Кезектен тыс Президент сайлауы: Әкежан Қажыгелдин саяси реформаға 11 түрлі ұсыныс жасады
БАҚ-та елді «Кезектен тыс Президент сайлауы» өтсін деген атпен Әкежан Қажыгелдин өз ұсыныстарын жарияланды. «Еліміз бен қоғамды таяу жылдары өзгертуге арналған 11 ұсыныс» деп аталады екен
1) 2019 жылғы Назарбаев пен Тоқаевтың қызмет алмасу келісімі іске аспады. Назарбаев Тоқавты алдады — биліктен кетпеді. Тоқаевтың түбегейлі реформалар жасау қолынан келмеді. Енді, Қазақ мемлекеті мен оның институттарын қайта жасақтаудан басқа амал жоқ.
2) Назарбаев пен оның серіктестері жерімізді жалға беріп, қазақты ата-мекенінен айырып, қаңғыртып жіберу ниеті бар екені анықталды. Жер қорғаудың бас батыры Макс Бокай түрмеден бостандыққа шықты. Билік оны халықтан оқшаулай алмайды.Оның ұраны: «Жаңа Конституция!Жаңа саяси құрылым!»
3) Тоқаев есі болса, әлде де кеш емес, қолындағы құзырын пайдаланып, Жалпы Ұлттық Құрылтай шақырсын. Жаңа Конституция мен жаңа саяси құрылымдарды жасақтауға жол ашсын!Арон Атабекті түрмеден шығарсын! Сүйегі қурап қалған Рахат Әлиевтің бұйрығымен сотталған азаматтарды және жеңіл қылмыс жасағандарды түрмеден босатсын (оларды Ковид-19 індетінен аман алып қалу үшін).
4) Назарбаев 2005 жылы биліктен кетіп, тізгінді басқа біреуге беруі керек еді. Сол уақыттан бастап жағдайымыз күрт өзгеріп жақсаратын еді. Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқадиловтер тірі қалар еді. Назарбаевты әділ жаза күтіп тұр. Ал, Тоқаев, жазаланбас үшін, Назарбаевтың қателіктерін қайталамасын.
5) Назарбаев шексіз диктатура орнатып, халықты бақытсыздыққа әкелді. Дариға мен Рахат Әлиевтің жөнсіздіктеріне көз жұмып қарады. Отбасы мүшелерінің азғындығына әкелді. Назарбаев өзінің жасаған қылмыстарына жауап беруден қорқады, сол себепті биліктен кеткісі келмейді.Салдары, елімізді кем дегенде 15 жылға артқа лақтырып тастады. Тағы бір салдары: Тоқаевтың сайлауды 50:50 сайлау үлгісін енгізіп, оппозициялық партиялардан кандидаттарды қатыстырамын деген уәдесі құр бос сөз болды. Оның уәделеріне сенетін халықта уақыт та қалмады. Елді басқару формалары мен территориялық құрылымдарды құруды, соттарды, облыстық, қалалық, аудандық әкімдерді сайлауды халық өз қолына алады.
6) Қол бала рөліндегі Ассамблеяны тарату керек. Басқа этностар елден бөлектенбесін, басқалармен тең құқықта қала береді. Шыңжандағы азшылықтағы қандастарымызды қорғай алмағаны билікті қарабет етіп отыр.
7) Назарбаев Тоқаевқа сенбейді. Сондықтан өзінің сенімді адамдарын парламентке, жергіікті әкиматтарға сайлау арқылы тағайындауды жалғастырды. Оған Тоқаевтың берген гарантиясы емес, халықтың берген гарантиясы сенімді болады. Ол үшін биліктен өз еркімен кетсін, туыстарын бірге ала кетсін. Сонда ғана, Жаңа Конституцияны референдуммен қабылданғанда ғана оған гарантия беріледі.
Тоқаев тарихта жақсы атпен қалам десе, Жаңа Конституцияны халық талқысынан өткізіп, билікті халықтың өзіне қайтарсын. Кезектен тыс президент сайлауын әділдікпен өткізуді заңмен бекітсін.
8) Қазақстан бір адамның уысынан шығарылып, парламенттік республикаға айналады. Біз Алматы мен Қаскелеңнің парламентінен құтылып, Қазақстанның төрт құбыласын қамтитын барлық облыстардан жиналған депутаттардан парламент құрамыз. Осындай саяси шаралармен көпжылғы қордаланған әлеуметтік- саяси-экономикалық проблемаларды шешеміз. Жаңа парламент, президент, Үкімет қызметтерін ең алдымен ел байлығын әділ бөлуімен, шетелдегі биліктегілердің ұрлап-жасырған миллиардтарын елге қайтаруымен ерекшеленетін болады.
9) Егер Назарбаев және оның нөкерлері, отбасы мүшелері, күйеу балалары, немерелері, жиендері шетелдегі қаржыларын елге қайтарса, әр Қазақстан азаматына айына 200-300 доллардан тұрақты төленіп тұратын заң шығарылып, кедейлікпен күрес басталады.
Тағы айтарым азаматтарымызға «Халық IPO» дегенге мүлде қатысуға болмайды. Бұл дегеніміз халықты алдау. Өткен жолғы мемлекеттік меншікті жекешелендіріп талан-таражға салғандарын жасырудың айласы. Ұлттық байлықты бөлісудің, бұрын тексерілген ең әділ жолы-суверендік (дербестік) және зейнеткерлік қорлар арқылы бөліске салу жолы (бенецифиар болу арқылы).
Үлгі ретінде Норвегияны алайық. Оларда 1990 жылы Ұлттық молшылық қоры құрылыпты. Олардың халқы 5 миллион (бізден 4 еседей аз), мұнай шығарып табыс табады (бізден бір неше есе аз өндіреді). Мұнайдан түскен табыстан әр норвегиялықтың есеп – шотына ақша түсіп тұрады. Қазір әрбірінің есеп-шотында 190 мың доллар ақшалары бар. Қайда біздің мұнайдан түскен пайда үлесіміз?!
10) Әлеуметтік салаға қызмет етуге тиіс «Самұрық-Қазына» мен Бірінші Президент қорларындағы құпия ақшалар қайда? Ақпараттар ағымында ол қаржылар Сингапур, Гонконг, Біріккен Араб Эмираттары мен басқа мемлекет банкілерінде сақтаулы көрінеді. Қожасы-Назарбаевтың бір өзі.
Таяу келешекте осы қаржыларды мемлекетке қайтаратын (национализация) және жаңа парламентте құрылатын комиссияның бақылауына алатын боламыз. Осы комиссияның мүшелерінң портреттері мен аты жөндерін әрбір азамат білетін болады. Бұл тек жаңа парламенттің сайлауын өткізгеннен кейін болады.
11) Біз Ортақ коолицияға бірігіп, мерзімінен бұрын өткізілетін президенттік сайлауда қалайда болса жеңіске жетуіміз қажет. Сонда ғана елдегі кедейшілікті жоюға кірісеміз. Ал, қазір сол келешектегі сайлауға дайындалалмыз. Сайлауға бойкот жариялау (қатыспа деу) — халық жауларының айласы. Тактикамыз-халықтың атынан екі кандидат таңдап президенттік сайлауға саламыз. Әр дауыс есепте және бақылауда болуы шарт. Әрбір облыстың орталығында сайлаудан біраз бұрын құрылған 5 мыңнан аса белсенділері мен агитаторлары ұйымдастырылады (ячейкалары). Ал, Астана мен Алматыда сәйкесінше 20 мың және 50 мың бақылаушылар болады. Сайлау тәртібі бұзылған жағдайда жаппай наразылық митингілеріне шығу керек (Ресей мен Беларуссия үлгісімен).
Дат газеті. 11/02/2021 Ақпан тезисін жазған Әкежан Қажыгелдин