«Кланның әлсіреуі». Назарбаев туысының ұсталуы нені білдіреді?

0
5528

Қазақстанда отыз жыл бойы ең ықпалды саналған әулеттің мүшесі — экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды. Жемқорлыққа қарсы қызмет оның үстінен аса ірі көлемде ақша ұрлау бабымен іс қозғаған. «Мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірген-келтірмегенін» де тексеріп жатыр. Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталуын президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Назарбаевтың «саяси саудасы» деп санайтындар бар.

Бұл туралы kznews.kz сайты Azattyq порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Әскери форма киген төрт қызметкер есігі ашық шағын автобусты жан-жақтан күзетіп тұр. Бірінің тапаншасы көрінеді. Көлік ішінде қара күртеше киген бір адам басы салбырап отыр. Ол — Қазақстанды 30 жылдай билеген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы. Жемқорлыққа қарсы қызмет ұстау операциясы кезінде түсірілген бұл суретті кім таратқанынан хабарсыз.

13 наурызда Сатыбалдыұлы лауазымын асыра пайдалану және елдегі ең ірі байланыс операторы — «Қазақтелекомнан» аса ірі көлемде қаржы ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істе күдікті ретінде ұсталды. Ол уақытша тергеу изоляторына қамалған.

14 наурызда журналистерге сұхбат берген жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Олжас Бектеновтің сөзінше, Сатыбалдыұлы Алматы әуежайында ұсталған. Ол «Дубайға ұшып кетпек болған».

Жемқорлыққа қарсы қызмет Сатыбалдыұлының «мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын» хабарлады. Бұл іс бойынша да, байланыс операторынан қаржы ұрлау ісі бойынша да бұдан басқа ақпарат жоқ.

ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ, ПАРТИЯ ХАТШЫСЫ ҺӘМ БАНК ИЕСІ

51 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы — Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған.

Сатыбалдыұлы еңбек жолын 1991 жылы мемлекеттік қызметтен — Ұлттық қауіпсіздік қызметінен бастап, 35 жасында генерал атанды. Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2000), KazakhOil компаниясының вице-президенті (2000-2003), «Қазақстан темір жолы» компаниясының бірінші вице-президенті (2005-2006) болған. 2010-2015 жылдары немере ағасы басқарған «Нұр Отан» партиясының хатшысы болды.

2015 жылы Kaspi.kz холдингінің негізін қалап, 90 пайыз акциясына иелік етті. Бірақ кейін үлесі азайып, үш жыл бұрын, ресми дерек бойынша, акцияларын түгел сатып жіберді.

Бірақ Азаттық Қайрат Сатыбалдыұлының Қазақстандағы капиталын шетелдегі оффшорлық компания арқылы басқаратынын анықтаған. Былтыр көктемде Назарбаевтың немере інісімен аттас, туған күні де бірдей азамат Люксембургте тіркелген Skyline Investment Company S.A. атты оффшорлық компания арқылы «Қазақтелекомның» 24,46 пайыз акциясына ие екені әшкере болды. 2018 жылдың қаржы есебі бойынша, компанияның жалпы активі 266 миллион доллардан асады. Бұған дейін де Қайрат Сатыбалдыұлының ең ірі байланыс операторына қатысы бары белгілі еді: 2016 жылы кәсіпкер Alatau Capital Invest компаниясы арқылы «Қазақтелеком» компаниясының 3,4 пайыз акциясын сатып алған.

Кейінгі жылдары Сатыбалдыұлы ислам дінін уағыздаушы ақын-жыршылармен бірге жиі көрініп жүрді. Қызының тойына ондаған мың доллар тұратын торт қойылғаны сияқты аста-төк өмірінің көріністері ара-тұра жария болып жатады.

Биыл Азаттық Қайрат Сатыбалдыұлының Алматыдағы ең қымбат жердің біріндегі зәулім сарайын анықтаған. 2012 жылға дейін сүт фермасының жері болған 12,5 гектар аумақта бұдан өзге көлемі әртүрлі бес коттедж бен бір қабатты ағаш үй бар. Аумақта балалар ойнайтын жер мен спорт алаңқайы, тікұшақ алаңы жасалған. Бұл сарайлардың иесі ретінде Әсел Бақтиярқызы көрсетіледі. Ол — Қайрат Сатыбалдыұлының «әйелі». Әсел Бақтиярқызының есімі Сатыбалдыұлына қатысы бар компаниялардың құрылтайшысы ретінде де жиі аталады.

Жалғасын Azattyq сайтынан оқи аласыздар!