құйылған мүсіндей тіп-тік, айналасына тәкаппар күймен көз тастап қана отырар еді.

 

Осыдан 4-5 күн бұрын жалғыз бауыры Ғайыптың үйіне келіп, шүпірлеген балаларын иіскеп, мауқын басты. Қаһарлы қыста қырық шақырым жердегі Кербұлақтан жету мүмкін емес. Екі ара елсіз, таулы-қыратты, қары қалың, төтемен түскеннің өзінде ат-шаналы адамға таудан асу оңай шаруа емес.

Шалы Сайлауханның көзі тірі кезінде шанаға ат жегіп, қыс ортасында әкеліп тастап, көлігін қалдырып, өзі аудан арқылы автобуспен кері қайтатын. Сұрша кемпір сол келгеннен жаз шыға үйіне бір-ақ оралатын. Әйтеуір, боз мұнарға оранған, сағымы кілкіп, бұлдыраған көгілдір таулар, сарқыраған Көкше, одан беріректегі ақ бастау – кемпірге ыстық-ақ.

 

Сұрша бүгін ерте тұрды, жан-жағында шашылып жатқан бауырының үпір-шүпір балаларын жауып, қымтап, бір-бір иіскеп, қыңқылдай бастаған кішірек сары ұлды көтеріп, сыртқа шықты. Келіні Айжамал жоқ. Малын өріске шығарып жүр ме, қаз-үйрегін бастауға әкетті ме, көзге түсе қоймады. Үйдің батыс жақ тұсынан таңғы уақта ап-анық көрінетін тауға тесіле қарады. «Құдай-ау, дәл баяғысындай, бір өзгерсе-ші, осы таудан әрі асып түссе, шекара көрініп тұр.

 

Арғы жағында қолсозым жерде қытайлар. Тау мен екі арадағы әнебір биік жалпақ жон, иә, кәмпеске жылдары қып-қызыл қанға боялған, әлі міз бақпай, түк көрмеген, түк естімегендей боп бедірейіп жатқан сол құба жон…». Сұршаның көз алдына құба жон қаз-қалпында келе қалды. «Қазір ғой, ол арада ел жоқ, құс ұшырмас, тышқан жорғалап өтпес мықты күзет тұр. О, ол кезде қандай еді?!» Сұрша қойнындағы ұлды шапанына қымтай орап, маңдайынан иіскеп қойды.

 

Осы кенже бала Ғайыптың аузынан түскендей ұзын бойлы, сары, шашы қап-қара. Иә, Ғайыпжанды сол жолы, осыдан алпыс жыл бұрын қайнысы Керім екеуін аяқ астынан шекара асырып алып кетпегенде үйде үпір-шүпір жатқан бала-шаға дүниеде болар ма еді, болмас па еді… Иә, бәрі бір Алланың жазуы мен бұйрығы ғой.

 

Сұршаның әу бастағы есімі Айтолған-ды. Әкесі Исабай ақтылы қой мен алалы жылқыны мыңғыртып айдаған, жайлау мен қыстауға ырғалып-жырғалып қонатын, аймағына беделді, билік айтып, қара қылды қақ жарған адам еді. Бұлғаңдап өскен – Айтолған бойжете бастағаннан-ақ ел аузына ілікті. Байдың жылқышысы, әлдеқайдан бұлардың ауылына келіп қоныстанған Екейдің ұлы Жақан Сұрша қызға құлап түсті.

 

Аспанға шапшыған небір асауды жүген-құрықсыз тырп еткізбейтін Жақан алтыбақан басында осы бір әнді «Ай түбіне лақтырған ақсүйегім, Көз алдымнан Ай бейнең кетер емес»,-деп шырқата салатын-ды.

Ақсүйек… шіркін осы бір ойынды-ай. Қарулы жігіт құлаштай кеп ақсүйекті лақтырғанда Жақан да Айтолғанның қасынан табыла кететін-ді. Екеулеп қараған мен тобылғының арасынан ақсүйекті іздеген боп, оңаша қалып, ауыл жақтан жеңгесінің «Ай-а-а-а» деп әндете салар дауысын естігенде, бірін-бірі қиыса алмай, әрең дегенде үйге қарай қозғалатын. «Айтолған, әкеңнің маған деген пейілі теріс емес, талай құпия жұмыстарын маған ғана сеніп тапсырып жүр ғой.

 

Әттең, кедейлік, берер малым жоқ. Оның үстіне кірмеміз»,-дейтін Жақаны күрсініп. «Жақан, сені кедей деп қорсынып жүрген ешкім жоқ. Мені баяғыдан атастырып қойды ғой. Ақ батаны қайтіп аттаймын? Мүмкін бір амалын табармыз», — қыз да мұңайды. Дегенмен, дәл осы арада Жақан Сұрша қызбен өзін мәңгілік жалғастырар бір ойының барын іркіп қалған-ды.

Иә, ай келбетті, қапсағай жауырынды, сымбатты, өнерпаз Жақан сол бір аласапыран, қым-қуыт уақытта қызылдардың қолынан оққа ұшты.

 

Сол бір соңғы түні… ол кезде Исабай қызын Әйкен байдың Сайлаухан деген домалаңдаған торсық ұлына ұзатып, екі жастың үміт-тілегін қиып түсті. Ұзату тойының алдында ауыл жігіттері қайта-қайта алтыбақан құрып, екі күннің бірінде ақсүйек ойнаймыз деп маңай түні у-ду болып жатты. Сол күндерде Жақан мен Айтолған да ебін тауып кездесіп жүрді. Ақыры, жігіт көздегеніне жетіп тынды, Айтолғанның құрсағында Жақанның баласы кетті.

 

Сұрша келін болып түсе салысымен бір жылға жетер жетпес уақытта Рахолла атты ұлды дүниеге әкелді. Сәбидің Жақанның тұяғы екенін Сайлаухан сезді ме, сезсе де сыртқа шығаруға намыстанды ма, іштей буырқанғанын сезді. Әкесі, атасы кәмпескеге ілініп, бар дүние-мүлкінен айрылғанда, Жақан Исабай байға туған ұлындай қамқор болып-ақ бақты. «Тұщы етіме аузы түкті кәпірдің қолы тиді» деп қамшы тиген иығы іріңдеп, жағдайы төмендей бастаған байды бәрібір Қытай асыру үшін жанталасты.

Ақтар мен қызылдар алмасып, берекесі кеткен ауылдың бас көтерері Исабай бай бар алтын-күмісін Жақан екеуі бір таудың қуысына, теріге орап, тығып келгенін де еміс-еміс естігені бар.

 

Исабайға бір жүйрікті жаратып, тау асырып жіберуге бел байлаған Жақанның өзі де сол түні жер жастанды. Исабайды жүйрік торыға көтеріп мінгізіп, ауылдан енді аттандырам деген уақытта 4-5 қызыл әскер сау етті. Исабай отырған торы атты қамшымен тартып үлгірген Жақан сәл кештеу қалды.

 

Атылған оқ құлақ шекеден тиіп, аттан ауып түсті. Исабайдың жүйрігі тау жақты бетке алып, шаба жөнелді.

Ауыр ыңырсыған Жақан Сұршаға ентіге қарап: «Саған әзірлеген бәйге құнан Көктөбенің астында шідерлеулі. Екі баланы, Рахолланы алып, арғы бетке ас. Ол жақта бәрін де орналастырдым. Әкеңе қарайлап кешіктің ғой, енді ештеңе күтпе. Қайын атаң, ауылың қоныстанып қалды. Енді асыға гөр, мыналар сені де тірі қоймайды»,-деді үздігіп. Сәлден соң: «Айым, шыныңды айтшы, Рахолла менің балам ғой» деп қиыла қарады. Сұрша селк етті, адам түгілі өзінен жасырып келген сыр аузынан қалай шығып кеткенін сезбей қалды, басын изеп: «Иә, иә, екеуміздің баламыз» деген сөзді Жақанды еңірей құшақтаған күйі сыбырлай айтты. Осыны күткендей Жақан да сылқ етті.

 

Аспан айналып жерге түсті ме, жер қақ айрылды ма?! Маңайы қара түнекке айналған Айтолған шыңғыра талып құлады. «Ой-ой, жалған дәурен-ай». Сұрша кемпір ауыр күрсініп, көзіне жас тола көк мұнар тауға қарады. «Сен бәріне куә едің ғой, көк тау. Әлі мыңқ етпей тұрсың». Содан көп уақыт өтті-өтпеді, Исабайды қуып кеткен әскер қарқылдай күліп, қайта оралды. «Байды қатырдық» десті олар.

Сұрша әкесінің де тау арасында оққа ұшқанын сезді.

 

Бір таңда келген қос қайғы Сұршаны екі бүктеп кетті. Шашын жайып жіберіп, жоқтау айтып, бебеуледі… «Әкем үшін, Жақаным үшін, оның артында қалған тұяғы үшін осы істі орындауға тиіспін. Қайткенде де үш баланы аман-есен арғы бетке алып өтуім керек». Оған дейін әкесі мен Жақанның бетін жауып үлгерер.

…Есін жиып, белін бекем буған Сұрша бауыры Ғайып пен қайнысы Кемерді, төрт айлық Рахолласын алып, бәйге құнанмен шекарадан асып өтуге бел буды. Бүгін түн үлгірмес, ертеңгі түн кету керек. Басқа амал жоқ. Түс әлетінде құба жонды шолып қайтты.

 

Екі ара тауға дейін төрт-бес шақырым, құба жон мен ауыл арасы жазық, бір жарым шақырым. Бірақ кісі бойы тікенекті қарағаны мен тобылғысы қалың, жасырынып жатуға ыңғайлы-ақ жер. Рас болса, жонның үстінде зеңбірегі құрулы қызыл әскер. Осыдан жарты ай бұрын улап-шулап шекара аспақ болған біраз адамды зеңбірекпен баудай түсіргенін естіген-ді. «Көзге түссек бітті, қиып түседі. Бірақ, осы үш баланы алып өтсем…

 

Алла жар болсын!». Іштей осыған бекіген Сұрша он бір-он екілердегі екі ұлдың үстіне екі шекпен беріп, таң қараңғысында жонның батыс тұсындағы бытыса өскен екі қалың қарағанның түбіне жасырып кетті. «Екі қарағанның ортасынан шауып өте бергенде, екеуі екі жағымнан шығуға ыңғайлы жер»,-деп ойлады іштей. «Дыбыстарың шықпасын, мына құртты қарындарың ашқанда бір-бірлеп жеңдер. Күн батқаннан кейін жұлдыз жамырар шақта бәйге құнанмен осы екі қарағанның арасымен шауып өтемін. Екеуің екі қапталдағы үзеңгіге қол іліктірсеңдер болды.

 

Екі-үш шақырымдай атқа ілесе алсаңдар, көрер жарықтарың алда. Тек мықтап ұстаңдар. Ат бауырында сүйретілерсіңдер, мүмкін ере жүгіріп отырарсыңдар. Оны көрерміз. Ал, күні бойы бас көтермей жатыңдар. Кешке ұйықтап кетпеңдер».

 

Екі ұл төмен қараған күйі үнсіз келісті. Сұрша екеуінің де ат құлағында ойнайтындарын жақсы біледі. Екеуі түнделетіп Әйкен мен Исабайдың жылқы, қойын бірнеше күн күзетісіп, шекара асырып, ересектермен бірге кетіп, бұған қарайлап, қайта оралған түрлері ғой. Жолай Көктөбенің көзге түспес жерінде шідерлеулі бәйге құнанды амандап қайтты.

 

Ауылға білдіртпей келіп кірген Сұрша киіз үй іргесіне көміп тастаған жүні тықырлап алынған қой терісін тауып алды. Жолға киер киімін, азығын әзірледі де, әкесін жоқтап жатқан кейіп танытып, басын орап алып, теріс қарап жатып қалды.

 

Көктемнің күні де еңкейді-ау. Қара жамылған ауыл тым-тырыс. Тек түс ауа бірер кемпір келіп, мұның қасында бірауық отырған болды. Күн бата Рахолланы емізіп, қоржынға киіз, қайыс, тері, тағы оны-мұнысын салып, жолға әзірленді.

 

Қақпағы ашылып-жабылған сайын сыңғырлаған үн шығаратын төрдегі шағын сандығын абайлап ашып, әкесі жасырмай алып қалған тай тұяқ алтын мен неше атадан бері сақталып келген, дүниеден көшерде анасы өзіне аманат еткен қос бірдей құйма сом, ирексу оюлы алтын білезік, бірнеше қапсырма, шолпы, жақұтты алқа, қолдан соққан жүзіктерді қолымен сипалады. Оларды үлкен бір қалтаға абайлап салып, қойнына тықты. Жат жерде әлдеқандай күн туа ма… Қажет болар».

Көктемнің қоңыр самалы желпіген тып-тыныш кеш.

 

Босағадан әкесі мен Жақаны жерленген қорымға бет түзеген күйі күбірлеп құран оқыды. «Әкетайым, заманымызды тоз-тоз етті. Кісі қолынан кеттің. Жақан, сен өмірдегі ардағым, арманым ең. Қайтейін, әкенің ақ батасын аттай алмадым. Мен жат елге бет бұрдым. Сапар қатерлі. Қандай қиындық кездессе де Рахоллаңды аман сақтаймын, сенің көзің ғой. Қайыр, қош. Аруақтарың жебесін!»,-деп бет сипады.

 

Соңына қызыл арайын қалдырып, күн де ұясына батты. Жылы ауа бетке жайлы тиеді. Көрші-қолаң, кедей-кепшік бөтен ойламасын деп, есік көзіндегі ошақтағы қазанға су құйып, астына мол етіп, тезек қалады. Қас қарайып, ел орынға отырды-ау деген мезетте Рахолласын қолына алып, қоржынды иығына асып, бәйге құнан тұрған төбені бетке алды. Әлденені сезгендей, торы да елегізіп тұр екен, мұны көріп оқыранды. Жанталасып жүріп, төрт аяғына әзірлеп әкелген киіз «байпақты» кигізіп, сыртынан мықтап тұрып қайыспен шандыды.

 

Беліне қой терісін байлап, көлденеңінен баланы жатқызып, оны да байлап тастады. Әудем жердегі тасқа барып, торыға мінді. Ауылдан әбден ұзағанша желе жортып отырды да, аздан соң торының жалына еңкейе жабысып, тізгінді қоя берді. Міне, міне, қос ұл жатқан қос қараған… Екеуінің ортасынан өте шығуы тиіс.

 

Еңкейген күй айналаны шолып келеді. Шекара тұс тыныш секілді.

Бағана аңғармаған ба, түнгі аспанды қою қара бұлт жапқан тәрізді. Кедей үйдің киізіндей ара-тұра жалбыр бұлттар арасынан жұлдыздар жылт-жылт етеді. «Иә, сәт, бұл да Алланың көмегі». Жүрегі шым-шым етіп, аузына тығылды. Қарағанға жақындай бере тізгін тартты.

 

Он шақты қадам қалғанда екі тұстан «апайлаған» екі бала атып тұрды. «Қалқаларым-ай, бар екенсіңдер ғой». Келіскендей екі бала екі үзеңгіге жармасып үлгерді. «Ал, жүгіріңдер, қалып қоймаңдар» деді ентіге сыбырлай. Бір қолы тізгінде, бір қолы торының жалында қарысып қалғандай болды.

 

Дүңк-дүңк, дүңк-дүңк…жүрегінің дүрсілі ме, киіз «байпақты» бәйгенің тұяқ дүрсілі ме?! Желе шауып шекараға жақындай түсті. Міне, сызыққа жүз қадамдай… күзет пен зеңбірек осы тұста болу керек, жетпіс, жиырма, он қадам, ағызып өте шықты. Дес бергенде екі бала бірде сүйретіліп, бірде жүгіріп, жанұшырып, ілесіп-ақ келеді.

 

Өзінің бауыры Ғайыбы жүйрік-ақ, талай рет шауып келе жатқан аттан секіріп түсіп, қайта мініп, ат үстінде тік тұрып, диірменнің доңғалағындай зыр айналатын. Сондықтан Ғайыптан қауіп жоқ. Ал, мына қайнысы, домалаңдап, әбден қара терге малшынды. «Шыда, шыдаңдар, аз қалды».

 

…Дәл қарсы алдынан бұрылыс кездесті. Оң жағы ойма жар. «Әттегене-ай, жазым болмасақ етті». Ойлануға, тоқтауға үлгірмеді, көзінің оты жарқ етті. Салдыр-гүлдір, жер шайқалды ма, тау қақ айрылды ма?! «Өлдік-ау…». Сәлден соң есін әрең жиды.

 

Қайран, бәйге торы ақылды жануар екен, жалт бұрылып, екі жағындағы балаларды тас үстімен сүйрете-мүйрете бұрылыстағы дөңкиген алып тастың үстіне атып шықты да тұрып қалды. Ентігіп, пысқырып, көзі шатынап, екі бүйірін соғып тұр. Айтолған есін жияр-жимастан жанталаса балаларды іздеді. «Барсыңдар ма?» Екеуінде де үн жоқ. Қорқыныш билеп алған.

 

Үсті-бастары өрім-өрім.

Ойма жарға домалап кетіп, жазым болды ма деп еді, әйтеуір бар екен. Денелеріне ат тұяғы тисе де қауіпсіз, киіз – тұяқтай қатты емес қой. «Ойпырмай, белдегі бала не болды, басы ұшып кеткен жоқ па?» Сипалады, дыбысы жоқ, нәресте болса да әлденені сезгендей, тым-тырыс, әйтеуір ол да аман, тыныстап жатыр.

 

Бір қорқыныш, бас амандығы — бір қуаныш – ат жалын құша еңкейіп сыңсып жылап жіберді де, іле басын көтеріп алды. Есін жиып, баяулап тастан түсіп, қайтадан желе жортып, шаба жөнелді. Уілдеген жел, бетке тырс-тырс тиген жаңбыр тамшысы… қап-қара бұлтты аспан бірте-бірте жақындап, төніп келе жатқандай. Қарсы беттен найзағай жарқ-жұрқ етті. Көктемнің алғашқы жаңбыры, жарықтық, жақсылыққа бастай гөр!

 

Бұлар осы бетпен шекараның арғы тұсындағы тауды бөктерлей тағы жарты шақырымды артқа тастады. Боз беткейге жеткенде Сұрша қос қапталына кезек бұрылып, «енді қалыңдар, кеш қарая өзім келіп алып кетемін» деуі мұң екен, әл-дәрмені құрыған екеуі қолдарын босатып, домалаң ете түсті. Едел-жедел азық салынған қоржынды ағытып алып, екеуіне қарай лақтырып жіберді.

Осы бәйге құнанды құлын кезінен Жақан өзі баптаған болатын. Құнанмен жылқыдан Сұршаға келетін. Бастапқыда үркек еді, кейін әбден бастырылыпты, иесінің тақымынан-ақ ойын біліп отырады. Сүйретілген екі баладан да шошымай, шауып отырды емес пе?!

 

Басқа жылқы болса, екі баланы екі жаққа теуіп, лақтырып, өзін де жарға жығып кетер ме еді… «Айналайыным, Жақаным…» тамағына өксік кептеліп, көзінен моншақтап жас төгілді. Егіле бүктелді. Бұл – Айтолғанның жиырмадағы кезі еді.

 

… Иә, жат жұрттың ортасындағы тұрмыс анау айтқандай тәтті бола қойған жоқ. Тірі тірлігін жасайды. Әйтеуір, Айтолған Рахолладан кейін екі қыз, бір ұлды дүниеге әкелді. Ғайып бауыры да ат жалын тартып азамат болды, Үрімшіде татар байларының жұмысына жегілді. Айжамалға үйленіп, отау тікті, үбірлі-шүбірлі болды.

 

Исабайдың ұрпағы жалғасты. Жақанның тұяғы Рахолласы да аман-есен ер жетті, отбасын құрды. Қаншама жыл өтіп, өзекті өртеген мұң, атамекенге деген уайым, сағыныш сартапқа айналып, үміттің жібі үзіле бастаған шақта тәңір иіп берді. Көшті туған жерге бұратын шуақты шалқар шақ та жетті-ау…

«Ойласам, мына дүние жалған екен, Артында бәрінің де қалған екен…» Осы әнді ел қазақтары жинала қалғанда шалқып-тасып, артта қалған атамекенді еске алысып, қиыла шырқаушы еді. Сағыныштан, мұң мен зардан адам өзгерер, бірақ соның бәрін көтеріп тұрған қара жер, куә болып тұрған табиғат өзгермейді екен.

 

Бәрі-бәрі сол баяғы қалпынша, өзгерген тек заман ғана, уақыт қана, сосын қазір кемпірге айналған Айтолған қыз. Бәрі өтті, кетті, кері айналу жоқ. Қайран Жақан… оған да заманның оғы тиіп, жер жастанды. Соңында Рахолласы мен жиі шырқайтын әні «Ақсүйек» қалды жаңғырып.

 

Сұрша кемпір жас толған көздерімен алыстан мұнартқан көкшіл тауларға мұңая қарады. Қазбауыр ақша бұлттар көгілдір аспанда қалқып барады. Бұл – жарықтық сәуір ғой, көктемді ілестіре келген. Баяғыда-а-а, қыр төсіндегі қар еріп, бастау-бұлақтар сылқ-сылқ күле бастағанда бұлар әрнені бір сылтауратып, алтыбақанға шығатын, ақсүйектің қызығына бататын.

 

…Мұз көбесі сөгіліпті, Көкше буырқанып-ақ жатыр. Құлағына Жақанның ай астында шырқап салған әні келді:

«Ай түбіне лақтырған ақсүйегім,

Көз алдымнан Ай бейнең кетер емес…»

 

              Сая МОЛДАЙЫП.


Дереккөз: https://massaget.kz/